Павлодарда 52 млн теңгенің шыршасы қойылып жатыр

Безендіру жұмыстарына да қыруар қаржы бөлініпті

Павлодарда 52 млн теңгенің шыршасы қойылып жатыр
ашық дереккөз
816

Павлодардағы орталық алаңға 52 млн теңгенің шыршасын қойып жатыр. Оның биіктігі 30 метр болмақ. Шыршадан бөлек, мейрамның көркін қыздыруға арналған безендіру жұмыстарына да қыруар қаржы бөлініпті, деп хабарлады turkystan.kz Qazaqstan.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Ертіс жағасында мұздан қалашық құйылады. Оның құны 53 млн теңге. Сырғанақ, ертегілер кейіпкері бәрі сол жерде болады. Одан басқа, қаланы безендіру үшін 80,5 млн теңге қаржы жұмсалады. Бүркіт пен шаңырақ бейнесіндегі әсем фигураларды қойып самаладай жарқыраған шамдармен безендіреміз, - дейді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.

Биыл биік әрі алып мұз қалашықтарын салуға және ұзын сырғанақтар жасауға күн райы ырық бермейді. Бірақ, қыруар қаржы бөлерде әкімдік мұны ескеріп, сараптамаған сияқты. Осылай деп қоғамдық ұйымдар наразылық білдіріп жатыр. Құқық қорғау органдары болса, бөлінген қаражаттың игерілуін тексермек.

- Жаңажылдық шыршаны безендіруге байланысты сұрақтар бойынша қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа байланысты мониторинг жүргізе бастадық. Қорытындысы бойынша сіздерге қосымша хабар береміз, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Мұратбек Қасымов.

Серіктес жаңалықтары