«Тальгоны» қуған Túrkistan-ның хикаясы

Ақ тер-көк тер болып жет­кенде, әлгі пойызымыз стансаға тоқ­та­май, бізге «қол бұлғап» кете барды. Жанұ­шы­рып, станса қызметкерлерінен сұрап жа­тырмыз. «Мұнысы не?» деп. Олар: «Бұл ар­найы пойыз! Шуға да тоқтамайды. Тек Та­разға жеткенде ғана бір аялдайды!» Игорь екеуміз бір-бірімізге қарадық та, ым­сыз мәшинеге жүгірдік. Тағы да «қыз қуу»!

«Тальгоны» қуған Túrkistan-ның хикаясы
ашық дереккөз
979

Бұл 2000 жылы болған оқиға еді. Көне шаһар Түркістанның 1500 жыл­дық торқалы тойы қарсаңы. Респуб­ли­калық, облыстық, жергілікті басы­лым­дар той дүбірі тербеген Түркі­стан­ның тотыдай түрленіп жатқан кезі. 

Бас редакторымыз Шәмшидин Паттеев ша­қырып алып, газетті жаңа форматта, әрі түр­лі-түсті етіп шығару керегін айтты. Ол  кез­де мың құбылған бояумен тек «Караван» ға­на шығатын. Тапсырманың аты тап­сыр­ма!  Алдымен, «Түркістан түркі әлемінің туы» деп айдарын сайлап алдық. Ғасырлар жаңғырығына айналған қаланың мың бес жүз жылдығына арналған басылым да әл­бет­те мазмұндық жағынан да, көркемдік жа­ғынан салмақты әрі әсем шығуы керегін бас редактордан бастап қатардағы барлық қыз­меткерлер жете сезінеді. Материал же­тіп артылады. Дидахмет Әшімханұлы, Кө­л­бай Адырбекұлы, Жаңабек Шағатай се­­­кілді қаламы жүйрік, жаны жайсаң аза­мат­тармен қатар, Рымтай Сағымбекова мен Таңсұлу Мирманова, редакция табал­ды­рығын жаңа аттаған Есенгүл Кәпқызы, Гүл­биғаш Омарова, Гүлзина Бектасова, Жұл­дыз Төлеу бәрі-бәрі мерекелік нөмірге бар ықыласымен жанашырлықтарын та­ны­тып жүр. Тіпті, абыз ақсақалдарымыз Қал­тай аға Мұхамеджановтан бастап, Әбі­лмәжін Жұмабай, Сейфолла Оспан, Нұр­қасым Қазыбек, Тынышбек Дайра­бай­лар бәрі бір кісідей ат салысқаны есімде. 
Бірақ айтпағым бұл емес. Осындай тұл­­­­­ғалар тұрғанда газеттің көркем шық­пауы мүмкін емес еді. Ең қиын тұсы газетті түр­лі-түсті етіп басып шығару мәселесі бо­­латын. «Караванның» шығарушы­лары­мен келіссөздер өте-мөте қиын жүрді. «Дәуір» баспасының бұрыңғы бас инженері Вла­димир Михайлович Ямщиков сол уа­қыт­та «Караван» баспасының директоры бо­латын. Ал келіп қисайсын! Болмайды да, бол­майды. Үлгермейміз деп ат тонын ала қаш­ты. Артынан қалар түрім жоқ. Ұрыс­тық, керістік, соңында келістік. Соның өзін­де бір-екі күн уақытты созып алған едік. Қысқасы,  газеттің компьютерлік кө­шір­месі баспаға кетті. Енді, ол жақтың ди­­зай­нерлері суреттің форматы келмейді, бояуы қанық емес секілді сылтауларын кө­бейтіп, олардың да шалқаймасы бар ма. Шәй-пайын құйып, күлшесін де, күштісін де ауыздарына тығып, оларды көндірдік, әйтеуір. Ертең кешке Алматыдан Түркі­стан­ға арнайы жасақталған «Тальго» пойы­зы екінші вокзалдан жүруі тиіс. Біздің  га­зетті болса, баспадағылар есек-аяңмен ке­рі­ліп-созылып әлі басар емес. Бір күн, бір түн өтті. Шәкең шарасыз күй кешіп жүр. Бә­рі қамданып, пәшкі-пәшкі газеттерін ар­қалып, пойызды бетке ала бастаған ша­ғы. Біз болсақ әлі баспадамыз. Ұялы те­ле­фон­да дамыл жоқ. Тұтқаның ар жағынан Шә­кең бәйек болып, «Не болды?» деп жүз рет сұраған шығар. «Басылып жатыр» дей­мін мен. Қасымда редактордың жүргізушісі Игорь бар. Газет шықса болды, вокзалға «ұш­­­қалы» тұрмыз. Қайдан? Баспадағылар бас­па конвейерін пойыздың жүруіне жар­ты сағат қалғанда ғана қосты. Пойыз кетті, пойыз­бен бірге Шәкең де кетті. Қанымыз ба­сымызға шауып жатыр. Бір-бір жарым са­ғат дегенде, газеттің бір-екі бумасы әрең дегенде қолға тиді. Ямщиков жүр «Мен ескертіп едім ғой» деп. Кейін ұқтым. Бізді үлгер­месін деп әдейі жасаған тәрізді. Газет қо­­лымызға тиісімен жанұшырып, пойыз­ды қудық. Біз білетін «Тальго» болса, ол ал­ды­мен Отар стансасына аялдауы тиіс. Игорь «Волгасын» қамшылап келе жатыр. Сам­сы, Тарғап елді мекендері артта қалды. Ал­дымызда Отар. Көлік желдей есіп келеді. Ша­мамен он-он бес минут ерте жетуіміз ке­рек. Жеттік те. Пойыздың қарасы көрін­ді. «Уф» дедік біз. Мә! Ақ тер-көк тер болып жет­кенде, әлгі пойызымыз стансаға тоқ­та­май, бізге «қол бұлғап» кете барды. Жанұ­шы­рып, станса қызметкерлерінен сұрап жа­тырмыз. «Мұнысы не?» деп. Олар: «Бұл ар­найы пойыз! Шуға да тоқтамайды. Тек Та­разға жеткенде ғана бір аялдайды!» Игорь екеуміз бір-бірімізге қарадық та, ым­сыз мәшинеге жүгірдік. Тағы да «қыз қуу»! Көлікке ешнәрсе көрінбесе, Қордай асуы­нан аман-есен өтсек, Таразға жобасы 30-40 минут ерте жетуіміз керек. Солай бол­­ды да. Вокзалға жеткенде, алдымен пойыз­­­ды, сонан соң көңілі құлазып келе жат­­қан Шәкеңнің вагонын аңдыдық. «Түр­кі­с­тан-1500» пойызы ырс-ырс, пыс-пыс етіп тоқтаған кезде, біз екі пәшкі газетті құ­шақ­тап, 9-вагонның алдында тұрғанбыз. Жол­серіктен бұрын перронға Шәкең атып шық­ты.
– Жеттіңдер ме, қарақтарым!
– Жеттік!
Жылы шырай танытып, арқамыздан қақ­қан Шәкең ешкімге сенбестен, газеттерді құшақтай алып, күлімдеп вагонына секіріп мінді...

Ғалымжан Мелдеш,
ҚР мәдениет қайраткері

Серіктес жаңалықтары