Ақмола облысында автокөлік пен электровоз соқтығысып, 1 адам көз жұмды
Полиция жол-көлік оқиғасына байланысты іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу шараларын бастап кетті
Ақмола облысының Есіл ауданында автокөлік пен электровоз соқтығысып, бір адам көз жұмды, деп хабарлады turkystan.kz Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасы 19 қаңтарда Есіл қаласындағы №7 агротехникалық колледжінің маңындағы теміржол өткелінде болған. Бұл туралы жедел жәрдем қызметінің диспетчері полицияға хабарлаған.
Ресей Федерациясының 35 жастағы азаматы басқарған «Lexus RX 300» көлігі реттелмейтін теміржол өткелінен өтпек болған кезде Есіл қаласы бағытында жүріп бара жатқан «Дрезина» электровозымен соқтығысқан. Салдарынан автокөліктің 32 жастағы жолаушысы оқиға орнында көз жұмса, жүргізушісі түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Ал электровоз жүргізушісі зардап шеккен жоқ.
Қазіргі кезде полиция жол-көлік оқиғасына байланысты іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу шараларын бастап кетті. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.