Қоғам белсенділері Е.Сағадиевтің жұмыстан кетуін талап етті

Қоғам белсенділері Е.Сағадиевтің жұмыстан кетуін талап етті

Қоғам белсенділері Е.Сағадиевтің жұмыстан кетуін талап етті
ашық дереккөзі
331
Белсенділер әлеуметтік желіде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қызметінен қуылуын талап етуде. Қазақстанның «бас педагогы» қазақ халқына, қазақ тіліне қарсы науқан жүргізіп жатыр деп айыпталуда. Тіпті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының бірнеше академигі де Премьер-министрге ашық хат жазды деп хабарлайды sn.kz. 
Мұндай наразылықтың себептеріне тоқталсақ. Біріншіден, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен жоғары және одан кейінгі оқу орындарындағы мамандықтар тізімінен «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика», «Шығыстану» секілді ең қажетті пәндер алынып тасталған. Екіншіден, былтыр жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп бағдарламасынан «Әліппе» мен «Ежелгі қазақ тарихы» пәндері де алынып тасталынды. Үшіншіден, Елбасының солтүстік облыстарын қазақтандыру керек деген тапсырмасы аясында іске қосылған «Серпін» бағдарламасы ҚР БҒМ бұйрығымен жұмысын тоқтатты. Осы аталған жайттардан кейін қоғам белсенділері Ерлан Сағадиевтің жұмысынан кетуін және осы жасаған әрекеттері үшін заң алдында жауап беруін талап етуде. «Мектептерге үштілді білім беру жүйесін енгізу - балалардың конституциялық құқығын бұзу болып табылады. Қазақстан балалары орта білімді өз ана тілінде алуларына құқылы. Сонымен қатар, министр былтыр ЖОО-ларда ежелгі қазақ тарихы кафедраларын жапқызып, пәнін алып тастады. Бастауыш сыныптардан «Әліппені» алып қойды. Қазір студенттер үшін құрылған оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасын да жауып тынды. Ол аздай, «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерін алып тастады. Мен министрдің бұл әрекеттерінің бәрін қасақана жасалған қастандық деп білемін және оның сотталуын талап етемін», - дейді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан. Ал блогер Айгүл Орынбек  барша қазақстандықтарды Ақорданың WhatsApp-мессенджеріне хат жазып, Сағадиевті қызметінен босатуды талап ету керектігін айтып отыр. Саясаттанушы Айдос Сарым да министрдің іскерлік әрекеттеріне күмәнмен қарайтынын жазды. «Жалпы Қазақстанда филолологияны филология ететін филология емес! "Именно" қазақ филологиясы, қазақ филологтары. Ұлттың, елдің аты мен атауы, тілі мен ділі, оның мазмұны мен сапасы, кешегісі мен болашағы. Қазақ бола отырып, егемен дəулет құрып, қазақтықтан неге үркуіміз керек? Онымыз кімнің тақиясына тар келіп тұр? Олай болатын болса осы бір түсініксіз, қадыр-қасиетсіз министрдің қазақ атаулыға осыншама жауыққанын түсінбеймін. Əкесін академик қылдық, бар ғимаратын жекешелендіріп, университет ашуына жол бердік. Не жаздық екен? Бүкіл билік ішіндегі, шенеунік атаулының арасындағы қазаққа ең сүйкімсіз министр екені мен үшін анық. Істеген ісінің барлығы шикі, бəрі даулы. Бір инабаты, иманы жоқ адам сияқты көрінеді», - дейді Айдос Сарым. «Мына министрсымақ Сағадиевтің "істерін" білген сайын төбе шашым тік тұратын болды. Осы біреу қазаққа қарсы жұмыс жасаған Майлыбаевтың сыңары болып жүрмесін. Масқара ғой!», - деп жазды саясаттанушы Расул Жұмалы өзінің Facebook-парақшасында.  

Серіктес жаңалықтары