Ішкі істер министрлігі: Тергеушілер 50 мыңға жуық істі сотқа жіберді
Биыл 49 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның 1409-ы аса ауыр қылмыс, 12 517-сі ауыр қылмыс жасаған.
Еліміздегі қылмыстық істердің 96%-ын ішкі істер органдарының тергеушілері тергеп жатыр. Осы жылдың басынан бері полиция 360 мың қылмыстық істі тергеді, оның ішінде 167 мың іс аяқталды, 50 мыңға жуығы сотқа жіберілді, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сонымен қатар биыл ІІМ-нің тергеушілері азаматтарға ірі шығын келтірген қылмыстық топтарға, есірткі зертханаларына, бала саудасына, қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істерді тергеуді аяқтады.
Ішкі істер органдарының істері бойынша барлығы 49 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның 1409-ы бірі – аса ауыр қылмыс, 12 517-сі ауыр қылмыс жасағаны үшін.
Тергеушілер жұмысындағы басым бағыттардың бірі – қылмыстан зардап шеккендерге келтірілген шығынның өтелуін қамтамасыз ету. Биыл жәбірленушілерге 21 млрд теңгеден астам шығын өтелді, ал мүлікті тәркілеуге қатысты сот үкімін орындау мақсатында 1 млрд теңгеден астам мүлікке тыйым салынды.
Тергеу нәтижелері бойынша тергеу және анықтау бөліністерімен қылмыстық құқықбұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы 50 мыңнан астам ұсыну енгізілді.
– Ішкі істер министрлігі қылмыстық істерді тергеп-тексеру сапасына және сотқа дейінгі өндіріс барысында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына ерекше назар аударады. Қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмайды. Осы жылы ІІМ базасында 300-ден астам тергеу аппаратының басшысы оқудан өтті. Ведомстволық оқу орындарында 450-ден астам қызметкер біліктілігін арттырды. Қылмыстың жекелеген түрлерін, оның ішінде интернет-алаяқтық сияқты жаңа түрлерін тергеу бойынша әдістемелік ұсынымдар аумақтық полиция бөліністеріне жолданды, – деді ҚР ІІМ тергеу департаменті басқарма бастығы Ермек Шүлден.
Қылмыстық процесті цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде полицияның тергеушілері мен анықтаушылары барлық мемлекеттік деректер базасына қосылатын қажетті құрал-жабдықтармен 100% қамтамасыз етілген, бұл әртүрлі сұраныстарды алу уақытын айтарлықтай қысқартты. Биыл аяқталған қылмыстық істердің 90%-дан астамы электронды форматта аяқталды.
Қылмыстық процесті жетілдіру бойынша заңнамалық жұмыстар жалғасып жатыр. Осы жылдың 19 мамырында Қылмыстық-процестік кодекске қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары туралы түзетулер күшіне енді, онда тергеушінің қысқаша хаттама жасау және бейнеформатта тергеу жүргізу құқығын көздейтін өзгерістер енгізілді. Норма азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және тергеу әрекеттерін жүргізу уақытын қысқартуға бағытталған. Биыл жаңа бейнеформатта 19 мыңнан астам тергеу әрекеттері жүргізілді.
Жалпы қабылданған шаралар сотқа дейінгі тергеу нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік берді, атап айтқанда:
– қылмыстық істерді тергеу сапасы 30%-ға артты;
– азаматтардың, оның ішінде соттармен ақталған адамдардың конституциялық құқықтарының бұзылуы 52%-ға қысқарды;
– тергеу мерзімдерін сақтау 30%-ға жақсарды.