Талғат АЛМАНОВ: Журналиске берілуі мүмкін ең жоғары мәртебе – еркіндік
Журналистер шығармашылық адамы болғандықтан оларға еркіндік ауадай қажет. Не жазамын, не түсіремін десе де өз еркі.
Бүгінде шетел асып білім алып жатқан отандастарымыздың қатары көбейіп келеді. Әлемнің үздік университеттерінде білімін жетілдіріп қана қоймай, ары қарай жұмыс істеп жүрген жастардың бірі – Талғат Алманов. Ол – АҚШ-тағы Нью-Йорк университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алып, жергілікті Atlanta News First телеарнасында журналист әрі продюссер болып қызмет етіп жүр. Кейіпкеріміз журналистика мамандығының қыр-сыры, Америкадағы оқуы мен қызметі жайында аз-кем сұхбат берген болатын.
– Оқушы кезіңізден журналистикаға қатты қызыққаныңызбен, мамандық ретінде бакалаврды қазіргі Нархоз университетін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген екенсіз. Неліктен журналистика мамандығын бірден таңдамадыңыз? Әлде журналистика мамандығы бойынша шетелде оқуды әу бастан ойластырдыңыз ба?
– Бала кезімнен журналист болуды армандайтынмын. Әсіресе, Зейін Әліпбек ағамызға қарап журналист болғым келетін. Сол кісі сияқты маңызды жаңалықтарды хабарлап отыруды көз алдыма сан мәрте елестеткенмін. Теледидарда сөйлеп тұратын журналистерді ұйып тыңдағаныммен, қандай мамандық екенін толық білмедім. Алайда арманым алдамапты, араға жылдар салып осы саланың маманына айналып, жаңалықтар жүргізіп, отандық телеарналардың бірінің АҚШ-тағы меншікті тілшісі болдым.
Ал Нархозға оқуға түсуіме ата-анам ықпал етті. Олардың сөзінен аттай алмадым және менің болашағымды, қандай мамандыққа түсетінімді менен гөрі сол кісілер жақсы біледі деп ойладым. Және оған еш өкінбеймін. Себебі Нархозда алған экономикалық білімімнің арқасында журналистикаға келдім. Осылайша, алғашқы жұмыс орным бизнес және экономика бағдарламасындағы редакторлық қызметтен басталды.
– «Болашақ» бағдарламасы бойынша Нью-Йорк университетіндегі Артур Л.Картер атындағы журналистика институтында білім алдыңыз. Жалпы, АҚШ-та білім алу оңай ма? Білім алушыға қандай талаптар қойылды? Ағылшын тілін меңгерген кез келген адам Америкада оқи ала ма? Тіл білуден басқа қандай «шарттарды» орындау керек?
– АҚШ-та білім алу анау айтқандай қиын емес. Ағылшын тілі мен мамандығыңыз туралы біліміңіз болса, қалғанын алып кетесіз. Бастысы –көштен қалмай, тапсырмалардың барлығын өз уақытында жасап отыру. Әрине, қиын тұстары да бар. Әсіресе, алғашқы жылдары қиынға соғады. Мысалы, мен ағылшын тілін жақсы білгеніммен, жазу стилистикасынан біраз қиналдым. Өйткені ағылшын тілі – мен білетін үшінші тіл. Сондықтан көбірек кітап оқып, жазуымды пысықтайтын сабақтарды алып, 1-2 жылда деңгейім айтарлықтай жақсарды.
– Кезінде Сербия Президентi Томислав Николич мырзамен, Нидерландының Премьер-министрі Марк Рюттемен бірге эксклюзивті сұхбат ұсынғаныңыз есімізде. Алдағы уақытта әлемдік саяси тұлғалардың қайсымен сұхбат жасағыңыз келеді?
– Жаңалықтағы сұхбат форматы өзіме бұрыннан ұнайтын. Әсіресе, әлемдік ареналарда жүрген тұлғалармен ағылшын тілінде тілдесудің орны бөлек қой. Ал сіз айтып отырған тұлғаларға келер болсақ, әлем лидерлерімен сұхбат жасаймыз деген талқылаулар жүріп жатқанда, арнамыздың басшылығы орыстілді азаматтар болатын. Және ол кездері орыстілді журналистер қазақтілділерге қарағанда мықтырақ, кәсіби біліктілігі жоғары, білімдірек деген стереотип болатын. Мен ондайға ешқашан сенбейтінмін. Мұндайға жалған идеализация деп қарайтынмын және оған намыстанатынмын. «Неге сол сұхбатты қазақтілді журналистер ала алмайды? Ағылшыншам олардан артық болмаса, кем емес. Біздің қай жеріміз кем?» дейтінмін. Қысқасы, сұхбат жүргізуді маған тапсырудан басқа амалдары қалмады. Ал алдағы уақытта сұхбаттасқым келетін тұлғалар көп-ақ. Мен қазіргі әлемдегі ахуалға қатысты жауап алу үшін БҰҰ басшыларымен, соғысқа кінәлі әлем елдерінің президенттерімен сұхбаттасқым келеді.
– Былтыр жыл соңында Мәжіліс «Масс-медиа туралы» даулы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Үкімет өкілдері «Жаңа заң қабылданса, ақпарат құралдарының мәртебесі артады» деді. Қоғам белсенділері, керісінше, бұл құжат журналистердің тынысын тарылта ма деп қауіптенеді. Қайсысының пікірі қисынды? Медианы мемлекет бақылауы керек пе?
– Менің ойымша медианы мемлекет бақылай алмайды. Ол – нонсенс. Себебі журналистиканың дамуы үшін медиада плюрализм қажет. Ал ол бәсекелестік және сөз бостандығы болған ортада ғана қалыптасады. Сол себепті Қазақстандағы заң жобасына қатысты қоғам белсенділерінің позициясын түсінуге болады. Бұл дегеніміз АҚШ немесе өзге елдерде мемлекеттің ықпалы бар пропагандалық журналистік ұйымдар жоқ деген сөз емес. Бар, бірақ олардың қасында цензураға ілінбейтін, ойын емін-еркін жеткізе алатын БАҚ өкілдері жеткілікті.
– АҚШ-та журналистер құқығы қалай қорғалады? Оларға билік тарапынан қысым бар ма?
– АҚШ-та журналистерге шабуыл да жасалады, қысым да көрсетіледі. Мәселен, бірнеше апта бұрын ғана қасымдағы әріптесім мен операторды белгісіз біреу тұтқынға алды. Бірақ осындай шабуылдарға қарамастан журналистердің құқығы заң бойынша қатты қорғалады. АҚШ Конституциясы бойынша сөз бостандығы, баспасөз еркіндігіне кепілдік берілген. Оған қоса журналистерді сотқа беріп, оларға айып тағу өзге елдердегідей оңай шаруа емес.
– «Журналистердің ерекше мәртебесі» мәселесіне келсек, Түркияда тілшілер қауымы кәсіподақтардың қолдауын кәдімгідей сезінеді, қоғамдық көлікте тегін жүреді, музей, көрме секілді мәдени нысандарға тегін кіреді, коммуналдық қызмет ақысын жеңілдікпен төлейді. Әзербайжанда тек журналистерге арналған тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Америкада журналистерге қандай әлеуметтік жағдайлар қарастырылған? Және қазақстандық журналистерге қандай ерекше мәртебе керек деп ойлайсыз?
– Менің ойымша журналиске берілуі мүмкін ең жоғары мәртебе ол – еркіндік. Яғни, жұмысына кедергі келтірмеу, цензура қоймау. Журналистер шығармашылық адамы болғандықтан оларға еркіндік ауадай қажет. Не жазамын, не түсіремін десе де өз еркі. Журналистер қоғам өміріне ат салысқысы келеді, халықты ақпараттандырғысы келеді. Бар болғаны сол. Ал қоғам дұрыс ақпаратты білуге құқылы. АҚШ-тағы журналистердің басты артықшылығы да осы. Бұл елдегі журналистер қыруар қаражат табады деп айта алмаймын. Ел қатарлы өмір сүреді, ел қатарлы заң алдында жауап береді.
– Қазір өзіңіз Atlanta News First телеарнасында жұмыс істейсіз. Америкадағы жұмыс барысы өзіңізге қаншалықты ұнайды?
– Иә, қазір Джорджия штатындағы жергілікті арнада жұмыс істеймін. Журналист әрі продюсермін. Жұмысым өзіме ұнайды. Басқа ел, өзге қоғам болған соң күнделікті жаңа нәрселерді үйренемін. Шығармашылыққа еркіндік берілген, сондықтан мүмкіндігінше ойымдағы дүниелерді іске асыруға, жазуға тырысамын. Алдағы уақытта журналистикада өз қолтаңбамды қалдырамын деген үміттемін.
– Америкалық көрермен мен оқырманды не қызықтырады? Газеттер қаншалықты сұранысқа ие? Интернет теледидарды басып озды ма? Әлде әлі де теледидар қараушылар саны көп пе?
– Америкада әлі күнге дейін сенсационализм басымырақ. Яғни, ақпаратты бірінші болып тарату, экслюзив жасауға басымдық берілген. Екінші жағынан ақпаратты барынша тексеру мен фактчекинг жасау да аса маңызды. Дәстүрлі медиа digital форматқа өтіп жатыр. Телеарналарды былай қойғанда АҚШ-тағы газеттердің өзі сол форматқа көшіп жатыр.
– Жастардың басым бөлігі шетелде білім алған соң, сол елде қалуды ойлайды. Тіпті, елімізден шетелге оқуға, жұмыс істеуге кетіп жатқандар саны жыл сайын артып барады. Осы орайда Қазақстанға қайта оралып, отандық журналистиканы дамытуға үлес қосу туралы ойыңызда бар ма? Елге оралған жағдайда қандай бастаманы қолға алар едіңіз?
– Жастардың шетелге ағылуы таңғаларлық дүние емес. Шетел көру адамның көзқарасына әсер етеді, ойлау қабілетін дамытады, көкжиегін кеңейтеді. Оның үстіне кетемін деген адам кетудің амалын да табады. Бастысы кететіндерді емес, оларды өз елімізде қалай қалдыра аламыз, қалай қызықтыра аламыз деген сұраққа ой жүгірту керек. Егер адам өзін бағалы маман ретінде сезінсе, тиісті жалақысын алса, қолдан жасалған қиындықтарға ұшырамаса, шетелге кетіп несі бар? Мен шетелдегі қазақ жастарының басым бөлігі білім алып, біліктілігін арттырған соң елге қайтарына сенімдімін.
– Қарапайым редакторлықтан бастап, отандық телеарнада жүргізуші болу, АҚШ-та меншікті тілші болу, жергілікті телеарнада жұмыс істеу бұл сәттілік пе, әлде еңбектің арқасы ма?
– Редакторлықтан Америкада журналист әрі жүргізушілікке дейін жетуімнің ешқандай сыры жоқ. Бірінші Алла, сосын өзімнің ізденісімнің арқасында шығар.
Арайлым
ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ