778
БҚО-да дәрігерлер тапшы
БҚО-да дәрігерлер тапшы
Биыл Батыс Қазақстан облысында дәрігерлер тапшы. Емханаларға 55 маман жетіспейді деп хабарлайды 24.kz.
Өңірде педиатор, акушер-гинеколог, кардиолог, гастроэнтеролог дәрігері аз. Сондықтан жас түлектің жағдайын жасап, жергілікті билік ауруханаларға 80-ге жуық маманды жұмысқа орналастырды.
Әйгерім Отарова – Ақтөбедегі медицина университетінің түлегі. Жұмысқа тұрғанына 7-ақ ай болған. Қазір қаладағы емханалардың бірінде жалпы тәжірибелі дәрігер болып қызмет атқарып жүр. «Күйеуім де осы салада жұмыс істейді. Оқуды бітірген соң қол ұстасып, туған қаламызға оралдық. Жұмысымыз қиын да қызықты. Алдыңғы толқын әріптестердің қамқорлығын ылғи сезініп жүреміз. Осындағы тәжірибелі, бұрыннан жасап келе жатқан дәрігерлер, терапевтер, педиаторлардан кеңес аламыз. Жақсы көмектеседі. Өзіміздің меңгерушіміз де көмектеседі, жақсы көмектер бар», - дейді жас маман.
Сала басшыларының айтуынша, биыл Әйгерім сияқты жас мамандар қатары арта түспек. Жыл соңына дейін өңірдегі емдеу мекемелері жүзге жуық жас маманмен толығады. Ақтөбеден келетін 81 дәрігердің тең жартысы ауылдық жерлерге жолданады. Олардың 71-і интернатураны бітірсе, ал қалған 10-ы резидентураны тәмамдапты.
Берік Хасайынов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Он маманның ішінде дәрігер педиаторлар, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, кардиолог, гастроэнтеролог сияқты мамандықтар бойынша біздің облысымыздың медицина ұйымдарына жұмыс істеуге тілек білдірген мамандықтар бар.