Спорт салауатты өмір салтына тәрбиелейді

Спорт - дені сау ұлтты қалыптастырудың ажырамас бөлігі.

Спорт салауатты өмір салтына тәрбиелейді
751

Қазір спорттың сан түрлі саласынан еліміздің көрсеткіштері өте жақсы. Бұл туралы саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады turkystan.kz.

«Шавкат Рахмоновтың жеңісі, әлемдік додада қазақ туын көтергені еңсемізді бір көтеріп тастаған еді. Оның алдында Жәнібек Әлімханұлының айқын жеңісі елімізге үлкен қуаныш сыйлады. Футболдан да ұлттық құрамамыздың сәтті жеңістеріне куә болудамыз. Қазір спорттың сан түрлі саласынан еліміздің көрсеткіштері өте жақсы деуге болады» деп жазды ол.

Келер жылы Париж Олимпиадасы өтеді. Одан бөлек, елімізде Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұйымдастырылады.

«Оған Әлемнің 100-ден астам елінен спортшылар қатыспақ. Мемлекет басшысының қолдауымен спорттың дамуына, аймақтарда спорт үйірмелерінің көптеп ашылуына да баса назар аударылуда. Мұның бәрі елімізде бұқаралық спорттың өркендеуіне, жастардың спортқа көбірек келуіне барынша ықпал етері сөзсіз.  Астанада «AMANAT» партиясының қолдауымен «Алтын тұғыр – 2023» іс-шарасы өтіп, Ұлттық спорт түрлерінен үздіктеріміз марапатталды. Елімізде, халықаралық жарыстарда топ жарған спортшыларымызға арнайы құрмет көрсетілді. Іс-шара қатысушыларына арналған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаның үндеуінде «Ұлттық ойындарымыз халқымыздың отаншылдық, адалдық, жауапкершілік, қайсарлық, ептілік сияқты қасиеттерінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына септігін тигізіп келеді» деп атап өтілген», – деді Бауыржан Серікбаев.

Қазақ халқы спортқа әрқашан айрықша көңіл бөлген ел.

«Ұлттық спорттың қай саласы болмасын халқымыздың рухын көтеретін, жүрегіміз бен бойымызға жақын маңызды бағыттардың бірі. Биыл «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығы 10 аталым бойынша «Көкпар», «Бәйге», «Дәстүрлі садақ ату», «Аударыспақ», «Теңге ілу», «JORYQ», «Асық ату», «Жамбы ату»,«Тоғызқұмалақ» және «Құсбегі» сынды бағыттарда Отанымыздың үздік спортшыларына берілді. Бұл партияның ұлттық спортты қолдау мақсатында атқарып жатқан, көпшіліктен кең қолдау тапқан жобаларының бірі. Сайлауалды бағдарламада қамтылып, спортқа жан-жақты қолдау көрсетілетіні де партия тұғырнамасында арнайы жазылған. Айтылған дүние жүйелі түрде іске асырылып келеді. Өз сөзінде партия төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мырза «Таяуда ғана Мәжіліс мінберінде жылқылардың қазақы тұқымын сақтап, өсімін молайту туралы заң жобасы талқыланды. Бұл заң қабылданса, еліміздегі спорттық бағыттағы жылқы тұқымдарын, соның ішінде Адай мен Қостанай жылқы тұқымдарын өсіріп, көбейтуге мүмкіндік туады» деп атап өтті. Спорт - жастарды патриоттық рухқа, салауатты өмір салтына тәрбиелейді. Спорт - дені сау ұлтты қалыптастырудың ажырамас бөлігі. Осы мақсатта атқарылып жатқан партияның игі бастамасы құптарлық іс!» деп жазды ол.

 

Серіктес жаңалықтары