Қызылордада қайтыс болған ер адамның шотына зейнетақы түскен

Ер адам 2,5 ай бұрын қайтыс болған.

Қызылордада қайтыс болған ер адамның шотына зейнетақы түскен
baq.kz
4269

Қызылорда да 2,5 ай бұрын қайтыс болған 65 жастағы Бисембай Пірманов әлі тірілер тізімінде тұр, деп хабарлады turkystan.kz.

Тіпті, марқұмның есепшотына ай сайын зейнетақысы түскен. Ал бақилық болған азаматтың туыстары тиісті анықтаманы ала алмай сабылып жүр.

Информбюро бағдарламасынының мәліметінше, Бисембай Пірманов өткен жылы қазан айының соңында көз жұмған болатын. Сол уақытта жедел жәрдем қызметкерлері де, полицейлер де келіп, азаматтың өз ажалымен дәм-тұзы таусылғаны туралы хаттама толтырыпты. Бірақ бұл қағаз ешқайда жарамады дейді туыстары. Себебі Ахметқали Ақанов бажасының қайтыс болғаны туралы анықтаманы ала алмай талай табалдырықты тоздырып шаршаған.

«Бажам 2007 жылдан бері Қызылорда қаласы Шұғыла шағын ауданы 20 пәтерде тұрады. 6-шы емханаға тіркелген. Бірақ оны Тараз қаласына аударып жіберген. Оның бәрі медицина саласының дұрыс жұмыс істемегендігінен. Соның кесірінен әлі мен өлі туралы құжат ала алмай жүрмін. Өліп қалған адамның атына ақша түсіп тұр», – дейді марқұм Бисембай Пірмановтың туысы Ахметқали Ақанов.

Яғни, марқұмның есепшотына екі жарым ай ішінде 240 мың теңгедей зейнетақы түскен. Ең қызығы, 65 жастағы зейнеткер өмірінде барып көрмеген Тараз қаласындағы емхананың тіркеуінде тұр екен. Сондықтан облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар анықтаманы бере алмай отырмыз деп ақталды.

«Жамбылда ЖСН-ды теру барысында саннан қате кетіп, бұл кісі тіркеліп кетуі мүмкін. Қандай да бір дертпен тіркеуде тұрған жоқ. Өзі кезінде тіркелген емхана бар. Бірақ ол жерде тіркеуде тұрмағандықтан сот арқылы шешу керек», – деді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Әбубәкірова.

Жауаптылар марқұмның Тараздағы емханада тіркеуге қалай алынғанын өздері де білмей дал. Сондықтан зейнеткердің бақилық болғаны туралы анықтама тек сот шешімімен ғана беріледі. Ал Ахметқали Ақанов барлық құжаттар цифрлық жүйеге өткен уақытта туысымның өлгенін дәлелдеудің мұңға айналады деп ойламадым деп күйінеді.

Серіктес жаңалықтары