Футзалдан «AMANAT CUP» чемпионатының жүлдегерлері белгілі болды

Жарыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені «TARAZ PRESS» командасы иеленді.

Футзалдан «AMANAT CUP» чемпионатының жүлдегерлері белгілі болды
«AMANAT» партиясы
884

Тараз қаласындағы «Тараз арена» кешенінің алаңында Мәдениет және медиа-индустрия қызметкерлері арасында футзалдан «AMANAT CUP» чемпионаты өтті. Қазақстанның түрлі қалаларынан келген 6 команда бас жүлде үшін бәсекеге түсті. «AMANAT CUP» турнирі жыл сайын «AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» жастар қанатының қолдауымен өткізіледі.

Жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ақерке Искандерованың айтуынша, жарыс жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу және олардың бос уақытын пайдалы өткізу мақсатында ұйымдастырылады.

«Өнерлі жастар жыл сайын дәстүрлі «AMANAT CUP» кубогында бас қосады. Биыл чемпионат сан ғасырлық тарихы бар Тараз қаласында өтті. Екі күн тартысты ойынның куәсі болдық. «Жастар Рухы» кез келген бастаманы қолдауға, жастардың өз уақытын ұтымды пайдаланып, тиімді өткізуіне үлес қосуға әрқашан дайын», – деді ол.

Турнирді ұйымдастырушы, Қазақстан футзал қауымдастығының вице-президенті, тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман чемпионат медиа мамандардың өзара ынтымақтастығына ықпал ететінін атап өтті.

«Өнер және медиа қызметкерлері арасында өткізілетін дәстүрлі доданың бас серіктесі әрі демеушісі – «AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» жастар қанаты. Чемпионат салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақырады. Ойыншылар арасында жаңадан жасақталған командалармен қатар, бірнеше жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқан мәдениет майталмандары да бар. Жыл сайын тартысты, қызықты ойынның куәсі боламыз. Биыл да солай болды. Спорт кешеніне келген жанкүйерлер де, доданы тікелей эфирден тамашалаған көрермендер де ерекше сезімге бөленді деген ойдамын», – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені «TARAZ PRESS» командасы, екінші орынды «JAIDARMAN» командасы, ал үшінші орынды «QURMAN» және «AIBAR GRAD» командалары иеленді.

Сондай-ақ, үздік ойыншылар да марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік қақпашы» – Самат Есентайұлы («AIBAR GRAD»), «Үздік қорғаушы» – Мейірлан Шәкенов («JAIDARMAN»), «Үздік шабуылшы» – Әділет Рүстемов («QURMAN»), «Үздік бомбардир» – Ербол Жұмахан («AIBAR GRAD»), ал «Үздік ойыншы» – Қайрат Анарбаев («TARAZ PRESS»).

Жеңіске жеткен «TARAZ PRESS» командасының жетекшісі Нұрлыбек Құрман қатардан қара үзу оңай болмағанын айтты.

«Әдемі, әсерлі, қызықты ойын болды. Біз өте мықты қарсыластармен бақ сынастық. Мен бала кезден спортпен шұғылданамын. Жұмыстан тыс уақытта әріптестерімізбен жиналып, футбол ойнаймыз. Осындай жақсы дәстүріміз бар. Ойын командалық рухты көтерді», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауды көздейтін ойындар жыл сайын жалғасатын болады. Айта кетейік, осы спорт түрінің жанкүйерлері ойынды онлайн форматта да тамашалай алды. Трансляция «NURSULTAN QURMAN» YouTube-арнасында жүргізілді.

 

Серіктес жаңалықтары