Балаларға арналған 3 кітап жарық көрді
«Қасиетті қазына», «Ақмешіт», «Бармақбайдың басынан кешкендері» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманқос Ершуовтың туғанына – 80 жыл. Атаулы күн аясында ақын шығармашылығын насихаттау мақсатында еліміздің өңірлерінде бірқатар әдеби іс-шаралар өткізілді. Республикалық деңгейде эссе жазу, облыстық көлемде жазба ақындар мүшәйрасынан бастап, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Сондай шаралардың бірі елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақынның «Қасиетті қазына», «Ақмешіт», «Бармақбайдың басынан кешкендері» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Қаламгердің «Ақмешіт» кітабына оның парасат биігіндегі поэмалары мен өнегелі эсселері топтастырылса, «Қасиетті қазына», «Бармақбайдың басынан кешкендері» атты кітаптары кішкентай оқырмандарға арналған.
Қаламгердің балаларға арналған шығармаларын жинақтап, баспаға ұсынған – қаламгердің қызы, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Аманқосқызы.
– «Қасиетті қазына» кітабына әкемнің жас ұрпақтың санасына ұлттық тәлім-тәрбие беріп, салт-дәстүріміз бен қазақ табиғатын өлеңмен ұғындырып, өлеңмен тәрбиелеу саласында жазған туындылары еніп отыр. «Қасиетті қазына» кітабын мектеп жасындағы балаларға арналған ұлттық таным-түсінік пен әдептілік әліппесі деуге болады. Бұл кітап «Жеті қазына – бағалы», «Салт-дәстүрлер сабағы», «Қағиданың талабы», «Ұлттық ойын озады» деген төрт бөлімнен тұрады, – деді ақынның қызы.
Маржан Аманқосқызы әкесінің жарық көрген және қолжазба күйінде қалған өлеңдерін жинақтаған. Алғашында үш томдық өлеңдер жинағын шығарғысы келеді, кейін ойланып, бес поэмасы мен эссе-мақалаларын біріктіріп, «Ақмешіт» деген кітабын шығарады.
Аманқос Ершу балалар әдебиетінде қолтаңбасы қалған ақын.
«Әкем кезінде Баспа комитетінің балаларға арналған жабық бәйге конкурсына екі рет қатысып, жүлде алған. Сол кезде жүлде алған шығармалар көркем безендіріліп, баспадан кітап болып шығатын дәстүр болған. Тоқсаныншы жылдардың соңында әкем бала ұғымына лайықтап ұлттық тәрбие бағытында тыйым сөздер, салт-дәстүрді насихаттау бағытында қысқа жырлар жазады. Олар жеке жинақ болып шыққан жоқ еді. Осының бәрін ойлап, балаларға арналған өлеңдерін екі кітапқа топтастырып, «Қасиетті қазына», «Бармақбайдың басынан кешкендері» атты көркемсуретті кітаптарды 500 данамен шығардым», – дейді ақынның қызы.
«Қасиетті қазына» кітабында ақын ұлттық тәлім-тәрбиені, салт-дәстүр мен қазақ табиғатын жас ұрпақтың санасына өлеңмен өрнектеп жеткізген. Бұл кітапты мектеп жасындағы балаларға арналған ұлттық таным-түсінік пен әдептілік әліппесі деуге болады.
«Бармақбайдың басынан кешкендері» жинағында автор ауыл тақырыбы төңірегінде толғанып, балаларға төрт түлік мал, ер қанаты-жылқыны, түйе мен сиыр, қой туралы жырлай отырып, ауыл өмірін, төрт түліктің қасиетін алуан қырынан таныстыруды мақсат етеді. Сондай-ақ кітапқа ертегі-аңыздар, батырлық жырлары, жұмбақтар мен жаңылпаштар енген.