Талай тұлға еңбек еткен TÚRKISTAN

Túrkistan-да ел мен жер тарихына қа­тысты материалдар, әлеуметтік мәселелерге қа­тысты өткір мақалалар жиі шығып, аз уа­қытта жұртқа танымал басылымға ай­нал­ды.

Талай тұлға еңбек еткен TÚRKISTAN
1637

Санаулы күндерден соң Túrkistan халықаралық газетінің ашылғанына да 30 толғалы отыр екен. 30 жыл деген адамзат қоғамының тарихымен салыстырғанда қас-қағымдай-ақ сәт, дегенмен соның өзінде талай тарихи оқиғалар жүз беріп, үлкен істер атқарылып жатады.

Қазақ баспасөзі тәуелсіздіктен бері жақ­сы дамыды, көптеген газет-журнал ашыл­ды, бұрыннан шығып келе жатқан­да­ры атауын өзгертіп, қайта түлеп нағыз ха­лықтық басылымдарға айналды. Ал жаңадан ашылғандарының ішінде өзіндік бет-бейнесін қалыптастырып, оқыр­ман­дар­дың көзайымына айналды. Соның ал­дын­да Túrkistan газеті тұр деп сеніммен ай­туға болады.
Жасыратын несі бар, ел тәуелсіздігін ал­­ғалы бері талай жақсы газет-жур­налдар шықты ғой, бірақ солардың кө­бі қаржылық жағдайдың қиындығынан жа­былып қалды. Соны көріп отырып, не­гі­зін Қазақстанның Халық жазушысы Қал­тай Мұхамеджанов қалаған Túrkistan га­зе­тінің әлі күнге тұрақты түрде шығып жат­­­­қа­нына шүкірлік айтып, қуанамын. Túrkistan ашылғаннан бері ұлт зиялылары оқи­тын, елдік мәселелерге тынбай үн қо­сып келе жатқан газет. Демек, бұл басы­лым­да еңбек ету әр журналист үшін мәртебе деп ойлаймын.
Мен Túrkistan газеті ашылғанына екі жыл толар алдында ғана жұмысқа тұрдым. Оның өзі аяқ астынан болғандай еді.
1969 жылы КазГУ-дің (қазіргі әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлттық университеті) жур­налистика факультетін бітірген соң Қы­зылорда облысының Тереңөзек ауданы «Ең­бек туы» газетінде 5 жыл бөлім мең­геру­шісі болып еңбек еттім. Одан кейінгі 21 жылда кеңшарда партком хатшысы, Те­реңө­зек аупартком бөлімінің меңгерушісі, ауат­ком төрағасының орынбасары, аудан әкі­мінің орынбасары қызметтерін атқар­дым. Соңғы қызметте жүргенде ауданы­мыз­ға келген Қалтай Мұхамеджановпен кез­десіп, үйге шақырып, қонағасы бердім.
Қалтай ағаны бұрыннан білеміз, ол ту­ралы біраз әңгімеге де қанықпын. Де­ген­мен жүзбе-жүз отырып әңгімелескенге не жет­сін! Қалағаң өзі ашқан Túrkistan газеті ту­ралы біраз әңгіме айтты. Елге келгендегі мақ­саты да газет таралымын көбейту шар­уа­сымен жүргенін жеткізді.
Қалтай ағамыздың Túrkistan газетін қа­лай ашқаны жұртқа белгілі ғой, ол ту­ра­лы талай адамдар жазды. Сондықтан мен ол жағын қайталап отырғым келмейді.
Тереңөзектегі үйімдегі отырыста Қал­­тай ағаның қасында оның туған аға­сы Әби және Алматыдан өзімен бірге кел­ген ақын Сейфолла Оспан болды.
Мен ұзақ жылдар бойы өзім қызмет ет­кен жерлерде ескі әңгімелерге, сол өңір­ден шыққан белгілі кісілер туралы айтыл­ған сөздерге, түрлі деректерге құлақ түре жүре­тін адаммын ғой, солардың көбін қа­ғаз­ға түсіріп қойғанмын. Одан Сейфолла Ос­панов ағамыздың хабары бар. Содан бо­лар, дастарқан үстінде әртүрлі тақырып­та әңгіме қозғалып, Сыр бойы тарихы, Сыр сүлейлері хақында қызу әңгіме болып жат­қан бір тұста Сейфолла аға: «Қалаға, бұл іні­­­­міздің ел-жер тарихы жөнінде жинап жүр­гені көп, сонымен танысып көрсеңіз бола­ды» деп ағамыз назарын маған бұрды. Сөй­тіп, Қалтай аға менің жиып-тер­ген­дерімді көріп, риза болып: «Жолбарысым-ау, − деді әдетте өзінің сүйсініп айтатын сөзі­мен. − Сырдың қазіргі «Сыр сандығы» өзің сияқтысың ғой, мына қазыналарды ше­тінен баспасөзге шығара беру керек екен, − деді. – Өзің ауданға сыймай жүрген сияқ­­­­тысың, Алматыға келсеңші, − деп қа­нат­тандырып қойды мені.
Сөйтіп, Қалағаның сол күнгі айтқан бір сө­зі тағдырыма бетбұрыс жасап, Алматыға кө­шіп келдім. 1995 жылғы 10 қаңтардан бас­тап халықаралық Túrkistan газетіне жұ­мыс­қа орналастым.
Газетке жұмысқа тұрған соң Сыр бойы­на қатысты жинаған материалдарым бірі­нен соң бірі жарық көре бастады. Сол тұста га­зеттің таралымын көбейтуге де атсалыс­тым. Túrkistan газетінің таралымын көтер­ген Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан жә­не Қызылорда облыстары болды.
Túrkistan-да ел мен жер тарихына қа­тысты материалдар, әлеуметтік мәселелерге қа­тысты өткір мақалалар жиі шығып, аз уа­қытта жұртқа танымал басылымға ай­нал­ды. Сөйтіп, ұлттық баспасөзіміз тари­хын­да өз орнын иеледі.
Түркістан атауы бір кезде Қытайдың ба­тысы, Орталық Азия мен Ауғанстанды қо­са қамтыған тарихи атау ғой, Túrkistan газеті шыққанда Өзбекстанның сол кездегі президенті марқұм Ислам Каримов өз елін­дегі баспасөз басшыларына айтқан екен, «Тарихи атаудан айырылып қалдыңдар, әне қа­зақ­тар «Түркістан» деп халықаралық га­зет ашып алды» деп. Демек, Қалтай газетті «Түр­кістан» деп атағанда бұл атаудың бір қа­ланың аты емес, жалпы үлкен аймақтың атауы екенін және соның негізгі мұрагері қа­зақ елі екенін ұқтырған ғой.
Túrkistan газеті халықаралық газет бол­ған соң әлемдегі болып жатқан үлкен саяси оқи­ғалар жайында үнемі жазып тұрды, со­нымен бірге түбі бір түркі халықтары ту­ралы көптеген құнды мәлімет беретін ма­териалдар жиі жарияланып, еліміз оқыр­мандарын алыс-жақындағы елдер туралы та­нымдық мәні мол деректермен таныс­тыр­ды. Былайша айтқанда, әсері бір күндік жылт етпе жаңалықтардан гөрі тағылымы мол, уақыт сынынан өтетін материалдарды көптеп жариялады. Мұны 2020 жылдың ба­сында шыққан «Túrkistan газеті» атты жи­нақтан байқауға болады. Онда 25 жыл ішін­де газетте басылған ең үздік материал­дар топтастырылған.
Túrkistan газетінің шыққанына 5 жыл тол­ғаннан кейін Қалтай Мұхамеджанов га­зетті жастарға тапсырды. Сөйтіп, газетке бел­гілі медиаменеджер, шебер ұйымдас­тыру­шы Шамшидин Пәттеев бас редактор болды. Ол газетке 1999-2018 жылдарда бас­­­­шылық жасап, газеттің көлемін ұлғайт­ты. Газеттің тиражы көбейіп А2 форматын­д­а 12 беттік үлкен газетке айналды. Сол қалыпта газет 2019 жылдың басына дейін шы­ғып тұрды. Пәттеевтен кейін бір жарым жыл­дай уақыт Жаңабек Шағатай, одан соң үш жыл Қуат Әуесбай газетті басқарды. 2021 жылдың аяғынан бері Túrkistan газе­тіне белгілі ақын, «Ақтөбе» облыстық газе­тін 20 жыл басқарған тәжірибесі мол Бауыр­жан Бабажанұлы басқарып келеді.
Túrkistan газеті қашанда ауызбірлігі мол ұжым болды. Өзім істеген кезде туралы айтсам, бұл газетте өзімнен үлкендермен де, қатарластармен де, кішілермен де жұ­мыс­тас болды. Кейбір үлкен кісілер қазір орта­мызда жоқ.
Túrkistan газетінің алғашқы бас редак­торы Қалтай Мұхамеджанов, көрнекті аудармашы, жазушы Әбілмәжін Жұмабаев, Әбірәш Жәмішев, Бейбіт Сапаралы, Ди­дахмет Әшімханұлы, Жаңабек Шағатай, Шәм­шидин Паттеев, Көлбай Адырбекұлы, Айнаш Сатаевалар осы басылымның кере­гесін жайып, уығын қадасқандар. Ақын Абзал Бөкен, жазушы Қажығали Мұ­хан­бет­қалиұлы, жазушы Нұрқасым Қазыбеков, Ер­мек Сахариев, Ізімкүл Иманбекова, Ермек Зәңгіров, Рымтай Сағымбекова, Таң­сұлу Алдабергенқызы, Сұлтанәлі Қанат­баев, Амантай Кәкен, Бота Бөрібаева, Қалдарқан Қамбар, Жанар Тәпиева, Бану Шалова, Рая Арғынбекова, Ольга Иванова, Валентина Битеева, Өтеш Аққожин, Базарбай Хуаев т.б. көп­теген қаламгер газетте 1994-2001 жыл­дар аралығында жұмыс істеді. 
Газеттің басшылығына Шәмшидин Пат­теев келгеннен кейін әр жыл­дар­да оның орынбасарлары болып Ғалымжан Мелдеш, Дидахмет Әшімханұлы, Жаңабек Ша­ғатайлар жұмыс істеді. Газет тілшілер құра­мы да үнемі жаңарып отырды. Есенгүл Кәп­қызы, Гүлнәр Мұқанова, Гүлзина Бек­та­сова, Нәзия Жоямергенқызы, Гүлбиғаш Омарова, Ғайни Дәулетбаққызы, Кәмшат Тас­болатова, Динара Мыңжасарқызы, Ерке­жан Жұматаева, Ақниет Оспанбай, Ахмет Өмір­зақ, Анар Лепесова, Әсел Әнуәрбек, Жә­нібек Ғалым секілді журналистер еңбек етті. Ахмет Өмірзақ әлі де осы газеттің Ал­ма­тыдағы меншікті тілшісі болып жұмыс іс­теп келе жатыр.
Túrkistan газеті ұжымының бір ерек­шелігі, Ш.Пәттеев бас редактор болғаннан бе­ргі жерде журналистердің дені қыз-ке­лін­­шектер болды. Жұрт соған орай қал­жың­­дап, Túrkistan-ды «қыздар шығара­тын га­зет» дейтін. Расында, қарап отыр­сақ, бұл газетте тер төккен журна­листер қа­тарында әйел-қыздар көп болыпты. Сол дәстүр қазір де жалғасып келе жат­қан көрінеді.
Túrkistan газеті менің журналистік дең­гейімді көтерді, онда осы кезге дейін жаз­ған мақалаларымның түгелге жуығы жа­рия­ланды. Газет бетінде шыққан мате­риал­дарым бірнеше кітапты құрап, басылып шық­ты. Демек, елге атымыз белгілі болса, ол Túrkistan-ның арқасы.
Еңбек еткен жерің халыққа белгілі ба­сы­лым болса ол да адамға шабыт береді, із­де­ніске жетелейді. Мәселен, осы газетте жү­ріп мен 1872 жылдың аяғында Санкт-Пе­тербург қаласында шыққан «Түркістан альбомы» жайлы Әлкей Марғұланның 1985 жылы шыққан «Ежелгі жыр-аңыздар» деген кітабынан оқып, соны іздеуге бел будым. Сөйтіп, оны тауып елге жеткіздім. Аль­бом­ның Қазақстандағы меншік иесі деген автор­­лық куәлік алған соң оны шы­ғартқым келді. Сол кезде Қалтай Мұхамеджановтың қол­дауымен 2005 жылы «Түркістан аль­бо­мы­ның» шағын түрі басы­лып шықты. 2020 жы­лы бұл альбом «Түркістан 1866-1872» де­ген атпен толық күйінде басылып шық­ты. Егер Túrkistan газетінде қызмет етпе­сем, бұл альбомды та­уып, оны Қазақстанда шығартар ма едім? Де­мек, бұл да Túrkistan га­зе­тінің шарапаты! Бұл аль­бомды тап­қа­ным тура­лы елден сүйінші сұрап, ал­ғаш жаз­ған Túrkistan болса, 2020 жылы да ме­нен сұхбат алып аль­бомның толық күйінде кітап болып басылып шыққанын да жұртқа жеткізген де Túrkistan.
Túrkistan газеті қазір де өз дәрежесінде шы­ғып жатыр. Мұнда істеп жатқан жас­тардың ізденістері қуантады. Әлі күнге өзім үзбей оқитын Túrkistan газетінде түрлі әлеу­меттік мәселелер көтеріліп жатады, қа­лам­герлермен, өнер адамдарымен жа­сал­ған сұхбаттар жиі жарияланады, әлемнің барлық елінде жетістікке жеткен қазақ жас­­тары туралы мақалалар үзбей шығып ж­атады.
Газеттің 30 жылдық мерейтойы тұсын­да­ғы лебізімді өзім ғана емес, қазақтың та­лай белгілі ұлдары мен қыздары еңбек ет­кен Túrkistan-ға деген тілегіммен аяқта­ғым ке­ліп отыр: Túrkistan газеті халқымызға әр­қа­шан өзінің биік деңгеймен қызмет ете бер­сін. Басылымда еңбек еткен барша қыз­мет­кер­лердің еңбектері еленіп, абы­рой­лары ар­та берсін!


Тынышбек ДАЙРАБАЙ, 
газеттің ардагері,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Серіктес жаңалықтары