Бізді патриотизм алға жетеледі
Қалтай аға Үкіметтен жаңа газетті бекітіп алды. Біз сол жылдың 28 желтоқсанында Turkistan деген атпен алғашқы санын жарыққа шығардық.
Әдетте, редакцияның лездемесі таңертеңгі уақытта өтетін. Бұл жолы редактор Қалтай Мұхамеджан бізді кабинетіне түстен кейін жинады. Қоңырқай өңі алабұртып.
– Ал арыстандарым, жағдай былай. Мен осыдан бір апта бұрын Түркиядағы «Zaman» қоғамының президентіне факс арқылы хат жаздым. Онда екіжақты келісімшартты орындамағандары үшін «Zaman – Қазақстан» газетін жабатынымды ашып айттым. Олардан жауап жоқ. Күтудің де шегі бар. Редактордың бірінші орынбасары Дидахмет Әшімхан:
– Қалаға, енді қандай ойыңыз бар? – деді. Басқаларымыз үнсізбіз. Қалтай аға:
– Ешкімге тәуелді емес, халықаралық статусы бар жаңа газет ашпақшымын. Бұл жөнінде бүгін министрлікте болып, мәселені шешіп келіп отырмын. Ондағылар қарсы емес. Дидахмет:
– Қалаға, егер құпия болмаса жаңа газеттің атын қалай атамақшысыз. Қалтай аға:
– Оның атын бүгін өздеріңмен кеңесіп, барып қоймақшымын. Бір ашып айтарым, мен сендерді менімен бірге болыңдар деп қинамаймын. Міне, үш жылдан бері бірге қызметтес болдық. Әрқайсысыңның қарымдарыңды жақсы білемін. Сондықтан басқаларға қимаймын. Дегенмен басқа басылымдардан өздеріңе жұмыс таппақ ойларың болса, қарсылығым жоқ.
Әркім ой үстінде. Үнсіздік біразға созылды. Дидахмет бізге қарап алып:
– Қалаға, қазір барлық газеттердің шекелері шылқып тұрған жоқ. Қаражат тапшылығы жан-жағымыздан қысып тұр. Біз де сізді қимаймыз. Кемедегілердің жаны бір демеуші ме еді. Қандай жағдайда да біз сізбен бірге боламыз. Ел мен қоғам жаңарып жатыр ғой. Сіз басқаратын тәуелсіз газетте де қызмет етуге бармыз.
Қалтай ағаның өңіне қан жүгірді.
– Менің де сендерден күткенім осы еді, арыстандарым. Жағдай дәл осылай тұра бермес. Уақыт өте келе Үкімет минералдық ресурстарымызды іске қосса, ел есін жиып түзелер. Сонда біздің де жағдайымыз жаман болмас.
Ертеңінде «Zaman» қоғамының өкілі Әли байрам мен көмекшісі Гүрсал біз отырған кабинетке кіріп:
«Сендер ойланыңдар. Қалтай газетті жапқанымен біз бәрібір оны осы қазіргі атымен қайта ашамыз. Өйткені «Zaman – Қазақстан» екі ел президенттерінің құттықтауымен өмірге келді. Біле білсеңдер бұл өте маңызды. Мұндағы газеттердің жағдайын біз айтпасақ та жақсы білесіңдер. Тілшілер екі-үш айлап еңбекақыларын ала алмай жүр. Кейбір газеттер қаражат тапшылығы салдарынан жабылып қалуда. Ел жағдайы бес-он жылда жақсара қоймайтыны анық. Сендер осы топтарыңмен біз ашатын газетте жұмысқа қалыңдар. Ары десе екі-үш айда оны ашамыз. Соған дейін айлық жалақыларыңды беріп тұрамыз. Тек күтсеңдер болды. Ойланыңдар», – деді алма кезек сөйлеп. Біз: «Сендерді біз күтудей-ақ күттік. Қысқасы, бос уәделеріңе тойдық. Сенім болмаған жерде қандай өнімді жұмыс болады. Біз Қалтай аға ашатын жаңа газетте жұмыс імтейміз», – деп олардың ұсыныстарынан бас тарттық. Бұл 1994 жылдың қазан айы болатын. Екі, үш жігіт бизнес саласына ауысты.
Қалтай аға Үкіметтен жаңа газетті бекітіп алды. Біз сол жылдың 28 желтоқсанында Turkistan деген атпен алғашқы санын жарыққа шығардық.
Содан кейін де талай қиындықтар бастан өтті. Қаражат тапшылығынан газет айлап шықпай қалған жағдайлар болды. Тіпті, газетке жазылудан түскен ақша мен Үкіметтің там-тұмдап бөлген қаражатын баспахана шығынына жұмсап, өзіміз бірнеше ай бойына жалақы алмаған кезімізді несіне жасырып қалайық. Газеттің әр апталық санында қалың қауымға шыққан түркілік тегімізді, тарихымызды, ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды таныстырумен болдық. Сонда елім, ұлтым, тілім деген тілшілерде патриоттық сезімнің арқасында бар қиыншылықтарға төзіп, алған бағытымыздан тайғанымыз жоқ. Ел еңсесін көтере бастағаннан газеттің тиражы он, он екі мыңға дейін жетті. Тілшілердің әлеуметтік жағдайлары да жақсара берді. Солай газет басқа басылымдар қатарында көшін түзеп алды. Бұл да біздің Turkistan газетінде бастан кешкен дәурен еді. Қазір ойлап отырсам, біз үшін қиыншылығымен қызық кезең екен ғой.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ,
газеттің бұрынғы жауапты хатшысы