Діни экстремизмді насихаттайтын 14 мыңнан астам заңсыз материал бұғатталды – министр
Әлеуметтік желілерде діни радикалды топтардағы 20 мыңнан астам адам алшақталды.
Дін саласы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тағы бір маңызды бағыты болып қалады. Бұл ретте ведомство алдында өзара байланысты үш міндет тұр. Мәселен, халық арасында мемлекеттің зайырлы құндылықтарын насихаттау, дінаралық келісімді сақтау және діни экстремизмге жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы министр Аида Балаева Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.
Оның хабарлауынша, аталған міндеттерді іске асыру үшін министрлік дін саласындағы қызметті үш негізгі бағыт шеңберінде атқарады. Бұл - ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтару және интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы жұмыстар.
«Әрине, мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек екені айқын. Сондықтан діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам заңсыз материалдар жойылып, бұғатталды. Әлеуметтік желілерде діни радикалды топтардағы 20 мыңнан астам адам алшақталды. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, конфессияаралық келісімді насихаттау және зайырлылық құндылықтарын нығайтуға бағытталған 75 мыңнан астам материал БАҚ-та, танымал әлеуметтік желілерде орналастырылды», – деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Сонымен қатар дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы дайындалды.