Газеттің 30 жылдығы – тұтас ұлттың тойы

Túrkistan газетінің 30 жыл­дығы мен үшін бір редак­ция­ның төңірегінде тойлана са­ла­тын кішігірім шара емес, бұл – тұтас ұлттың тойы, елдің 30 жыл­дық шежіресі бедерленген биік белес!

Газеттің 30 жылдығы – тұтас ұлттың тойы
turkystan.kz
1183

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ту тігіп, үш ға­сыр­дан бері бодандықтың бұғауында қалған ұлттық рухты оя­тып, қоғамға үлкен сілкініс әкелген саяси апталық  – Túrkistan газетін бала кезімнен жақсы білемін.  Әрі осы ұжым­да қаламымды ұштап, журналистика саласындағы қаз-қаз қадамыма демеу беріп, қолдау көрсеткен бір шоғыр ағаларға алғыс айтамын.

Алатаудай асқақ сол аға­лар­дың арқасында бүкіл өмі­рі­ме азық болатын мол тәжірибе жи­нақтадым десем еш қате­лес­пеймін әрі мектеп қабырға­сы­нан көзіме ыстық Túrkistan га­зеті менің сүйікті басы­лы­мым­ның біріне айналып кетті.

Túrkistan газетінің 30 жыл­дығы мен үшін бір редак­ция­ның төңірегінде тойлана са­ла­тын кішігірім шара емес, бұл – тұтас ұлттың тойы, елдің 30 жыл­дық шежіресі бедерленген биік белес!

Осы мерейлі сәтті пайда­ла­на отырып, ер түріктің бесігі бол­ған барша қазақ жұртын, Túrkistan газетінің ұжымын шын жүректен айтулы беле­сі­мен құттықтаймын! Ұжым дәс­түрлі басылым мен заман та­ла­бына сай сайтпен, желімен жаңарып, қоғамға әртүрлі та­қырыпта сапалы материалдар ұсынуда. Ұжым бүгінгі талап үде­сінен шығады деп сенімді ай­та аламын.

Жасырар несі бар, сонау 90-жылдардың экономикалық қиын кезеңіне қарамастан, жаңа газеттің ашылуы ұлт үшін та­рихи оқиғаның бірі болғаны анық. Кеңестік қыспақтан шыққан халық саяси сарап­та­малық мақалаларға, тарихи-та­нымдық дүниелерге сусап жү­ретін, тұщымды материал­дар­ды іздеп оқитын. Ол уақытта бала болсақ та аға буынның әң­­­­гімесінен көп нәрсені аң­ғара­тынбыз. Олар Túrkistan, «Ана тілі» сияқты жарқ етіп шық­қан басылымдарды жо­ғары бағалайтын. Ондағы тілі ұшқыр мамандарға сүйсінетін. Сол жүлге біз студент болып, редакция шаңырағына бас сұқ­қанда да үзілген жоқ. Жақсы адам­дармен жолықтым. Дидах­мет, Шәмшидин, Жаңабек аға­лардың алдын көріп, мек­тебі­нен өттім. Олардың берген ба­ғыт-бағдары, Динара Мың­жа­сар сияқты журналистикада ел мойындаған есімдермен қоян-қол­тық еңбек етуім кейінгі өмі­рім­де де үлкен пайдасын ти­гізді.

Газеттің спорт бетін жан­дандыруға бетімнен қақпай, ба­рынша жол ашқан әріп­тес­терге зор ризашылығымды біл­діре­мін. Газет үні – дәуір үні, ел тарихы, ұлт шежіресі сіздер ар­қылы жазылады. Той құтты бол­сын! Газет мың жасасын!

Ермұхамед МӘУЛЕН, 
спорт комментаторы

 

Серіктес жаңалықтары