Тәуелсіздік және тарихтың жаңа парақтары

Жалпы, 30 жыл ішінде түрлі салада, өнер­де, мәдениетте жеткен жетістігіміз аз емес. Оны тізбектеп тауыса алмасымыз анық. Өткеніміз ешқашан өшпек емес. Ал ен­дігі негізгі мақсат, басты міндет – тәуел­сіздігімізді сақтап қалу, еліміздің тұғырын биік­тетіп, алға қарай ұмтылу.

Тәуелсіздік және тарихтың жаңа парақтары
Сурет: ҚФФ
1529

16 желтоқсанды енді мемлекеттік мереке ретінде атап өтеміз. 30 жылдан астам уақыт бойы елдің бас мерекесі болған бұл мейрамның бұдан былай мән-мағынасы өзгерді. Той тойлап, мерекелеуден бұрын тәуелсіздік құрбандарын еске алып, өткенімізді саралап, бүгінімізді бағдарлайтын күн болмақ.

Қазақ елінің егемендік алып, өз алдына еркін ел бол­ған күн – әр азаматтың жүрек түпкірі, көкірек көм­бесінде сақталған ең аяулы да қастерлі оқиға. Ата-ба­бамыз аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, аманаттап қал­дырған ұлан-байтақ жеріміздің шекарасын ше­ген­дедік. Әлемнің саяси картасында алып жаңа ел пайда бол­ды. Азаттығымызды ең бірінші мойындаған және ба­ға берген – Америка Құрама Штаттары. Ал тұңғыш ел­шілік ашқан Түркия болды. Осылайша, төрткүл дү­ниемен дипломатиялық қарым-қатынас орната бас­тадық.
Тәуелсіздік алған соң бір жылдан кейін Алматы қа­­ласында Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өт­кізілді. Бұдан кейін қандастар үшін алғашқы жыл­дық квота тағайындалып, атамекеннен жырақтағы 10 мың отбасы атажұртқа қоныс аударды. Осылайша, қан­дастарымыздың тарихи Отанына оралуы тәуел­сіз­діктің ең үлкен, ерен жетістігі болды. 
Ал 1993 жылы тұңғыш Ата Заңымыз қабылданды: тәуел­сіз Қазақстан тұңғыш Конституциясын жария­ла­ды. Ең алғашқы басты құжаттың қабылдануы – тәуел­сіздік жылдарындағы елеулі оқиғалардың бірі. Еге­мендігіміздің белгілері – Әнұранымыз, Туымызды, Ел­таңбамыз бекітілді.
1993 жылы Ұлттық валюта – теңге қол­­­данысқа ен­ді. Биыл теңгеміздің 30 жыл­дығын кең көлемде атап өттік. Ұлт­тық валютамыз жаңа заман, цифрлық дәуір та­балдырығын аттағалы отыр. Ал­тын валюта қорын құр­дық, болашақ ұр­пақ­тың игілігі үшін Ұлттық қор құр­дық.
1994 жылы бір топ қазақстандық сту­дент алғаш рет «Болашақ» бағдар­ла­масы ая­сында шетелдік жо­ғары оқу орындарына жі­берілді. Бүгінде «Болашақ» тү­лектері елі­міздің өркендеуіне үлес қосып жүр. 

Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде ал­­ғаш рет 1994 жылы Норвегияның Лил­­лехам­мер қаласында өткен XVII қыс­қы Олимпиада ойындарына қатысты. Со­дан бері олимп шыңында көк байрағы­мыз желбіреп келеді. 
Жаңадан астана салдық. Астанамыз 25 жыл ішінде басқа елдердің елорда­ла­ры­мен терезесі теңескен шаһарға айнал­ды. Дүниежізілік EXPO көрмесінен бастап түрлі саммиттер мен маңызды жиындар өтіп келеді.
Жалпы, 30 жыл ішінде түрлі салада, өнер­де, мәдениетте жеткен жетістігіміз аз емес. Оны тізбектеп тауыса алмасымыз анық. Өткеніміз ешқашан өшпек емес. Ал ен­дігі негізгі мақсат, басты міндет – тәуел­сіздігімізді сақтап қалу, еліміздің тұғырын биік­тетіп, алға қарай ұмтылу. 

Әділетті Қазақстан 

Кейінгі екі жылда елдегі түбегейлі өз­герістер туралы жиі айтыла бас­та­ды. Жаңа, әділетті мемлекет құру басты мақ­сат деп белгіленді. Өзгерістер легі бас­­­­талып та кетті. Ең негізгісі – былтыр 5 мау­сымда өткен референдум болды. Ре­фе­рендум нәтижесінде 1995 жылы 30 та­мыз­да жалпы дауыс беру арқылы 98 баптан тұра­тын Ата Заңның үштен бір бөлігі жаңаратын болды. Президент Конс­ти­туция­лық реформа еліміздің мемлекеттік құры­лымының тұғырын нығайтатынын, аза­маттық қоғамның дамуына жол ашып, жалп­ыұлттық диалогты орнықтыратынын айт­ты. Яғни, бұл қадамдар халықтың әл-ау­қатын арттыруға және еліміздің бола­ша­ғына ықпал етуге тиіс. 
Конституциялық реформалар қолға алын­ғанда, заң өзгеріп, бастамалар құ­қық­тық тұрғыдан негізделмесе, барлығы бе­кер екені айтылған болатын. Себебі заң өзгермей, заңның солқылдақ тұстарын же­тілдірмей, қалған салада тәртіп орна­тып, алға жылжыту мүмкін емес екені тү­сінікті.
– Конституциялық реформа Қазақ­стан тарихында жаңа дәуір басталғанын ай­қындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мем­ле­ке­ті­мізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қа­лады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақ­талады. Біз референдум арқылы бұ­рын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақ­ты жүзеге асыра бастадық, – деді Мем­лекет басшысы. 
Қабылданған өзгерістерге сәйкес, 2023 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап Консти­ту­ция­лық Сот өз қызметін бастады. Яғни, әрбір аза­мат өзінің конституциялық құқығы мен бостандығын тікелей осы орган ар­қы­лы қорғайтын мүмкіндікке ие болуы ке­рек. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәр­тебесі, құзыреті мен дер-бестік кепіл­ді­гі конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Президент қол қойған екін­ші заң – «Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­да­ғы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ту­ралы» Қазақстан Республикасының конс-титуциялық заңы. Заң мәтініне сүйен­сек, Адам құқықтары жөніндегі уә­кіл-дің міндеті – «адамның және азамат­тың бұзылған құқықтары мен бостан­дық­тарын қалпына келтіруге, Қазақстан Рес­пуб­­­ликасының нор-мативтік құқықтық ак­тілерін жетілдіруге, адам және азамат құ­қықтары мен бостандықтарын көтер­мелеу мен ілгерілетуге жәрдемдесу». Ол қыз­мет кезінде тәуелсіз және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адам­дарға есеп бермейді. Мемлекеттік ор­ган­дар, жергілікті мемлекеттік басқару жә­не өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, олар­дың лауазымды адамдары Уәкілге қа­жетті материалдарды, құжаттарды, мә­лі­меттер мен түсіндірулерді ұсынуға мін­дет­ті. 
«Прокуратура туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының конституциялық заң Бас про­куратураның өкілеттігін кеңейтіп, рө­лін күшейтеді. Мәселен, азаптауға бай­ла­нысты қылмыстарды тергеуге нақты Бас про­куратура жауапты болатын болды. Бұ­ған дейін прокуратураның қызметі заң бойын­ша регламенттелген болатын. Жаңа өз­геріс бойынша прокуратураның құзыре­ті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі Конституциялық заңда белгіленеді. 
Одан бөлек, «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық ак­ті­леріне Мемлекет басшысының 2022 жыл­ғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асы­ру мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасының заңы; «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әкімшілік құқық­бұзу­шы­лық туралы кодексіне өзгерістер мен то-лық­тырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасының заңы қабылданды.
– Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ре­сурс­тар халыққа тиесілі екенін нақты көр­сеттік. Осы норманың арқасында «Ұлт­тық қор – балаларға» атты ауқымды бағ­дарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлы­лығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел эко­номикасы, ең алдымен, халықтың мүд­десі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қа­жет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Жаңа экономикалық саясат

Тәуелсіздік алғаннан «Әуелі эко­но­ми­ка, содан кейін – саясат» деген ұс­таным басшылыққа алынған еді. Алды­мыз­да ел шаруашылығының тиімді үлгісін таң­дау мәселесі тұрды. Бізге белгісіз, тәжі­ри­беде, тарихи санамызда жоқ нарықтық эко­номиканың соқпағына түскен соң, бұл жол­дың жеңіл болмайтыны әу бастан бел­гілі болды. Мол шикізаттың жемісі бол­ған уақытша тұрақтылықты, яғни эко­номикадағы шикізат секторының, әсіресе мұ­най секторының жедел дамуынан қа­лыптасқан сыңаржақтықты реттеу керек еке­ні егемендік алғаннан кейінгі 10-15 жыл ішінде де айтыла бастады. Оған әр жыл­дары елдегі өндірісті әртарап­тан­дыру­ға, әсіресе өңдеу салаларының жедел дамуына, инновацияларды экономиканың бас­ты салалары ететін, экономиканы ин­дуст­риялық сатыға көтеруге талпынға­ны­мыз, соған сәйкес стратегиялық бағдар­ла­ма­лар қабылданғаны дәлел болады. Соған қа­рамастан, ел шаруашылығы әлі күнге дейін шикізатқа тәуелді болып отыр. 
– Біз экономикамызда қордаланған мә­селелерді жақсы білеміз. Мысалы, ши­кі­­затқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі тө­мен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық та­быстың игілігін жұрттың бәрі бірдей кө­ріп отырған жоқ, – деді Президент был­тырғы 1 қыркүйектегі Жолдауында. 
Осылайша, экономиканың қазіргі құ­ры­лымы тұрақты және инклюзивті эко­но­микалық өсім қалыптастыруға қауқар­сыз екені айтылды. Жаңа Қазақстанға жаңа экономикалық саясат керек деп бас­­тама көтердік. «Әділетті Қазақстан: бәрі­міз және әрқайсымыз үшін. Қазір жә­не әрдайым» сайлауалды бағдарламасында мо­нополистердің қызметіне тосқауыл қойып, жаңа экономикалық моделге көшу ту­ралы айтылған болатын.
Салық, бюджет, ақша-кредит, тариф сая­сатын тең дәрежеде әрі ашық жүр­гізу, сондай-ақ ішкі өндірісті, шикі­зат­тық емес экспорт ынталандырылатыны ай­тылған болатын. Мемлекет басшысы­ның бұл бастамасы 1 қыркүйектегі Жол­дауын­да да жалғасын тапты. Мемлекет бас­шы­сының Жолдауы толықтай Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына ар­налды, жаңадан қолға алынған баста­ма­лар айтылды, орындалған, орындалып жатқан жоспарларға шолу жасалды.
Ең алдымен, «Заңсыз иемделінген ак­тив­терді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Оның нормалары әкімшілік-би­лік ресурстарына иелік еткен немесе осын­дай қолдау алған олигополия субъек­тілеріне қатысты қолданылатын болады. Сондай-ақ адал инвесторлардың мүдде­лері толығымен қорғалатын болады. Заң­сыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия құ­рыл­ды. Үкіметтің ресми мәліметіне сүйен­­сек, қазір мемлекетке құны шамамен 1 трлн теңге сома болатын активтер қай­та­рылды. Оның шамамен 600 миллион дол­лары басқа юрисдикциялардан қайта­рыл­ған. Мысалы, БАӘ-ден шамамен 15 мил­лион доллар, Австриядан 82 миллион дол­лар, Лихтенштейннен 260 миллион дол­лар, Гонконгтан 2 миллион доллар қай­тарылды. 
Сонымен қатар «Қазақстан Респуб­ли­касы азаматтарының төлем қабілеттілігін қал­пына келтіру және банкроттығы тура­лы» заң, яғни жеке тұлғалардың банкрот­ты­ғы туралы заң қабылданды. Заң аясын­да борышкерлер үшін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот ар­қылы банкроттық рәсімдері қарасты­рыл­ған. Қазір 11,3 млрд теңгеден астам со­ма­ға 7,1 мың азамат банкрот деп таныл­ды.
Салықтық және кедендік әкім­шілен­діруді жетілдіру бойынша жұмыстар атқа­рылу­да. Кәсіпкерлерді көлеңкелі сектор­дан шығару үшін қолайлы бизнес-орта құрылып жатыр.
– Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан ке­ліп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман та­­лабына сай болуға тиіс. Жалпы, хал­қы­мыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ. Әділетті Қа­зақ­станды құрамыз десек, саяси-эко­но­ми­калық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бас­­­­тысы, қоғамдық сана, азаматтардың ние­ті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыс­тың бәрі бекер. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жас­тар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қа­жет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғам­дық қасиетке айналады, – деді Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында.
Яғни, әртараптанған, шикізатқа тәуел­ді емес ел шаруашылығын құру үшін үл­кен еңбек, біраз уақыт, толайым күш-жі­гер керек. Ал оның негізгі алғышарты – ха­лық, мем­лекет, атқарушы биліктің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, болашақ үшін аянбай еңбек етуі. Басталған іс ба­ғытынан танбаса, көздегенімізге же­те­те­тінімізге сенім мол.

Саяси реформалар – өзгерістер өзегі

Ең алдымен, аймақтық әкімшілік сая­­­саттағы өзгерістің бастауы – жаңа­дан 3 облыстың құрылуы болды. 2022 жылғы 16 наурызда Мемлекет басшысы өзі­нің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаң­ғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жол­дауында Абай, Жетісу, Ұлытау облыс­та­рын құруды ұсынған болатын. Бұл ше­шім өңірлердің екінші тынысын ашуға, өр­кендетуге жасалған нық қадам болды.
Ал биылғы 19 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісті таратып, мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұ­рын тоқтату туралы шешім қабылдан­ға­нын мәлімдеді. Негізі, биылғы бірінші жар­тыжылдықта депутаттар қайта жасақ­та­латынын Президент былтыр күздегі Жол­дауында айтқан болатын. Бұл жолғы сай­лау жаңа саяси жүйені құруға бағыт­тал­ған өзгеше қадам болады деп сендірген еді жауаптылар. Өзгешелігі сол – депу­тат­тар құрамының белгілі бір бөлігіне халық жекелей дауыс берді. Яғни, сайлау жүйесі өзгерді. 
30 жыл ішінде елімізде Мәжілісті жа­­сақ­тау әдісі бірнеше рет өзгерді. Ең алды­мен, мажоритарлы жүйе қолданылды, одан кейін аралас жүйеге ауыстық. Содан соң тек пропорционалды әдіске көштік. Ен­ді былтырғы референдумның қортын­ды­сы бойынша, депутаттарды сайлау жүйе­сіне тағы да өзгеріс енгізілді: аралас жүйе­ге қайта оралатын болдық. 
Бізде Мәжіліс депутаттары партиялық ті­зім негізінде сайланып келді, яғни про­пор­ционалды жүйенің ішінде «жабық тізімі» қолданылады. Енді осы екі жүйені бірік­тіретін, үшінші, аралас сайлау жүйесі бар. Бұл тәсіл бойынша барлық мандаттың белгілі бір бөлігі мажоритарлық әдіспен, қал­ған бөлігі пропорционалды әдіс ар­қы­лы бөлінеді, үлестіріледі. Яғни, үміткер­лер­дің бір бөлігі партиялық тізіммен, қал­ғаны өзін-өзі ұсынып, сайлауға түсу ар­қылы депутат болады. Бізде 1999 жылы Мә­жіліс депутат-тары осы аралас тәсіл ар­қылы жасақталған еді. Сайлаудың бұл жүйе­сі екінші рет 2004 жылы қолданылды. Одан соң 2007 жылы Конституцияға өз­гер­тулер мен толықтырулар енгізіліп, Мә­жіліс депутаттарын сайлау жүйесі про­пор­ционалды әдіске ауыстырылған бо­ла­тын. Содан бері осы тә-сіл арқылы 4,5,6,7-ша­қырылым депутаттары жасақталды. 19 жыл өткен соң, 8-шақырылым депутат­та­рын қайтадан аралас жүйе арқылы таң­да­дық. Осылайша, Парламент Мәжілісінің бел­гілі бір бөлігі халықтың өзі таңда-ған, әр өңір жұрты үмітін артып, сенімін ама­нат­таған азаматтардан құрылды. 
Одан бөлек, сайлауға түсетін пар­тия­лар тізімінде, оларға қойыла­тын талаптар­ға қатысты өзгерістер болды. Партия мү­ше­лерінің санына қатыс-ты та­лап өзгерді. Оның төменгі шегі 4 есе тө­мендеп, 20 мың­нан 5 мыңға дейін азай­ды. Партия­лар­дың әр аймақтағы өкіл­дері­нің саны кемін­де 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адам­ға дейін төмендеді. Осы өз­герістен кейін елі­міз­де жаңадан екі сая­си партия Әділет ми­нистрлігінен арнайы рұқ­сат алып, тіркеуден өтті. Сонымен, сол жаңа­дан қатарға қо­сыл­ған «Байтақ» және «Республика» пар­тия­ларын есепке алған­да, қазір елімізде ресми тір­келген 7 саяси партия бар.
Алғаш рет аудан әкімдерін, кейіннен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткіз­дік. Жергілікті басқару мен өзін-өзі бас­қару үлгілерін жетілдіруге ұмтылу – өзге­ріс­тің негізгі бағыттарының бірі. Жергі­лік­ті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі бас­қаруды ұтымды құру кезінде жергілікті ре­сурстар оңтайлы игеріліп қана қоймай, ха­лықтың билікке деген сенімі де ай­тар­лықтай артады деген үміт бар. 

Ерлан САИРОВ, мәжіліс депутаты:

Біз демократия жолына түстік деп нақты айтуға болады

–  Қазақстан кейінгі 4 жылда перманентті саяси реформалардан өтіп жатыр. Жақында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Өткен жылы Парламент сайлауы, барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы өтті. Аудан әкімдерін де сайладық. Мұның бәрі саяси реформалардың біртіндеп жүзеге асып жатқанын байқатады. Сонымен қатар бұл халқымыздың саяси мәдениетін арттыруға нақты әсер ететін болады. Халық сайлау құқығы өзінің негізгі құқығы екенін түсінетін болады. Бұл – тікелей демократияның нақты көрінісі. 
Өзгерістердің ең негізгісі – конституциялық реформа. Жеке басқа табыну тенденциясы тежелді, Президент бір-ақ мерзімге сайланатын болды, туған-туыстары жоғары лауазымға ие болмайтын болды. Мәжілістің рөлі артты. 
Әрине, көш жүре түзеледі, сондықтан кем-кетіктер де болуы мүмкін. Бірақ тенденция – анық. 
Ол – біздің елдегі саяси реформалар, халыққа өз билігін қайтарып беру жолындағы жұмыстар. Біз демократия жолына түстік деп нақты айтуға болады. 
 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, 
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 
«Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері: 

Тәуелсіздік бізге ерлікпен, құрбандықпен келді

– 1986 жылдың 16 желтоқсаны – біздің ұрпақтың көкейіне жазылып қалған. Оны ешбір көңілді музыка, жалған ұран немесе алдарқатқан сөздер өшіре алмайды. Себебі біз жазықсыз студент балалардың қанына жуылған алаңды көзімізбен көрдік. Қыздар мойын орағыштарын шешіп ұлдардың  құлағын орап бергенін көрдік. Біздің қазақтың қыздары неткен батыл еді. Олар алдыңғы қатарда жігіттермен бірдей жүрді. Сол жастар – ұлттың ғасырлар бойы тілеген теңдігіне қол жеткізді. Сол үшін мен қазақ қыздарын қатты жақсы көремін. Алаңдағы қыздар Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты батыр қыздардың ізбасарлары  еді. Мұндай көріністерді ұмыту мүмкін емес. Ол – аяулы сурет. Бұл көз алдымыздағы көрініс біздің өмірімізбен бірге кетеді, бірақ анық, ашық айтылмай кетеді. 
Қазақ қыздары мен ұлдарының ұлылығы, батырлығын көрсеткен 16 желтоқсан санамызда жаңғыра бермек. Көтеріліс кезінде Тұңғышбайдың басына таяқ тигенін, марқұм Әзербайжан Мәмбетовтің таяқтан маңдайынан қан атқылағанына куә болдық. Ал далада қанша қыз іштен тынып өмірімен қоштасты. Ибадуллаева деген радиожурналист сол радионың түбінде ешкім көрмеген қорлықты көрді. Басы да жарылды, іші де жарылды. Сол қыз өткен жылы дүние салды. Көтерілістегі қыздардың қасіретін сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. Орыс әскерінің табаны қалың етігінің астында тепкіленген қыздардың кейінгі көрген өмірі де оңай болмады. Бірақ сол сәтте қолымыздан ештеңе келмеді. Шырылдадық, жыладық, шуладық. Үстімізге мұздай су шашылғанда үйді-үйімізге балаларымызды сүйрелеп барып, жылап жаттық. 
Міне, Тәуелсіздік бізге осындай ерлікпен, құрбандықпен келді. Сондықтан біз үшін Тәуел­сіздік құрбандарын еске алу күні ерекше маңызды. Өйткені қиындықпен келген азаттықтың әр күні аса қымбат. Жалынды жастардың намысқойлық, өр рухы келер ұрпаққа дарысын. Жас ұр­пақ елінің, жерінің, Тәуелсіздіктің қадірін сезінсе екен. Сол жолда олардың сауатты, саналы болғанын, елдің тыныш  және барлық салада әділеттіліктің болғанын көргіміз келеді. Біз саны аз ұлттың ұрпағымыз. Сондықтан да ұрпағымыздың саналы, өр рухты болып өскенін көргіміз келеді. 
Бізге ең қымбаты – елдің, ұлттың еркіндігі. Бүгінде Қазақстанды әлем таныды. Өзінің ұр­пағы, дәстүрі бар ел болдық. Қазақстан деген көк Туды көтердік. Сол Ту мәңгілік желбірей берсін. 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы:

Ең басты құндылығымыз!

Адамзат тарихы үшін, отыз жыл аз уақыт көрін­гені­мен, біздің халқымыз үшін осы бір тағдырлы уақыт ме­­жесі отыз ғасырға татиды. Біз сан жылдар бойы ата-ба­баларымыз аңсаған, сол жолда қанын төгіп, жанын құр­бан еткен, бостандыққа қол жеткіздік. Жаңа заман ке­ліп, жарық күн туып, нұрын шашты, темір құрсаудан шық­тық. Күрмелген тіл, байланған жол ашылды. Ауыз­дағы қақпақтан, аяқтағы тұсаудан арылдық. Армансыз ер­кін сөйлесіп, ой-пікірімізді ашық айтуға қол жет­кіз­дік. Ел еркі өзіне тиді. Ел тізгіні өз қолымызда.
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Қол жеткен тәуелсіздіктен, алған азат­тық­тан айырылып қалмалық деп, орасан зор қайрат көрсетуіміз керек. Оны көзі­міз­дің қарашығындай қорғауымыз, сақтауымыз және одан әрі нығайтуымыз қажет.   Бұл бір, екіншіден, сол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық жә­не басқа да жағдайларға байланысты тағдыршешті мәселелерді жеті рет емес, жет­піс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болдық. Біз тығырықтан шығар жолдың саңы­лауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шы­ғып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек. 
Сондықтан қазіргі және кейінгі ұрпаққа Тәуелсіздік дәуірінің тарихын, мәнін, маңызын, бар шындығы мен қыр-сырын жан-жақты ашып көрсету, ұғындыру, түсіндіру бүгінгі тарихшы-ұстаз, педагог және ғалымдардың алдында тұрған маңызды міндет. Сол үшін Отанымыздың ежелгі және ортағасырлардағы тарихымен қатар Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн. Осы бағытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінде осыған дейін де іргелі жұмыстар жүргізіліп жатса, енді профессор-оқытушылар құрамы бұл мәселеге ерекше назар аударып, білім беру және зерттеу арнасын одан әрі кеңейте түсті. Бұл – ұлт тарихын дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе және тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған тарих ұрпақтың санасын оятып, жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазақ­тың сан ғасырлық шынайы тарихын шетелдерге, бүкіл әлемге таныту қажет. Ол үшін өз жеріңді, еліңді, мәдениетіңді, салт-дәстүріңді тану, өзіңді-өзің тану қажет. Ал өзін-өзі тани алмаған халық өзін өзгеге таныта алмайды.  
Туған Отанымыздың болашағы жарқын да жасампаз болатынына кәміл сенеміз. Мемлекет басшысы айтқандай – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Атамекен – Қа­зақ­станымыздың Тәуелсіздігі мәңгілік болсын! Халқымыз аман-есен, көк аспанымыз ашық, тірлігіміз бейбіт те берекелі болсын!

Серіктес жаңалықтары