Кірген адам шыққысы келмейтін музей
Музейдегі ең көне аспап – 1802 жылғы домбыра
Музыкалық аспаптар – біздің тарихымыз. Оның әрбірі халқымыздың белгілі бір дәуірінен сыр шертеді. Қосшы қаласында аспаптарға арналған музей барын, өкінішке қарай, көп адам біле бермейді. Барған адам біздің қандай ұлы мәдениеттің иесі екенімізге көзі жетер еді. Біз жақында сол музейдің жай-күйімен таныстық.
1600-ге жуық музыкалық аспабы бар Азамат
Көне музыкалық аспаптар мұражайы десе әдетте көз алдымызға әйнектің арғы жағында халыққа көрсетуге арналған, қолмен ұстауға болмайтын тарихи жәдігерлер елестейді. Осындай стереотипті өзгерткен аспаптар музейі Астана маңында орналасқан Қосшы қаласында былтыр жазда ашылған болатын. Мұнда келушілер аспаптарды қолмен ұстайды, тартып көреді, суретке түседі. Өтетін лекция да еркін форматта.
Мәдениет үйінен ашылған музей жайында осындағы экспонаттарды жинаушы, мультинструменталист, музыкант, Қосшы қаласы Мәдениет үйінің қызметкері Азамат Бақиямен көне аспаптар туралы кеңінен сөйлескен болатынбыз.
– Музейге келгендер аспаптар тарихы, қолданылуы туралы лекция тыңдайды. Тыңдаушыларға сол жерде 40 секунд ішінде 1 сазсырнай жасап көрсетемін. Кейін лекция соңында қойған сұрағыма кім дұрыс жауап берсе, аспапты соған сыйлаймын. Айтылған мәліметтерді барлығы ұйып тыңдайды. Әсіресе, аспапты ұстап, ойнап көргенде балалардың жүздері қуаныштан бал-бұл жайнап шыға келеді. Әйнектің ар жағындағы аспапқа сығалағаннан осылай жанды байланыс орнатқан әлдеқайда пайдалы деп білемін. Қосшыны кейбірі алыссынып, музейге келгісі келмейді. Алайда келгеннен кейін кеткісі келмей тұрады адамдар, – дейді музыкант.
Азамат жастайынан өнерге құштар болып өседі. Әкесі – шебер, атасы – ұста болған кісілер. Музыкалық аспаптарға қатысы жоқ болғанымен, ауылдағы тұрмысқа қажетті заттарды өздері қолдан жасап алады екен. Кейіпкеріміз бала күнінен атасы ағаштан ойып, қолдан жасап берген ойыншықтармен ойнап өскен. Көкірегіндегі өнерге деген махаббаты мен асыл арманы оны Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына жетелейді. Таңдауы сыбызғы аспабына түсіп, оқуды ойдағыдай аяқтап, еңбекке араласады. Ата-баба қанымен берілген талант тас жармай қоймады. Бір өзі 60-тан астам аспапта еркін ойнайтын Азамат он саусағынан өнер тамған шебердің нақ өзі. Көне аспаптарға деген қызығушылығының арқасында ол «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблінде 5 жыл өнер көрсетіп, ұлттық музыкалық өнердің дамуына үлес қосты. Кейін топтан өз еркімен кетіп, көнеден келе жатқан ұлттық музыкалық аспаптарды жасаумен, жаңғыртумен айналыса бастады. Өйткені елімізде көне аспаптарды жасайтын шебер жоқтың қасы. Бүгінде Азамат Бақияның коллекциясында әлем халықтарына және қазақ ұлтына тиесілі музыкалық аспаптың 1 600-ге жуық түрі бар. Музейде балаларға арналған бірнеше үйірме жұмыс істейді.
Ұрмалы аспаптарды тарихи фильмдерде көрсету керек
Қазақ даласында 120-дан астам аспаптың түрі бар. Ұлттық музыкалық аспаптар негізінен бес түрге бөлінеді: ішекті, ыспалы, ұрмалы, үрмелі және тілшелі. Шотландықтардың қолтыққа қысып ойнайтын волынкасының өзінің қазақта 4 түрі бар: мес сырнай, тұлып сырнай, желбуаз, желқабыз. Желбуаз аспабын ең алғаш 1984 жылы Н.Тілендиев «Отырар сазы» оркестрімен Мәскеудегі концертке апарған екен.
– Тарихта ең әуелі ұрмалы аспаптар пайда болған. Адамдар алғаш сүйекті сүйекке, мүйізді мүйізге, өлген малдың терісін ұру арқылы дыбыстар шығарады. Біздің даламызда ұрмалы аспаптың 17 түрі бар. Дабыл, қол дабыл, жорық дабыл, дулыға, дудыға, кепшік, шың, шыңдауыл, дауылпаз, шыңдауыл, қос дүңкілдек, сақпан, асатаяқ, т.б. түрлері бар. Қазір осы аспаптар қолданыстан шығып қалды. Өкінішке қарай, шетелдің дарбука, кохон, джембе деген аспаптарының Қазақстанға сіңіп кеткені сондай, ансамбль құрған кезде «Бір музыкант ұрмалы аспап дарукада отыруы керек» деген түсінік қалыптасып кеткен. Бұл аспаптар туралы Ш.Уәлиханов, Б.Сарыбаев сынды этнографтар жазып кеткен сызбасын келтіреді. Алайда осы көне аспаптарды жасайтын шебер жоқ. Осы олқылықтың орнын толтырып, теңізге тамшыдай болса да үлес қоссақ деген ниетпен бүгінде әулетімізбен аспаптар жасауды жаңғырта бастадық, – дейді шебер.
Ұрмалы аспаптардың ең үлкені – жорық дабыл. Оның 2 түрі болады. Біреуі – арбаға, екіншісі – түйеге артып салынатын болған. Жорық дабыл – бұл қалың әскерді басқаратын аспап. Азамат осы аспаптың қазақтың тарихи фильмдерінде қолданылмайтынына қынжылады. «Қытай осындай аспаптарды фильмдерінде керемет қолданады. Бірақ дәл сол аспаптар олардың тарихында болмаған. Кішіректеу түрлері болған шығар, бірақ арнайы соғысқа арналған түрлері болмаған» деді маман.
Д.Шоқпарұлының Қазақстан бойынша жалғыз үлгіде жасаған шыңдауылы да осы музейде. Бұл – дулығаға тағылған теріден жасалған ұрмалы аспап. Жалпы, ұрмалы аспаптар түркі халықтарында жиі кездеседі. Түрлері мен ойналу әдістеріне қарай түркітілдес халықтардағы аспаптардың барлығы қазақ даласында бар.
Сазсырнайда ойнауды 10-15 минутта меңгеруге болады
Әлем халқы окарина деген аспапты үлкен етіп жасап көрді, кішкентай қылып жасап үйренді, тіпті екі дауыстағысын жасап шықты. Бұл ХХІ ғасырдың жаңалығы болды. Енді қазақтың даласында уілдек, тастауық, сазсырнай, үскірік, құссайрауық, шыңырау, қоссаз, қосуілдек, үшпелек кеңінен таралған. Ал әлем керемет жаңалық деп шулаған аспап бізде ХІІІ ғасырда болғанын А.Сейдімбектің еңбектерінен кездестіруге болады. Қазақтың үрмелі аспаптарының ішінде қоссаз окарина іспеттес, бір өзі бірнеше дыбыс ала береді. Қазақта бір аспаптың бірнеше түрінің болуының өзі үлкен өркениетті көрсетсе керек.
– Үрмелі аспаптардың бірі сазсырнайдың 11 түрі бар. Оның Тараздан табылғаны уілдек деп аталады. Түркітілдес халықтарда 600-ден астам түрі кездеседі. Қазақтың үрмелі аспаптарының ішінде сазсырнайды окарина тектес деп атайды, бірақ ол қате анықтама. Окарина XIV ғасырға жатады, ал сазсырнайдың бірінші табылған нұсқасы ІХ ғасырға тиесілі. Сазсырнай Қазақстан бойынша, өкінішке қарай, тек осы біздің шеберханамызда жасалады. Біздегі жалпы атауы сазсырнай болғанымен, тапсырыс беретін Қытай, Ресей, Моңғолия қазағы әртүрлі атайды. Бірі уілдек, екіншісі үскірік дейді. Сазсырнайдың үшбұрыштысын сұрайтындар да бар, ал біздегі Отырардан табылғаны домалақ деседі. Негізі, аспапты тапсырыс берушінің қалауына сай әртүрлі пішінде жасай береміз, – деп түсіндірді Азамат Бақия.
Қазақтың маңдайына біткен ең атақты 40-тан астам сыбызғышының сыбызғылары да осы музейде жинақталған. Әйгілі сыбызғышы Кәлек Құмақайұлының сыбызғысы да осында сақтаулы. Музыканттың айтуынша, сазсырнайда ойнауды 10-15 минутта «қағып» алуға болады. Бұл аспап әсіресе тілі жаңадан шығып келе жатқан балалардың координациясы мен моторикасын дамытады. Бүгінде ғалымдар тілдің шығуын саусақ ұшымен байланыстыруы бекер емес. Сонымен қатар сазсырнай үрмелі аспап болғандықтан өкпеге пайдалы. Аспаппен 60 шақты ән орындауға болады.
Кезінде жеті бірдей ұлттық аспапта ойнауды тез-ақ меңгерген жетісулық Ясмина Амангелдінің әкесі Ернар қызының өнері туралы бір сұхбатында: «Қолөнер шебері, ұстаз Азамат Бақия екеуміз бір өнер байқауында қазылар алқасының құрамында болдық. Ол музыка жағын, мен қолөнер жағын бағаладым. Кейін дос боп кеттік. Бірде ол біздің үйімізге қонаққа келді. Қызым Ясмина ол кезде бес жаста еді. Қызымның аспапқа қызығушылығын оятқан – Азамат Бақия. Шеберлік сабағында «Сазсырнайда ойнауды он минутта үйретемін» деп айтып жүретін. Ясмина оны бес минутта қағып алды. Бәріміз таңғалып, тәнті болдық. Музыкаға жақын екенін алғаш осы кезде аңғардық. Азамат бірден Ясминаны шәкірті етіп, өнерге баулыды. Айта кету керек, Азамат Бақия тек ұстаз ғана емес, сазсырнай жасайтын шебер. Ол Ясминаға лайықтап төрт ойықты сазсырнай жасап берді. Ұстазының дұрыс әдістемесінің арқасы шығар, Ясмина айналасы екі-үш жылда жеті түрлі аспапта ойнауды үйренді» деген екен.
Кернейдің дауысы 20 шақырымға жетеді
Музейдегі көлемі жағынан ең үлкен аспаптың бірі – керней. Керней аспабының дауысы 4 шақырымға жетеді, дыбыспен терезені сындырып жібере алады. Азамат Бақия биыл жазда дауысы 4 шақырымнан да алысқа жете ме, жоқ па білу үшін тағы эксперимент жасамақ. Қазақстан бойынша кернейдің ойнайтын 2-ақ нұсқасы болса, екеуі де осы музейде тұр.
– Осыдан 4-5 жыл бұрын дүниеден өткен этнограф ғалым Жарқын Шәкәрімұлының көзін көрдік. Ол – Болат Сарыбаевтың шәкірті. Сол кісінің айтуынша, ертеректе кернейді соғыс, жорық уақытында пайдаланған. 4 шақырым сайын 5 кернейші қойған кезде 20 шақырым жерге хабар таратуға болады. 20 шақырым жердегі ақпаратты 1 минутқа жеткізбей алуға болады. Морзе әліппесі сияқты дыбыстық белгі әр кезде ауысады, сол үшін арнайы дыбыстық белгісі сақталмаған. Өйткені тұрақты дыбыстық белгі болса, жау жаттап алады. Егер ақпаратты алуға атпен шауып жететін болса, жаудың шабандозы мықты болып шығып, оның оғы хабаршыға дөп тиюі мүмкін. Ертеректе түтін қою тәсілі арқылы да белгі берген. Алайда ауа райына байланысты түтін тіке шықпауы мүмкін. Керней сол жорық, соғыстарда қолданылған және бірінші қару-жарақ есебінде жоғалып кеткен аспап. Керней атауы «Алпамыс батыр» жырында: «Керней-сырнай тартқызып, беделін жұртқа артқызып» деп кездессе, «кернейлетіп қол жүрген» деген секілді көптеген жырда кездеседі. Тайжан ақынның өлеңінде де: «Дауысың кернейіңнен кейін емес» деген жолдар кездеседі.
Керней аспабының ұра деген кішкентай түрі бар. Музейге келген көрермен «Қыз Жібек» фильміне басқаша көзбен қарайтын болады. Фильмде қазақтың барлық аспабы көрініс табуы үшін Ө.Жәнібеков сынды мықтылар атсалысады. Бұрын әр рудың өзіндік дыбыстық белгісі болған. «Қыз Жібек» фильмінде Бекежан батырды тасқа қашап жатқан кезде Төлегенді көріп қалып «тададамдам-тададам» деп дыбыстық белгі береді. Сол кезде актерлердің қолында ұра аспабы бар, бірақ біреуінде ағылшындардың мүйізі, екіншісінде Ярослав мүйізі. Аспаптың сыртына тек қазақша ою тігіп қазақылап қойған, – дейді музыка жанашыры Азамат.
Ұра сөзінің түбірі – ұр. Бұл – батырдың белінде жүретін аспап. Соғыста тудан кейінгі екінші құнды дүние. Оны ұстайтын кісі соғыста қазақ тапса, жанындағы жолдасы алып кетуі керек. Өйткені бұл аспап қалың әскерді басқаруға қолайлы. Өйткені әскердің тоқтауы, жүруі, көп уақытты талап ететіні анық.
Ұра аспабының басы сүйекпен не темірмен көмкеріліп, ұру қызметін атқарса, екінші қызметі – жеңісті дыбыспен хабарлау. Туы жығылып келе жатса, жеңіліп келе жатқаны, ал ұралатып келе жатса, жауды жеңіп келе жатқаны. Ұралатып келе жатқан әскердің алдынан шыққан ауыл қазан көтеріп, мал соятын болған. Бұл аспап тек қазақта ғана емес, біраз халықта бар екен. Жарқын Шәкәрімұлы орыстардың «ура» деп айғайлайтын сөзінің түбірі осы ұра сөзінен шыққан дегені бар-ды.
– Халқымыз мүйізсырнай, бұғышақ аспабын аңды үркіту үшін қолданған. «Қазақ киіктің өзін ысқырып барып атқан» деген сөз бар. Яғни, аңды үркітіп, бір мүмкіндік беру үшін солай жасаған. Бұл біздің аңшылығымыздың ерекшелігі, аңның тағдырын аңға шешкізген. Қазақ аңға құс салмас бұрын осы аспаптарды қолданған. Ал бұғышақ аспабының дауысы кернейден қатты шығады. Бұғышақ сиырдың мүйізінен жасалады. Мал қамыс арасына, шиге кіріп кеткен кезде қазіргідей айғайлап, шыңғырып, боқтап жатпаған. Ертеректе мұның бәрін аспап арқылы жасаған.
Ең қиыны – шаңқобызды үйрену
Қазақта шаңқобыздың 2 түрі бар, шаңқобыз және шаңғауыз деп аталады. Алғашқысы темірден жасалады, оны көбіне әйелдер тартатын болған. Бұл аспап Елін сағынғанда ішіндегі шерін тарқатсын деп ұзатылған қыздың жасауына қосылған екен.
– Мен 60 шақты музыкалық аспапта емін-еркін ойнаймын. Алайда үйренуге ең қиын соққаны осы шаңқобыз болды. Оны осы аспапта ойнайтын мамандар жақсы біледі. Шаңқобыз дүние жүзі бойынша барлық елде кең таралған. Қазақстан әлем елдері арасында ішекті аспап бойынша домбырадан үздік болса (күй, репертуар, техника), шаңқобыздың дамыған жері – Саха елі. 2020 жылы Саха елі әлем бойынша шаңқобыздан жарыс ұйымдастырды. Ұйымдастырған атақты шаңқобызшы – Юлияна Кривошапкина. Қазақстанның атынан мен қатыстым. Ең мықты ойнаған жеңімпазға Николай Лугинов деген атақты шебердің шаңқобызы беріледі екен. Сол маған бұйырды. Атақты шебердің шаңқобызын сатып алу үшін елдер айлап кезекке тұрады екен. Оларды тәнті еткені – менің шаңқобызда ойнау техникам болды. Шаңқобызды көне бақсылардың аспабы ретінде әртүрлі дыбыс шығару арқылы адамға тылсым күштің әсерін тигізу үшін ойнаған, – деп ағынан жарылды музыкант.
Өнер иесінің айтуынша, 1969 жылы егін егетін және мал бағатын екі көрші араздасып қалады. Бірінің малы екіншісінің егініне түсе береді екен. Сонда егінші: «Енді малың егініме түссе, атамын» дейді. Мұны естіген әжесі доңыз қауақ аспабында ойнасаңдар, мал тырқырап қашады деп кеңес етеді. Осыны орындаған екі көрші қайта татуласыпты дейді. Қазақ бұрын қауақтың ішіне күріш сақтайтын болған, сыртын тышқан мүжімейді деседі. Осы қауақтың екі жағын кесіп, бір жағына ешкінің шат терісін қаптайды екен. Сол терінің ортасын теседі. Оның өзіндік тәсілі бар. Ешкінің шат терісі өте жұмсақ болғандықтан пышақ тисе, жыртылып кетеді. Ағашты сәл ғана ұштап, басын кестіріп тастап отырып, күні-түні ағашты қолмен ширата отырып, терінің өзі сәл қызып барып тесілетіндей дәрежеге жеткізеді. Содан кейін ол тері жыртылмайды. Бір елі қылды астынан шығарып, түйіп қояды. Қылды тартып, ол теріге тигенде аспаптан жолбарыстың ақырған дауысы шығады. Мал ауылдан ауылға өтіп кетсе, қамысқа кіріп кетсе, осы аспап көмегімен айдап шығаратын болған. Бір қызығы, осы аспаптың дауысы шыққан жерге жолбарыс жоламайды деседі.
Ең көне аспап – 1802 жылғы домбыра
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Халықтың арман-аңсарынан шежіре шерткен киелі аспап бүгінде жасарып, жаңғырып келеді. Дегенмен ел арасында домбыра өзінің қоңыр үнінен айырылып барады деген пікір бар. Өйткені қазіргі шеберлер оған бұрынғыдай мал ішегін емес, жасанды нейлон ішек тағады. Сондықтан қазіргі домбыралардың дауысы, тембрі бөлек.
Ертеректе әр өңір өзіне біткен ағаштан аспап жасаған. – Музыкант осы жерде Баянауыл өлкесінің мал ішегі тартылған домбырасын тартты. – Бұл домбыраның үні біздің құлағымыз үйренген домбыра үнінен өзгеше шықты. Ішегі – төрт-түліктікі. Осы ішекпен тұрғанына екі жыл болған. Әдетте, малдың ішегі ұзақ тартысқа шыдамайды, 1-2 аптада үзіліп қалады дейді. Алайда біз іздендік, сонда ұзақ сақтаудың жолын түркітектес халықтардан көрдік. Ішекті бидайықтың тамырына салады екен, өзінің іш майы сыртына сыланады екен, қылмен ысады екен. Біздің музейдегі көне аспаптардың бірі осыдан екі ғасыр бұрын жасалған домбыра. Оны Моңғолияда экспедицияда жүрген кезде Сақсай, Қалақша өңірінен әкелдім. 1802 жылы Қалақша деген ауылда 20 домбырашы отырып күй тартқаны жайлы дерек бар. Қазіргі саяси карта бойынша ол жер Моңғолияға өтіп кеткен шығар, бірақ қазақтың жерінде болған деседі. Сол уақыттан қалған 6-ақ домбыра бар екен. Мен 3 жыл қатарынан экспедицияда мектеп директоры болған Мамырхан деген кісінің үйінде жаттым. Әлгі 6 домбыраның бірі осы кісінің қолында сақтаулы екен. Көзім түсті. Балаларына сазсырнай үйретіп, жетіген алдыртып, сыйға тарттым. Олар да құрмет-қошеметін аямады. Ақырында домбыраны алып қайттық. Қазір Моңғолиядан атақты «Күлтегін» деген ансамбль шықты. Менің үйретуім бойынша балалар ары қарай «іліп әкеткен» болып тұр ғой. Біздікілер шықпай жатқан кезде кеше «Азия дауысында» солар шықты. Өкінішті, әрине, – деп терең күрсінді өнер иесі.
Бақсының айнасы жоқ қобызы
Музейдегі ерекше жәдігердің бірі – бақсының қобызы. Қобызға жақындасаңыз, ішкі қуысынан дөңгелек пішінді байқайсыз. Бұл аспапты бақсының ұрпақтары үйлерінің төрінде сақтаған, бірақ қолға алуға қорқады екен. Қобыздың ішкі бетінде кішкентай айна болған, бақсы сол айнаның ішінде жын ұстайтын болған деседі. Бақсының ұрпақтары жындар арғы әлемнен бергі әлемге өтеді деп қорқып, айнаны сындырып тастапты.
– Алғашында қобыз маған құрдымға кетіп бара жатқандай көрінді. Оны ұрпақтары қалай сақтауды білмеген. Пенопластқа да ораған, баннерге де ораған. Буып тастаған. Егер солай тұра берсе, ешкім тиіспейтін болса, аздаған уақыттан кейін қобыздың осы қалпынан айырылып қалуымыз мүмкін еді. Сонда да тәуекел етіп, қобызды аттай қалап сұрап алдым. Бір сауатты ұрпағыңыз келіп, қобызды қайта сұрап жатса, қайтарып беремін дедім. Өйткені дүниеқоңыздық менің жан дүниеме жат нәрсе. Оған дейін осы жерде сақтаулы тұрады, – дейді Азамат.
Күйшілік жоғалып барады
Домбыраның формасы өңірлерде жасалуына байланысты әртүрлі екенін айттық. «Күйшілік деген қазір «күйіп» тұрған мәселе. Күйшілік деген – ішкі толғанысты аспапқа салып орындау және оны тыңдаған адамның түсінуі. Сол үшін де күй ХХ ғасырға дейін өлмей жетті. Өйткені тыңдарман сезіне алатын. Күйші мен домбырашы екі тақырып, суретші ылғи Мона Лизаны сала беретін болса, ол суретші емес, ксерокс немесе принтерге айналады. Ал суретшінің қиялынан туған дүниесіне таңғалсаңыз, ол адам нағыз суретші деген сөз. Немесе мүшәйра ақыны Абайдың өлеңдерін оқи беретін болса, ол ақынға айналып кетпейді. Ал күйге келген кезде дәл осыны ешкім ашып айтпайды. Өйткені «Адайды» біреу бастап, екіншісі бітірсе, соны күй тартыс деп ойлайды. Бұрын күй тартыс ондай болған жоқ. Мысалы, мен өзім шығарып келген бір күйді орта беліне дейін ойнап, ары қарай екінші күйші соны алып кете алса, міне, күй тартыс – сол. Немесе мен бір күйді толық орындап біткенде, екінші күйші соны өзінше ойнап бере алса осы нағыз күй тартыс. Сонда күйшілікті тыңдаушы да, қарсы отырған күйші де түсініп отырғаны. Өткен ғасырларда күй тартыста күйшінің күйін қайталау үшін екінші күйші теріс қарап тұрып тез-тез пернесін басқанда халық «тапқырлық жасады» деп риза болып шулайды екен. Қазір күй өнері консервацияға түсті. Мәселен, балықты ұзақ уақыт сақтағыңыз келсе, консервіге саласыз. Жылдап тұрады, бірақ ол тірі емес, ол жылтырамайды, ол ойнақтамайды, ол сізге шоршып өнерін көрсетпейді. Консервация күйшілікпен қосалқы жүруі керек еді. Осылай күйшілікті сақтап қалуға болатын. Қазір консерватория болсын, академия болсын мұғалімдер студенттерге «2-мен аласың, 3-пен аласың» деп домбыра тартуды үйретіп отыр. Балаға бұлай күй үйрету – үлкен ақымақтық. Бала күйдің мақамына өзі шығуы керек. Қазір күйшілік сабақтары өтілмейді, балалардан сұрасаңыз, «Динаның күйін сақтап қалу үшін тартамын» дейді. Ал Динаның күйінің өзінің записі бар емес пе? Оны сақтап қалудың керегі қанша? – деп күйінеді шебер.
Өнер десе ішер асын жерге қоятын Азаматтан «Музейді Астананың қақ ортасынан емес, Қосшыдан ашу қаншалықты дұрыс шешім болды?» деп сұрағанымызда: «Егер көне аспаптар музейі Астанада ашылғанда, оған «кім көрінген» кіріп-шығатын еді. Одан аспаптар да, мен де шаршайтын едім. Бұған сакральдық өнер деп қарадым. Қосшыға арнайы біз үшін келген қонақ өзімен бірге талай рухани дүниені ала кетеді. Жаны тазарады, тарихқа, музыкаға, өнерге деген қызығушылығы оянады. Біз шақырмасақ та ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Сұлтан Раев мұражайға арнайы келіп, экспонаттармен танысқанда таңғалдық. Одан бөлек елге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары, белгілі өнерпаздар үлкен қызығушылық танытып, жиі бас сұғып тұрады. Қалалықтар музейді Қосшыда деп алыссынуы – сылтау, немқұрайлылық. Алғашында музейге кіру құны мың теңге деп бекіткенімізбен, төлеп жатқан ешкімді көрмедім (күлді).
Өнер иесі балалардың музейге жиі келгенін қалайтынын жасырмады. Көктемде Қуыршақ театрымен бірлесіп, балаларға арнап «Ақсақ құлан, Жошы хан» туралы қойылым қойып, 500 ортекені бір уақытта ойнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енуді жоспарлап отыр.
P.S. Тарихтың тезінен өткен, халқымыздың сан ғасырлар бойы серігіне айналған аспаптар музейін тамашалау бір ғанибет. Расында, бір кірсең, шыққың келмейді екен. Өйткені мұнда түпнұсқадағы әрбір аспапты ұстап көріп, сазсырнайда ойнап, керней тартып, домбыра шертуге болады. Көне музыкалық аспаптардың сазды, сиқырлы үні алысқа, тым алысқа әкетеді, жаныңды баурайды, рухыңды көтеріп, жігеріңді жани түседі, ұлтыңа деген сүйіспеншілігіңді арттырып, отаншылдық сезіміңді оятып, көкірегіңе мақтаныш ұялатады. Музыка арқылы сан түрлі елге саяхат жасағыңыз келетіндерге Қосшыдағы музейдің есігі әрдайым ашық.
Дайындаған
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ