«Рожковское» ірі кен орнында газ өндіру басталды
Әлихан Смайылов телекөпір режимінде табиғи газ және конденсат өндіру жобасын іске қосу рәсіміне қатысты.
Батыс Қазақстан облысында «Рожковское» ірі газ конденсаты кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір режимінде табиғи газ және конденсат өндіру жобасын іске қосу рәсіміне қатысты.
Газ конденсаты кен орны 2008 жылы кең ауқымды геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде ашылды. 2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр. «ҚазМұнайГаз» (50%), мажарстандық MOL Group (27,5%) және қытайлық Sinopec (22,5%) компаниялары кіретін бірлескен кәсіпорын жер қойнауын пайдалану құқығына ие. Бүгінгі таңда шамамен $534 млн инвестицияланды.
«Рожковское» кен орнын игеру арқасында ҚР Ұлттық қоры 501 млрд, жергілікті бюджет 110 млрд теңгеге толығады деп күтілуде. Бұдан басқа акционерлер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 3,1 млрд теңге бөлуді, сондай-ақ жыл сайын келісім-шарттағы міндеттемелер аясында қазақстандық кадрларды оқытуға инвестициялар сомасының 1%-ын арнауды жоспарлап отыр.
Премьер-Министр бұл жобаның стратегиялық маңызы зор екенін айтты. Ол Мемлекет басшысының жаңа газ кен орындарын барлау және игеру жұмыстарына инвестиция тарту туралы тапсырмасын орындау аясында іске асып жатыр.
«Рожковское» кен орны қосымша табиғи газ көзіне айналады. Кен орнында өндірілетін шикізат “Жайықмұнай” компаниясында өңделетін болады. Аталған жоба шетелдік компаниялармен серіктестікте жүзеге асырылып отыр, ол қажетті жобалық шешімдерді дайындау мен қолдану барысында озық халықаралық тәжірибені қолдануға мүмкіндік берді», - деді Әлихан Смайылов.