Талдықорғанда екі айдан бері сабаққа бармаған қыз іздестіріліп жатыр

Талдықорған полициясы оқиға туралы түсінік берді.

Талдықорғанда екі айдан бері сабаққа бармаған қыз іздестіріліп жатыр
Фото: halyk_zhurnalist.kz
2534

Талдықорғанда екі айдан бері сабаққа бармаған қыз іздестіріліп жатыр. Журналист Сандуғаш Дүйсенова Талдықорғанда табылмай жатқан қыз туралы айтты, деп хабарлады turkystan.kz qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Сандуғаш Дүйсенова Жетісу облыстық полициясының жұмысын сынға алған. Ол елден кез келген ақпарат болса, полицияға хабарлауды сұрады.

«Жағдай қорқынышты. Бұл алаңдатарлық хабарды дереу Жетісу облысының білім басқармасына жолдадық. Бірақ олар менің көңілімді қалдырды. Қызды әлі таба алмай жүр. Мұғалімдер үйіне, сосын ауысты деген мектепке барады. Ал Жетісу облысының полицейлері өтінішті қабылдауды неге кешіктіріп жатқаны түсініксіз», – дейді журналист.

 

Осыған байланысты Талдықорған полициясы түсінік берді.

«28 желтоқсанда Талдықорған қаласының полиция бөліміне мектептердің бірінің басшылығынан бірнеше ай бойы сабаққа қатыспаған 14 жастағы оқушының жоғалып кеткені туралы ақпарат келіп түсті. Кәмелетке толмаған оқушыны іздеумен Талдықорған қалалық полициясының қызметкерлері айналысуда. Оның жоғалуының барлық мән-жайлары анықталуда. Іздестіру іс-шараларына облыстық департаменттің іздестіру бөлімінің жедел уәкілдері мен жақын орналасқан аудандардың полицейлері де тартылған. Жоғалған қыздың ата-анасы, туыстары мен жақындарынан жауап алынуда. Бейнебақылау камералары қаралып, такси аялдамалары тексеріліп жатыр. Сондай-ақ  жоғалған қызды тез арада табуға  бағытталған басқа да іс-шаралар жалғасуда», – делінген Талдықорған қалалық полиция басқармасының хабарламасында.

Айта кетейік, қыздың анасы өгей әкесімен бірге тұрады. Нағашысының айтуынша, күйеуі оны ұрып, қысым көрсетеді. Жоғалған қыздың оқиғасына да соның қатысуы болуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары