Ақтауда жаппай төбелес болды

Полиция басқармасына 33 және 34 жастағы күдіктілер жеткізілді.

Ақтауда жаппай төбелес болды
Видео скриншот
1015

Ақтаудағы 19-ықшамаудандағы бардың маңында ер адамдардың төбелесіп жатқан сәті видеоға түсіп қалған. Жаппай төбелестің кадрлары әлеуметтік желіде тарап кетті.

lada.kz сайтының мәліметінше, оқиға 17 желтоқсанға қараған түні №23 үйде орналасқан «Sport pub» спорт барына келушілер арасында жанжал болған. Бейнежазбада төбелес болған жерге бірінші болып жедел жасақтың жауынгерлері барғаны көрінеді. Алайда олар ер адамдар арасындағы қақтығысты тоқтата алмаған. Бұзақылардың бірі қолына тас алып, қарсыласын ұрып тастады. Көп ұзамай полиция келіп, оқиғаға қатысушыларды ұстады.

Қалалық полиция департаменті 17 желтоқсанда сағат 01:13-те «102» кезекшісінің пультіне осы мекен-жай бойынша төбелес болып жатқаны жөнінде шақыру түскенін хабарлады.

 Полиция басқармасына 33 және 34 жастағы күдіктілер жеткізілді. Бұл факт ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Тергеу жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.

Төбелеске қатысушыларға 5 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары жүргізілуі, не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары