Биыл 265 елордалық оқушы халықаралық олимпиадада жүлдегер атанды
2023 жылы Астана олимпиадашылары 522 медаль иеленді. Сондай-ақ, Астана құрамасы жыл сайын «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алып жүр.
Астанада дарынды балалармен жұмыс істеудің қолда бар жүйесін сақтау және одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар табысты жүргізіліп келеді. Қабілетті және дарынды балалардың әлеуетін барынша тиімді іске асыру, олардың әлеуметтік қалыптасуы үшін қажетті жобалар мен бағдарламалар әзірленіп, жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта жаңа нысандар мен әдістер енгізіліп, білім беру мекемелері мен басқа құрылымдардың ынтымақтастығы мен өзара байланысы ұйымдастырылған.
Дарынды балалармен жүйелі және ұтымды жоспарланған жұмыс – оқушылардың оқу жетістіктерінің оң динамикасын арттырып, түрлі зияткерлік-шығармашылық іс-шараларға қатысуға ынталандырады.
Елордадағы жалпы білім беретін мекемелерде мектепке дейінгі жастан бастап жоғары сынып оқушыларымен жұмыс істеу жүйесі қалыптасқан. Барлық іс-шара жас дарындардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін ерте жастан бастап дамытуға бағытталған.
Атап айтқанда, «Жұлдызды жол» олимпиадасы, «Елорда Еркетайы» шығармашылық байқауы, «Бестемше» спорттық іс-шарасы, 2-7 сынып оқушыларына арналған қалалық ғылыми жұмыстар мен шығармашылық жобалар байқауы, 2-4 сынып оқушылары арасындағы республикалық пәндік олимпиадалар балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларына арналған.
Орта буын оқушылары үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша жасөспірімдер олимпиадасы, 5-6 сыныптар үшін республикалық пәндік олимпиада, 7-8 сынып оқушылары үшін географиядан Ұлттық олимпиада және химия және биология бойынша жасөспірімдер олимпиадасы өткізіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Аталған зияткерлік сайыстардың барлығы – республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуға жетелейтін қадамдар.
Жоғары сынып оқушылары үшін республикалық деңгейдегі президенттік және лингвистикалық олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар байқауы, қалалық және республикалық «Абай оқулары», «Ақселеу оқулары», «Қадыр оқулары», «Мағжан оқулары», интеллектуалдық және шығармашылық байқаулар: «Абай әлемі», «Менің кіші Отаным», «Менің бастамам – менің Отаным үшін», халықаралық STEM олимпиадасы, «Robotek Grand Tournament» республикалық робототехника турнирі, робототехникадан ғылыми-техникалық жобалар байқаулары өткізіледі.
Жыл сайын олимпиада қозғалысының сапасы артып, қатысушылар қатары көбейіп келеді. Мәселен, 2023 жылдың өзінде Астана олимпиадашылары 522 медаль иеленді. Оның 257-сі республикалық, 265-і халықаралық. Астана құрамасы жыл сайын «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алып жүр.
Оқушылар зияткерлік олимпиадаларға сапалы дайындалып, сәтті өнер көрсетуі үшін «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы каникулдарда оқу-жаттығу жиындарын өткізеді.
Пәндік олимпиадаларға қатысу мектеп оқушыларының тұлғалық өсуі мен дамуына мол мүмкіндіктер береді. Бұл – жаңа білімді меңгеру, әрі қарай мамандық таңдауға деген қабілеттері мен қызығушылығын анықтау, емтиханға дайындалу, өз бетінше іздену, ой -өрісін дамыту.
Мектеп түлектеріне мамандық таңдауға және олардың талаптары мен қажеттіліктеріне сәйкес келетін оқу орнын таңдауға көмектесу үшін Орталықта «Qabilet» кәсіптік бағдар беру қызметі жұмыс істейді.
Аталған қызметтің негізгі мақсаты – 7-11 сынып оқушыларының зияткерлік қабілеттері мен кәсіби өзін-өзі тану, оның психологиясын, дағдысын, білімін, дарындылығын ескере отырып, оқушының кез келген мамандыққа бейімділігін анықтауға бағытталған. «Qabilet» қызметі оқушылардың зияткерлік қабілеттерін анықтау үшін диагностика жүргізіп, кәсіби кеңес береді.
Дарынды балаларды қолдау және ынталандыру мақсатында қала әкімі жыл сайын халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларында жүлдегер болған елордалық оқушылармен кездеседі. Олар Астана қаласы әкімінің алғыс хатымен және ақшалай сертификаттармен марапатталады.
Астанадағы білім беру саласының жүйелі және жемісті жұмысының арқасында елордалық мектеп оқушыларының есімдері халықаралық интеллектуалдық ареналарда жиі естіліп жүр.
Халықаралық рейтингтік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері (IMO, ICho, IPho, IGeo, IOI, IOL) қазақстандық ЖОО-ның білім беру гранттарын иеленсе, беделді шетел университеттерінен 100% жеңілдікпен оқуға шақырту алады.
Мемлекеттің жан-жақты қолдауы және қазақстандық оқушылардың тамаша жетістіктерінің арқасында 2024 жылы тұңғыш рет Астанада биология пәнінен халықаралық олимпиада (ІВО) өтеді.
Сан-салалы инновациялық бағыт, жүзеге асырылып жатқан қызықты жобалар елордалық білім беруді жоғары деңгейге көтеріп, уақыт көшіне нық қадам басып, болашаққа батыл қарауға мүмкіндік береді.