Қызылорда облысында білім бөлімінің қызметкерлері 200 млн теңге жымқырған

Сондай-ақ жалған еңбекке жарамсыздық парағы мен іссапар шығындары бойынша бюджет қаражатын жымқыру схемасы әшкереленді.

Қызылорда облысында білім бөлімінің қызметкерлері 200 млн теңге жымқырған
gov.kz
1065

Қызылорда облысының прокуратурасы Жаңақорған аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлады Turkystan.kz.

Прокурорлар бюджет қаражатын білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін тұлғалардың есепшотына заңсыз аудару фактілерін анықтады.

«Сондай-ақ жалған еңбекке жарамсыздық парағы мен іссапар шығындары бойынша бюджет қаражатын жымқыру схемасы әшкереленді.  Аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларының әрекеттерінен келтірілген шығын жалпы 200 млн теңгені құрады», - делінген облыстық прокуратура таратқан хабарламада.

Аталған дерек бойынша облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Айта кетейік, бұған дейін прокурорлар сол аудандағы мектептердің есепшілері мектептерде жұмыс істемейтін тұлғалардың есеп-шоттарына заңсыз ақша аударып, жымқырғанын анықтаған болатын. Оларға қатысты қылмыстық істер сотқа жіберіліп, кейбіріне қатысты айыптау үкімі шығарылды.

Серіктес жаңалықтары