Ас беру: ысырап па, сауап па?
Шариғат пен дәстүрге сәйкес келмейтін, пайдасынан зияны көп кейбір әдеттердің ел арасында кең етек жая бастауы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды.
Қай кезеңде болмасын, бақилық болған жанды соңғы сапарға қастерлеп шығарып салу, бүкіл жөн-жосығымен аттандыру – артында қалған тірілерге үлкен міндет әрі сын. Адамды мәңгілік сапарға аттандыру түрлі тарихи даму жолынан өтіп барып, бүгінгі көрініске ие болып отыр. Бүгінде қайтқан адамға берілетін ас тойдан кем өтпейтіні аз айтылып жүрген жоқ. Қалталы адамдарға аста көкпар шаптырып, арқан тарттырып, балуандарды күрестіріп, бақилық болған ата-бабасының даңқын асыру қиын емес шығар, алайда біздің қоғамның той мен өлімде бәсекеге түсіп, бірінен-бірі асып түскісі келетіні жасырын емес. Оны көзіміз көріп жүр. Шариғат пен дәстүрге сәйкес келмейтін, пайдасынан зияны көп кейбір әдеттердің ел арасында кең етек жая бастауы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды.
Біз қозғағалы отырған маңызды мәселе туралы Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының бастамасымен жарық көрген «Ас беру әдебі» кітабында: «Әсіресе, қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастарқан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ «көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз» деп шектен тыс шығын жасап, аста-төк, ағын-төгін дастарқан жаюда. Бұл – орташа табысы бар көптеген отбасыға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес», деп жазылған екен.
Халқымызда құдайы ас беру жоралғысын өткізудің жылдар бойы қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері мен дәстүрлері бар. Қазақ бақилық болған жанға ас беру, Құран оқыту, дұға-тілек жасау қайтыс болған кісіге сауабын тигізеді деп сенеді. Ал марқұмға ас бермеу «ата-бабасын сыйламау, аруақтарды құрметтемеу» деп саналған. Алайда бұл «ата-бабама ас бермесем елден ұят болады, перзенттік абыройымнан айырыламын» деген түсінікке алып келіп отырғандай. Өйткені бүгінде құдайы ас бергенде өлілер қамы емес, тірілер ризашылығы ерекше назарға алынатын болды. Мәселен, мейрамханада ас өткізу, қымбат дастарқан мәзіріне мән беру бұл тірілердің көңілінен шығуға тырысу екені жасырын емес. Осы ретте тірілерге де, қайтқан кісілерге де пайдасы тиетін дүниелерге бірдей мән берген дұрыс екенін үлкендер жиі айтып жүр.
Әсіресе, ас берем деп қарыз алып, банкке берешек болып жатқандардың ісі берекесіздік десек, артық айтпаған болармыз. Мұндайда «Қарғa қаз болам деп аяғын үсітіпті» немесе «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» дейді қазақ. Бай-бағландар ата-бабасына асты қалай өткізсе де жарасады, өйткені байлығы жеткілікті. Бірақ оларда да ысырап болмауы керек дейді дін мамандары. Осы орайда әдет-ғұрыптар мен рәсімдер реттелмесе, жыл өткен сайын бұл қиындықтар күшейе түсуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі күні еске алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселесі шариғат заңдары мен салт-дәстүр бойынша реттеуді талап етеді.
Алайда қазақ тарихына үңілсек, бүкіл халыққа белгілі тұлғалардың қайтыс болғанына жыл толғанда сауын айтып, ас берген. Яғни, төрт тарап жұртқа, астың өтілетіні туралы алдын-ала хабар беріледі.
– Хабар тиген жұрт ас болатын жерге төрт тараптан жиыла бастайды. Ас бір күндік шара емес, кемі үш күнге созылады. Ас өткізуді және асқа келген қонақтарды күту үшін, ас берушінің жақын туыстары, руластары сойыстан үлкен шығын шығара отырып, аста ат бәйгесі, күрес, айтыс, ән өнері, жамбы ату секілді ұлттық ойындар да ұйымдастырылады. «Алтын тай тұяқ», «алтын жамбы» бастаған бәйгелерді тоғыз-тоғыздан туысқандары бөліп-бөліп алған. Асқа келген қонақтар тек ішіп-жеу үшін ғана емес ел көріп, жер тану үшін, аста көрсетілетін түрлі халықтық өнерді тамашалап, өзіне бір рухани тәрбие алу үшін келеді. Паң Нұрмағамбет өткізген «Сағынай асы», Құнанбай өткізген «Өскенбай асы», қырғыздағы «Шәбден Манап» асының даңқы мен дақпырты бізге бүгінге дейін жеткен, – дейді журналист, тіл маманы Дастан Қастай.
«Абай жолында» жазушы М.Әуезов Бөжейдің асын: «Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғыта жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады. Астың күндізгі етін осы үйлер түгел жеп болған кезде, Байсал бір үлкен ақ боз атқа мініп, қасына қырық-елудей топ ертіп, қолына үлкен биік ағашқа орнатқан қарақшыны алып, атой беріп шықты. Қонақтар атқа мінсін, әзірленсін деген белгі. Енді бәйге, күрес, ат үсті сауық басталмақ» деп суреттейді.
Үш жүздің басын түгел қосқан Ереймен жеріндегі Керей Сағынайдың асы туралы аңыз күні бүгінге дейін халық арасында аңыз ретінде айтылып келеді. Белгілі қаламгер, атбегі, құсбегі Қажытай Ілияс ас туралы: «Бір ғана Нұрмағамбеттің дәулетін оның әкесі Сағынайға жасаған асынан көруге болады. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуінде» Сағынайдың дәулеті сөз болады. Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасында, Сәкен Жүнісовтың «Ақан серісінде» аталған астың ауқымы мен оған кеткен аста-төк байлық суреттеледі», дейді. Ал Мәдениет қайраткері, өнертанушы Жұмабай Есекеев: «Паң Нұрмағамбет» болыс болған. Үлкен болысты басқарған. Паң Нұрмағамбеттің әкесі – Сағынай. Сағынайдың жомарт не сараң екенін айта алмаймын», дейді.
Кей деректерде Сағынайдың асына жұмсалған дүние Тәж-Махал кесенесіне жұмсалған қаржыдан асып кетеді делінеді. Қазақ даласының дәулетін суреттейтін мұндай астар жер-жерде болып отырған дейді тарихшылар. Мәселен, 1886 жылы өткен Сағынайдың асында 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұхар кілем ілінген. 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынған деседі. 10 мың көрпе-жастық, қонақтарға сыйлауға 500 бұхар шапаны әкелініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі сатып алынған. 20 мың қой, 100 жылқы сойылған.
Болат БОПАЙҰЛЫ,
Қазақ ұлттық әдет-ғұрып,
салт-дәстүр академиясының академигі,
Мәдениет саласының үздігі,
жазушы, этнограф:
Өліні разы қыламын деп тірі қиналса, түкке пайдасы жоқ
– Қазақ тарихында ас беру дәстүрі ғасырлар бойы дамуды бастан кешкен әдет-ғұрып заңына кіреді. Асты бұрындары халыққа танымал, батыр, балуан, көсем, шешен, дана, хан, сұлтандар қайтыс болғаннан кейін 10, 20, 40, 50 жыл, бір, тіпті бірнеше ғасыр өткеннен кейін де ұрпақтары бір жыл бұрын бүкіл ауыл-аймаққа, ел-жұртқа, ру-тайпасына, туыс-туғанына сауын айтқан. Балуан шығарып, көкпар тартып, ақын айтыстырып, той ретінде ас беретін. Оған қора-қора мал соятын. Сағынайға, Құнанбайға, Бөжейге берілген астар әлі күнге ел аузында.
Астар үлкен, орта, кіші деп бөлінеді. Қайтыс болған қарапайым бір отбасының адамына сол әулеттің мүшелері ас береді. Ал жалпы ас бергенде тіріге ат мінгізіп, сәлем салдыртып, шапан кигізіп, құрмет көрсетіп, жақсылық жасап, сый-сияпат көрсетілсе, бақиға кеткендерге Құран хатым түсіреді. Заттық дүние бақилық адамға керек емес. Аруақ деген ар-рух деген екі сөзден тұрады. Кеткен адамның ары мен ұжданы, артына қалдырып кеткен толағай еңбегі, істеген игі істері, қалдырған рухани мұрасы, тағылымды сөздері, ел мен жер қорғаған керемет батырлығы, көсемдер мен шешендердің кемеңгерлігі аста насихатталып, бақилық болған адамды еске түсіру арқылы артынан өсіп-өркендеп, көгеріп-көктеп келе жатқан ұрпақтарға, ғұрыпты, салтты сақтаудың үлгісін көрсеткен. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Сондықтан о дүниеге кеткен адамды құрметтеу мақсатында адамның атынан естелік бұйымдар таратылатын болған. Алайда қазір кредит алып, шамадан тыс шашылып ас беріп жатқандар баршылық. Астың мақсаты – о дүниелік адамға Құран хатым түсіру. Жердің бетіне 40-50 метр алтыннан, күмістен, қыштан, асыл тастан кереметтей мұнара орнатқанмен оның бақиға кеткен адамға сауабы жоқ. Тән – жердің, топырақтың аманаты. Жердің астында жатқан тән қаншалықты топыраққа айналып кетсе, соншалықты жақсы. Жан – Алланың аманаты, көзге көрінбейтін рух әлемінде өмір сүреді. Оның қандай кейіпте екенін ешкім білмейді, бүгінгі ғылым да дәлелдей алмай отыр. Қазақ ақыл-парасатқа салып, өзінің әдебін, дәстүрін, мәдениетін сақтап, әдет-ғұрпын атқарып келеді. Ас беру – адамдардың рухани тазаруы. Өткенді ұмытпай, көнені еске түсірмей жаңа еске түспейді деп, ата-бабаларды ұмытып қалмауға әрекет ету. Сондықтан болар астың басы жерленген адамның адами қасиеттерін ұмытып қалмау үшін жасалғанымен, соңы бақилық адамды еске салатын тойға айналады. Астың тірі адамға берілгені той болады да, бақи болған адамға берілгені – ас деп аталады.
Алайда ас беруде ысырапшылдыққа жол бермеген дұрыс. Қазақ нанның қоқымын жерге тастатпаған. Ашып кеткен тамақты қоқысқа төгудің өзі – ысырап. Сондықтан бірінен-бірі асамыз деп, «Анау ата-бабасына бәленбай мал сойыпты, бәленбай жыртыс жыртыпты, бәленбай мүлік таратыпты, біз неге қалысамыз» деген сияқты бәсеке дұрыс емес. Мұндай бәсекенің бақиға кеткен адамға титімдей пайдасы жоқ. О дүниелік адамның кітабын шығарса, тағылымдарын жеткізсе, міне, бұл – керемет. Халықтың бүгінгі күнге, жағдайына байланысты тамақпен, киіммен, мал союмен бәстесудің керегі жоқ. Өліні бәсекелестікпен разы қылмай-ақ қоялық. Өйткені аруақ тек Құран дәметеді.
Асқар СӘБДИН,
Исламтанушы, теолог:
Ас бергенде «алтын орталықты»
ұстану керек
– Бұрынғы кезде берілген үлкен астардың екі қызметі болған. Біріншіден, мемлекеттік деңгейдегі мәселелер осындай астарда шешілген. Кімнің болыс, кімнің би болатыны секілді мәселелер қаралған. Өйткені ол кезде қазіргідей Мәжіліс, Мәслихат, Сенат жоқ, үш жүздің басын бір жерге құрау да оңай болмаған. Тек құрылтай ғана болған. Міне, құрылтай мен осындай астарда мемлекеттік деңгейдегі істер қаралған. Сол үшін астарды сипаттағанда
3 күн бойы өтті, 100 жылқы, мыңдаған қой сойылды деп сипаттайды. Екіншіден, қайтқан адамның аруағына арнап мал шалынып, құран оқытылып, өмірдегі тағылымды істері естелік болып айтылып, ұрпақтарына өнеге берілген. Мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді шешу ісі астан бөлінгеннен кейін асты мейлінше ысырапшылыққа жол бермей, адамдарды кредитке батырмай, бәсекелеспей жасаған дұрыс.
Діни тұрғыдан қарасақ, ас беру – сауап. Адамға тамақ беру туралы Құранда көп айтылған. Ондай аяттар өте көп. Бірақ тамақ бергенде де ас беруші қауым, қазалы үй қарызға кірмесе екен деп ойлаймын. Қолда барды ұқсатып, орта жолды сақтау керек.
Ал жалпы қайтыс болған адам туралы имам жаназа өткізген кезде көпшіліктен: «Мына адам қандай адам еді?» деп сұрағанда бүкіл халық тұрып: «Мына адам жақсы адам еді» деп куәлік жасайды. Адамдар аста сол адамның жақсылығын айтып, куәлігін жасайды. Ол куәлік діни тұрғыдан да заңды және легитимді болып есептеледі. Себебі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жақсы адам деген кезде бұл кісіге міндеті болды деп айтқан. Бірде қайтыс болған кісіні жаназаға жиналғандар жамандайды. Ол кісілерге де Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) міндетті болды деп айтқан. «Не міндетті болды?» дегенде «Жақсы деп айтқан адамға жұмақ міндетті болды, жаман деп айтқан адамға тозақ міндетті болды. Себебі сіздер куәгерлерсіздер» дейді. Сол үшін бізге жеткен хадисте сіздің қайтыс болған адамға куәлігіңіз оның жақсы ма, жаман ба, баратын жері жұмақ па, тозақ па, соның бәріне әсер етеді деп айтылған. Сол үшін діни қызметкерлер жүрген жерлерінде бекітілген мәзір бойынша дастарқан жайылса, ысырапшылдыққа жол бермес едік деген ойды халыққа жиі айтып жүргенін қолдаймын.
Серікбол ХАМАНҰЛЫ,
Астана қаласы Әлжан Ана мешітінің наиб-имамы:
Ұстанатын қағидамыз
Құран мен салт-дәстүріміз болуы керек
– Қарахан дәуірінен ислам дінін ұстанып келе жатырмыз. Сондай-ақ қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүріміз бар. Сондықтан қандай жағдай болмасын, біз мұсылман болғаннан кейін дінімізден, салт-дәстүрімізден озбай, дін мен дәстүріміздің шеңберінен шықпай амал жасайтын болсақ, үлкен ысырапшылыққа бармас едік. Сондықтан біздің ең үлкен ұстанатын қағидамыз осы Құран мен салт-дәстүріміз болуы керек. Құранда Алла Тағала: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Ақиқатында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Аъраф» сүресі, 31-аят) дейді. Алла Тағала бізге өзінің халал еткенінен қалағанымызша ішіп-жеуге рұқсат етті. Бірақ ысырап етуге тыйым салды. Адал нәрсені де өзінің мөлшерінен артық қолданатын болсақ – ысырап. «Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» деген мақал бар. Сондықтан бір адам өзінің байлығы бар екен деп оны барынша, мөлшерінен асыра шашса ысырапқа алып барады. Ал елден қалмауым керек деп тыраштану, қарызданып-қауғалану, соңында банкке берешек болып, оны төлей алмауда нағыз ысырап. Құранда ысырап сөзінің өзі 2-ге бөлінеді. Біріншісі, халал нәрсенің өзін шегінен тыс қолдану деп келсе, екіншісі харам нәрсеге (құмар ойын, арақ-шарап) ақша жұмсауды шариғатта тәбзир дейді. Ол да ысырап.
Мен Павлодар облысында қатысқан жаназада дастарқанға бауырсақ, сары май, құрт, ірімшік, жент, қант қойылғанын көрдім. Бұл негізінде ең дұрыс нәрсе. Қызығушылық танытып басқа имамдардан бұл нәрсеге қалай қол жеткізгендерін сұрадық. Олар басында халық тарапынан қарсылық болғанын, бірақ уақыт өте келе дұрыс шешім екенін, кедей мен байдың дастарқанында ешқандай айырмашылық жоқ екенін біліп, басқалай да пайдаларын көргеннен кейін халық мұны құптады. Кейін ешқандай қарсылық танытпады деп жауап берді.
Алланың тыйған нәрсесі адам баласына тек пайда алып келеді. Демек, халық ысырапшылықтан тыйылды, халық пайдасын көрді, мақұлдады.
Негізі ас беру мәзірі Мүфтияттан бекітілген, айтылған. Бірақ орындау жергілікті жерлерге байланысты болып отыр. Ауылдың бас көтерер ақсақалдары осыны қолға алса, құба-құп болар еді.