Талдықорғанда жоғалып кеткен 14 жастағы қыздың ата-анасы қамауға алынған
Аталмыш фактіге қатысты Жетісу облыстық полиция департаменті пікір білдірді.
Желіде Талдықорғанда жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен оқушы қыздың өгей әкесінің видео үндеуі пайда болды. Жетісу облыстық полиция департаменті ер адамның айыптауына жауап берді, деп хабарлады turkystan.kz nur.kz сайтына сілтеме жасап.
14 жасар қыздың жоғалып кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде 2023 жылдың желтоқсан айының соңында пайда болды. Баланың тоқсан бойы мектепке бармағаны хабарланды. Осыдан кейін оның туыстары дабыл қаққан.
Жоғалған қыздың анасы алдымен қызының басқа мектепке ауыстырылғанын, кейін Ресейдегі әжесіне кеткенін айтқан. Алайда ол жерде болмай шыққан.
Кейін әйелдің кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған.
Ал бір күн бұрын әлеуметтік желіде із-түссіз жоғалған оқушы қыздың өгей әкесінің мемлекет басшысына, бас прокурорға, ішкі істер министріне жолдаған видео үндеуі жарияланды.
«28 желтоқсаннан бері әйелімді өзі жасамаған іске кінәлап, кісі өлтірді деп айыптап жатыр. 29 желтоқсанға қараған түні полиция қызметкерлері оны полиция бастығымен сөйлесуге шақырып, сәбиімен бірге үйден алып кеткен. Кейін бір сағаттан соң қолыма кісен салып, куәгер болдың деген айып тағылды, ал әйелім өлтірді деп айыптауда. Таңертең бізді тауға апарды, сонда мені полиция қызметкерлері ұрды», - деді ер адам.
Оның айтуынша, оларды Талдықорғанға түс ауа ғана әкелген, телефонын алып қойғандықтан ешкімге, оның ішінде заңгерлерге де хабарласа алмаған. Содан кейін ер адамды босатқан, бірақ оның әйелі әлі қамауда. Ол қазіргі жағдайды назарға алуды өтінді.
Ал Жетісу облыстық полиция департаменті қазір жоғалған оқушы қыздың анасы мен өгей әкесі ұсталғанын хабарлады.
«14 жастағы қыздың жоғалу дерегіне байланысты күдікті деп танылған қыздың туған анасы мен Тиктокта шағымданған өгей әкесі ұсталып, қамауға алынды.
Күдіктілерге қатысты заңсыз тергеу әдістері расталған жоқ. Алғашқы күннен бастап заңгерлерге тергеу амалдарына қатысуға мүмкіндік берілген. Тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.