30 жылда үлкен медиа брендке айналды
Қазір де Túrkistan газеті өзінің әу бастағы миссиясынан айнымай, ұлттық, мемлекеттік бағытта еңбек етіп келеді. Ағылшынтілді журналистердің де қалыптасып келе жатқаны қуантады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың бастамасымен ашылған Túrkistan халықаралық апталығы кәсіби қазақ журналистерінің қара шаңырағына айналып қана қоймай, ұлттық баспасөздің өзіндік бренді болып үлгерді. Біз, білікті медиаменеджер, ұзақ жылдар газетке бас редактор болған, Шәмшидин Паттеевтің тұсында газетке келіп, қызмет еттік. Әрине, жаңадан оқу бітірген, бұған дейін негізінен жастарға арналған, кезінде Файзулла Оразаев қайта түлеткен «Қазақ үні» газетінен кейін республикалық басылымда жұмыс істеудің сәті түскені біз үшін үлкен қуаныш болғаны жасырын емес. Біздей жастарға сенім артқан елімізге сыйлы азамат Шәмшидин Паттеевке әлі күнге дейін алғыс айтамыз.
Әрине, Шәмші ағамыз газеттің заман талабына сай қоғамдық-саяси бағытта ғана дамытып қоймай, халықаралық деңгейде де танылуына оң септігін тигізді. Біз тек посткеңестік елдердің өкілдерінен ғана емес, әлемдік, халықаралық деңгейде танылған сарапшылардан да сұхбаттар алып, үнемі ел дамуының тамырын басып, тынысын бақылап отырдық. Әлі есімде, 2004 жылдары «Túrkistan-ның қыздары» деген сөз де жиі айтылатын. Бұл негізінен сол кезеңде қыз-келіншектерден құралған журналистік пулға, ұжымға берілген оң баға болса керек. Аға буын ақын-жазушылар, саясаткерлер, экономистер мен заңгерлер «Túrkistan-ның қыздары мықты» деп мақтап қоятын. Әрине, мұның бәрі бас редакторымыз Шәмші ағамыздан бастап редактордың орынбасары болған жазушы, баспагер Дидахмет Әшімханұлының да үлкен еңбегі еді. Танымал журналист Көлбай Адырбекұлының «Казахское дело» тарихи мақалалар топтамасы да газеттің жеке брендіне айналды. Есенгүл Кәпқызы, Нәзия Жоямергенқызы, Гүлбиғаш Омар, Гүлнәр Мұқанова сияқты журналистикада өзіндік қолтаңбасы бар әпкелерімізбен әріптестігіміз кейін үлкен сыйластыққа, достыққа ұласты. Жалпы, газеттің басшылары, журналистерінен бастап корректор, бет қаттаушыларына дейін кілең мықты, өз мамандығына берілген азаматтар. Әрқайсысының өмір жолы жастарға үлгі.
Қазір де Túrkistan газеті өзінің әу бастағы миссиясынан айнымай, ұлттық, мемлекеттік бағытта еңбек етіп келеді. Ағылшынтілді журналистердің де қалыптасып келе жатқаны қуантады. Мұхиттың ар жағындағы Америкадан алынып жатқан сұхбаттар мен зерттеу мақалалары халықтың көңілінен шығып жатыр. Өз басым Túrkistan халықаралық апталығында небір мықты әріптестермен қызметтес болғаныма, тәжірибе алмасқаныма қуанам. Қазіргі газет ұжымына шығармашылық табыс пен зор денсаулық тілейміз! Қазақ журналистерінің ынтымағы арта берсін!
Құрметпен Кәмшат ТАСБОЛАТ,
журналист