1566
Гамбургер жеңсік ас па еді?..
Гамбургер жеңсік ас па еді?..
Соңғы жылдары елімізде фаст-фуд тұтынушылардың қатары артып келеді. Соған сай жылдам тамақтану мейрамханаларының да саны өлшеусіз көп. Мұндай мейрамханалар жылдам әрі арзан тағам түрлерінің сан алуандығымен ел арасында сұранысқа ие. Бірақ көпшілік фаст-фуд тағамдарының адам денсаулығына зиян екендігін біле тұра, назар аудармайтыны өкінішті.
«Ас – адамның арқауы». Сондықтан дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі екенін дәрігерлер уақыты жоқ, жұмысы көп қазіргінің адамдарына әлі түсіндіре алмай келеді. Бұған «Қоғамдық экспертиза» бірлестігінің жүргізген зерттеуі дәлел. Бірлестіктің зерттеуіне сүйенсек, Алматы қаласындағы университеттер мен колледждерде білім алатын студенттердің 74 пайызы фаст-фуд тағамдарын пайдаланады. Студенттердің 32 пайызы бұл тағам түрлерімен тұрақты қоректенеді. «Қоғамдық экспертиза» бірлестігі жүргізген әлеуметтік сауалнамаға жауап берген студенттердің шамамен 70 пайызы түрлі газдалған, энергетикалық, қанты мөлшерден көп, бояғыштары бар сусындар ішеді екен.
Жеңіл-желпі әзірленетін тағамдарды тұтынудың адам ағзасына зияны үнемі айтылғанымен, бұған жіті көңіл бөліп, назар аударатындар аз. Ресми деректер бойынша, 65 жасқа дейінгі өлім-жітімнің 50 пайызы дұрыс тамақтанбаудан болады. «Адам күніне 1500 калориялы тамақ ішу керек. Қазіргі бір гамбургер немесе бір чизбургердің құрамында 1500 калориялы тамақ бар. Ал адам бір күнде бұл мөлшермен шектеліп қоймайды. Сондықтан мұның адам үшін тигізер зияны өте көп», – дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Венера Мерғалиева.
Студенттердің өз саулығына салғырт қарайтындығын айтып, дабыл қаққан мамандар алдағы 20-30 жылда елдегі сырқаттар санын қазіргі жастар көбейтуі мүмкін деп отыр. Бірақ мамандар зиянды деп таныған жеңіл әзірленетін тағамдарға үзілді-кесілді тыйым салу мүмкін емес. Тыйым салынған күнде де фаст-фудты тұрақты тұтынып үйренгендер мұндай тағамды алмастыратын асты табуы әбден мүмкін. Сөйтіп, фаст-фудтың бәз-баяғыша көпшілік үшін басты тамақ болып қала беру ықтималдығы жоғары.
Денсаулыққа айтарлықтай кесірін тигізетін жеңіл дайындалатын фаст-фуд өнімдерінің түп-төркіні сонау Америкадан бастау алады. 1920 жылы ең бірінші фаст-фуд тағамы Америкада қолданысқа ие болған. 1921 жылы Канзаста «White Castle» атты компания ашылып, алғашқылардың бірі болып гамбургер дайындаған еді. Бұл компания келушілерді гамбургер бағасының тұрақтылығымен жаулап алды, бірақ компания басшысы Билли Инграма тағамның сапасы мен құнары жөнінде ойлаған емес. 1940 жылдардың соңында «White Castle» компаниясының мықты бәсекелесі болып McDonald’s компаниясы бой түзеді. Сол жылдан бастап McDonald’s компаниясы алпауыт компаниялардың біріне айналды. Кеңес Одағы кезінде фаст-фуд адамның өңі түгіл түсіне де кірмеген тағам еді. 1990 жылдың 31 қаңтарында Мәскеуде McDonald’s ашылғанда ашқарын кеңестік азаматтардың кезекте тұруы таңқаларлық жайт болған жоқ. Тек алғашқы күні теңіздің арғы жағынан келген гамбургердің дәмін 30000 адам татып үлгерген. Содан бері америкалық фаст-фудке деген құмарлық арта түспесе, кеміген емес. Бүгінгі таңда Астана мен Алматы қалаларында ашылған McDonald’s мейрамханалары табысты қызмет атқарып отыр. Аталмыш тамақтану орындары алғаш ашылғандағы кезек күткен жұрттың көптігі фаст-фуд өнімдеріне деген халықтың сұранысы жоғары екендігін тағы бір дәлелдегендей болды.
Айта кетейік, тоқсаныншы жылдары гамбургер кедейлерге арналған зиянды тағам болып есептелген. Оны қала көшелерінде үйсіз-күйсіз жүрген адамдарға ғана сататын болған. Тек кейінірек бұл тағам мейрамханалардың мәзірінен орын ала бастады. Деректерге сүйенсек, Aмерикада әрбір 10 адамның тоғызы кем дегенде айына бір рет McDonald’s ресторанына барады. АҚШ-тың өзінде фаст-фуд сататын 300 мың мейрамхана жұмыс істейді екен. Америкалықтар 1970 жылы фаст-фудқа 6 миллиард доллар жұмсаса, бұл көрсеткіш 2011 жылы 142 миллиард долларға өсті. Демек, Америкада фаст-фуд өнімдерін тұтынатындардың қатары жыл өткен сайын едәуір көбейе бастаған.
Ал өткен жылдың деректері бойынша, Қазақстанның фаст-фуд нарығындағы жыл сайынғы айналым 245-260 миллион долларға тең. Еліміздегі ең ірі фаст-фуд дайындайтын компаниялардың бірі – «Burger King Kazakhstan» компаниясының мәліметтері бойынша, жеңіл әзірленетін тағамдар нарығындағы жыл сайынғы өсім 10-12 пайызды құрайды. Қазіргі таңда Қазақстанда бірқатар ірі халықаралық фаст-фуд желілері (Burger King – 23 мейрамхана, Hardee’s – 13 мейрамхана, KFC – 25 мейрамхана) жұмыс істейді. Бұл жерлерден жылдам әрі арзан бағаға тамақтануға болады. Толыққанды мейрамханалардан мұндай тамақтандыру орындарының айырмашылығы қызмет көрсету жылдамдығында, мәселен әр тапсырыс берушіге қызмет көрсету уақыты 5-10 минут болса, келушілер де мейрамханада ұзақ отырмайды (30-40 минут шамасы). Бұл бизнес қожайынына тиімді, тәулігіне отырғызатын орын айналымы анағұрлым жоғары. Қазақстан нарығындағы халықаралық жылдам тамақтандыру мейраханалары желілерінің тәжірибелері бұл саланың табысты екенін дәлелдеп берді. Дағдарыс кезінде мейрамханалар мен кафелерге барушылардың азайғандығы байқалса, ал фаст-фудтан тамақтанушылар саны сол қалпында.
Фаст-фуд тағамдарын біреулер күнде ішіп-жеп жүрсе, кейбіреулер анда-санда ғана пайдаланады. Тамақты үйде асықпай дайындауға мүмкіндік болмағандықтан, фаст-фуд өнімдері қазіргі таңда қолайлы әрі бағасы қымбат емес. Алайда басты байлық – денсаулық үшін өте қауіпті. Әсіресе, балаларды кішкентай кезінен бастап мұндай тамақтарға үйретпеген жөн. Өйткені фаст-фуд баланың ми құрылысына теріс әсер етіп, қызметтерін бұзады, депрессия қаупін жоғарылатып, ақыл-ойдың нашарлауына әкеп соғады. Британдық ғалымдар фаст-фуд тағамдарын 3 жасынан бастап жиі тұтынған 8 жастағы балалардың түйсігі дұрыс тамақтанатын құрдастарымен салыстырғанда төмен екендігін анықтады.
Фаст-фуд сататын дүкендер әдемі жарнамалары арқылы өнімдерін төмен бағалармен ұсынып, жылдам әзірленетінін айтып, тұтынушылардың назарын өздеріне аударады. Мамандардың айтуынша, фаст-фудпен тамақтануға мүлдем болмайды. Осындай тағамдардың құрамында майлар мен консерванттар көп болғандықтан, дәрумендер мүлдем жоқ. Сондай-ақ, фаст-фуд тағамдарын дайындау барысында маргарин көп мөлшерде қолданылады. Маргариннің құрамында жасанды өнім, яғни, транс майлар көп.
Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жағдай адамды психологиялық және химиялық тәуелділікке әкеп соқтырады. Өйткені аталған өнімдерді жасаушылар оның дәмін күшейтетін арнайы қоспаларды қосады да, сол арқылы тұтынушыларды өзіне тартады екен. Тез тамақтанудың кесірінен ас қорыту жолдары қиындайды. Фаст-фудқа үйір жандардың асқазан, жүрек аурулары, қан қысымы, қант диабеті аурулары күн өткен сайын үдей түседі. Әсіресе, өз денсаулығына көңіл бөлмейтін жастар үшін фаст-фуд тағамдарын пайдалану мүлдем қауіпті. Олар күн сайын фаст-фудпен тамақтанатын болса, онсыз да күтім көрмейтін денсаулығы күн өткен сайын әлсірей түседі. Түрлі елдердегі медициналық зерттеулердің нәтижесі фаст-фуд өнімдерін күнделікті қолдану семіздікке әкеледі дейді. Бұған фаст-фуд өнімдерін тұрақты тұтынатын Америкада семіздікке ұшырағандар қатарының көбеюі дәлел. Диетолог-дәрігерлер семіздікке апаратын «қауіпті» тағамдардың көш басына тәтті газды сусындарды шығарады. Шөл басу үшін емес, қайта шөлдетіп, қайта-қайта ішуге мәжбүрлейтін құтыдағы бұл сусындардың құрамында қант шектен тыс көп. Үлкен-кіші құмарланып ішетін бір стакан кока коланың өзінде 5 шай қасық қант бар, ал бір литр кока колада 25 шай қасық немесе 125 грамм қант болады екен. Ал фаст-фуд өнімдерін жеген адам міндетті түрде газды сусынды қоса алатынын ескерсек, семіздік қоғамдық дертке айналуы әбден ықтимал. Сол сияқты картоптан жасалған чипсыларды бала біткен жақсы көреді. Бұлар пюреден жасалғандықтан, оның құрамына жасанды май мен жасанды түрлі дәмдеуіштер қосылып, адамды жеген үстіне жей түсуге шақырады. «Ауру – астан» десек те, оған өзіміз аса мән бере бермейміз.
Әлемдегі ең пайдасыз тамақтану көрсеткіштері қойылған антирейтингте қазақ ас үйі фаст-фуд тағамдарының арқасында «мәртебелі» бестікке енді. Бұл тізімді «Steaklovers.menu» сайты жариялаған. Армения, Венгрия, Бельгия, Чехия елдері бастаған рейтингтің бестігін Қазақстан түйіндеп тұр. Рейтинг жүргізушілер біздің елдегі дәстүрлі тағамдарға майлы ет пен сүт өнімдерін жатқызса, қазіргі Қазақстандағы тым көп фаст-фуд танымалдылығына мән бере отырып, осы орынға лайық көрген.