Сот Qnet қаржы пирамидасының басшысына қатысты үкім шығарды
145 млн теңгеден астам мөлшерде мүліктік залал келтірілді.
Астанада қаржы пирамидасын құрған және басқарған, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастырған азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады turkystan.kz.
Сотта анықталғандай, 2019 жылдың 1 наурызы мен 2023 жылдың 17 наурызы аралығында сотталушы Астана қаласы мен Ақмола облысының аумағында Qnet халықаралық компаниясы өнімдері интернет саудасының мұқабасымен қаржы пирамидасын ұйымдастырған. Әрі қарай ол тауарды заңды түрде сатып алу мақсатында жәбірленушілерге психологиялық қысым көрсете отырып, екінші деңгейдегі банктерден, соның ішінде тауарлық несиелер алуға мәжбүрлеп, олардың ақшаларын заңсыз тартқан.
«Степногорск, Щучье, Атбасар, Көкшетау қалаларында және Ақмола облысының Шортанды кентінде қаржы пирамидасын құрып, оларды басқарған және өкілдері болған. Бұл ретте Қазақстан азаматтарына тиімді ақшалай салымдар туралы айтып, оларды жаппай тартқан. Шындығында, төлемдер басқаларды тарту есебінен жүргізілді және төлемдер мөлшері салынған қаражат сомасының тек 10-15%-ын ғана қамтыды. Әрі қарай Qnet-ке адамдарды тұрақты тартудың болмауына байланысты төлемдер түспеген», – делінген хабарламада.
Оның қызметінің салдарынан 136 жәбірленушіге 145 млн теңгеден астам мөлшерде мүліктік залал келтірілді. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
«Сот үкімімен Ж. ҚР ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен және 218-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, азаматтардың ақшалай қаражаты мен инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.
Жәбірленушілердің азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.