Қалтайдың қалжыңдары
Túrkistan газетінің 30 жылдық мерекесіне орай осы басылымның негізін салған Қалтай Мұхамеджановтың бірнеше қалжыңдарын ұсынып отырмыз.
Қаламгерлігінен басқа, Қалтай аға қалың қазаққа өткір әзілдерімен, астарлы қалжыңдарымен де кең танылған. Қатарлас-қаламдастарының айтуынша, Қалағаңның қалжыңдары табанда айтылып, қалың жұртқа тез тарайды екен. Оның хатқа түскен біршамасы екі рет басылған «Қалтайдың қалжыңдары» деген кітапқа енген. Біз Túrkistan газетінің 30 жылдық мерекесіне орай осы басылымның негізін салған Қалтай Мұхамеджановтың бірнеше қалжыңдарын ұсынып отырмыз.
Бір аяқпен басқару
90-жылдың бас кезі. Қалтай Мұхамеджанов «Заман-Қазақстан» газеті мен «Ара» журналына тел редактор болып жүрген кезі екен. Сол тұста Қалағаң аяғы ауырып, бір аяғын ақсаңдай басып жүргенде бір құрдасы: «Ай, Қалтай, бірі – ауру, бірі – сау андағы аяқпен екі ұжымды басқару қиын ғой, газеттің не журналдың біреуін бізге берсеңші» депті қағытып.
Сонда Қалаға: «Иектерің қышымасын! Екі аяғы жоқ Рузвельт Американы 12 жыл билегенде, мен бір аяқпен тулақтай бір газет пен тоқымдай бір журналды басқара алмайды дейсің бе?» деп дес бермепті.
Болар-болмас редактор
«Жаңа фильм» журналына редактор боп тұрғанда қатарластары Қалтайдан: «Қалеке, қайда жұмыс істейсің?» деп сұрапты. Олардың көкейін танып, қызметін қомсынып тұрғанын сезген Қалағаң да ойланып жатпай: «Е-е, толар-толмас журналдың болар-болмас редакторымын» деген көрінеді.
Медосмотрмен алынған
Халықаралық әйел-қыздар күніне арналған отырысы үстінде Шерхан Мұртаза:
− Пай-пай, Қалаға! Газетіңіздің қыздарын конкурспен таңдап алғанбысыз? Бірінен бірі өткен сұлу ғой, − депті Túrkistan газетінің бас редакторы Қалтай Мұхамеджановқа әзілдеп.
Қалағаң да оны іліп әкетіп:
− Шәке, қыздардың бәрі медосмотрдан өткен. Әттең, медосмотрсыз алған біздің кемпір сыр беріп жүр, науқастана береді, − депті.
Арттың құнын білу
Шалбай Құлмаханов Алматы қаласының әкімі болып тұрған кезі екен. Қалтай Мұхамеджанов алдында бір рет оның қабылдауында болып, Túrkistan газетіне қаржы сұрап алған екен. Кейін газетке тағы ақша керек болғанда Шалбайға тағы барыпты. Бірақ оның кабинетіне бетін есікке қаратып, артымен кіріпті. Әкім орнынан атып тұрып:
– Сіз кімсіз? – десе, Қалағаң:
− Мен Қалтаймын. Әнеукүні алдыммен кіріп Túrkistan-ға көп қаржы алғанмын, енді артымның құнын білгім келеді. Артыма не көмегіңіз бар, – деген екен, сасып қалған Құлмаханов:
– Сізге қанша қаржы керек еді... Сізге қанша қаржы керек еді, – дей беріпті сасқанынан.
Сен туған роддомға
ұқсамайды
Қазақстан Орталық партия комитетінде бір бөлімінің бастығы Қалтай Мұхамеджановпен әңгімелесіп отырғанында, Қалағаң батылдау сөйлеп жіберсе керек, әлгі жігіт қаламгердің астарлы қалжыңын жақтармай шамданып:
– Қалеке, шаңыраққа қараңыз! – десе, Қалағаң мойнын ол жаққа бұрып, бұл жаққа бір бұрып қарап, сосын төбеге бір қарап:
− Шырағым, бұл шаңырақ сен туған роддомға ұқсамайды, – депті.
Аңшының иті сияқты
Қалтай бірде Қазақстан Орталық комитетінің хатшысы Меңдібаевтың қабылдауында болыпты. Оны естіген тұстастары:
− Қалеке, Меңдібаевта болыпсыз. Екінші хатшымен орысша сөйлестіңіз бе, әлде қазақша сөйлестіңіз бе? − деп сұрапты.
– Орысшаға ағып тұр екен сабазың. Бірақ менің қазақшамды түсінді.
– Қазақша білмей ме сонда?
– Білмейді, бірақ аңшының иті секілді әккі неме түсінеді екен, – депті Қалтай.
Жақын туысым – Симашко!
1983 жылы Дінмұхамед Қонаев Қалтайды кабинетіне шақырыпты. Ертесіне секретариатта Қалағаңның мәселесін қарамақшы екен. Себебі «Жақын туыстарын қызметке көбірек алады. Өйтеді, бүйтеді» дегендей арыздар түскен үстінен.
Димекең екеуі біраз әңгімелесіп, әңгіме аяғы әлгі арызға ауысқан тұста:
– Осы Қалтай, сен қай жүзге жатасың? –депті.
– Димеке, менің оңбай жүргенім сол, ешбір жүзге жатпайтыным.
– Сонда сен кімсің?
– Қожамын.
– Осындағы ең жақын туысың кім?
– Морис Симашко.
– Қалай?
– Жақындығым: Ыбырай пайғамбардың Сара деген қатынынан Симашконың аталары, Ажар дейтін қатынынан арабтар – біздің ата- бабаларымыз туған, – депті Қалағаң өзінің рушылдыққа жоқ екенін әзілдей отырып жеткізіп.
Қатындардың арқасында қызметті болу
1984 жыл. Қалтай Мұхамеджанов Жазушылар одағының II хатшылығы қызметінен кетейін деп жатқан кезінде оны Дінмұхамед Қонаев қабылдауына шақырып:
– Қалтай, Олжас екеуіңнің басың піспей жүр дейді ғой, сені басқа қызметке кояйын. Анау, кинокомитеттің бастығы Ләйлә Ғалымжановаға орынбасар болып барсаң қайтеді? – депті.
– Ой, Димеке, мен қалай екі қатынға бірдей орынбасар болам? – депті Қалағаң шошып кеткен сыңай танытып.
Димекең күліпті:
– Екі әйелге бірдей орынбасар болатының қалай?
Сонда:
– Енді, Димеке-ау, үйге барған кезде келініңізге орынбасар, жұмысқа келгенде Ләйләға орынбасар болғанда менің нем қалады? – деген Қалтайға Димекең сол жымиған қалпы:
– Онда ертең хабарласшы, – депті де, ертесіне Қалтайды Қазақстан Кинематографистер одағына төраға етіп жіберіпті.
Қазақ Құдайға қарсы ма?
Қайбір жылы руы қожа Исатай Әбдікәрімов деген кісі Қызылорда облысына Обком хатшысы болып сайланыпты. Жазушылар одағынан шығып келе жатып Қалтайға жолығып қалған ақын Қайнекей Жармағамбетов: «Әй, қожа, анау, сенің ағаң ба, немене? Қожалар да Обкомға хатшы болады екен-ау! – депті не дер екен дегендей. Сонда Қалтай: «Құдай қожаларға пайғамбарлығын қиғанда, қазақ хатшылығын қимай ма? – депті әзілдеп.
Қолыңды жудың арақпен
90-жылдар... Қалтай досы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бір інісінің баласы үйленіп, соның тойына барыпты. Әбекең балық жеп болып, балықтың иісі тезірек кетсін деген болуы керек, бір кезде қолын арақпен жуа бастапты.
Ә.Нұрпейісов Аралда туған, алып отырған келіндері Жетісудың қызы. Осының бәрін қас-қағымда ойынан өткізген Қалтай, досын:
Аралда, анау, жүргенде
Күн көруші едің шабақпен,
Үйсінге құда болған соң
Қолыңды жудың арақпен, – деп өлеңмен қағытыпты.
Аласың-ау қалайда!
Тахауи Ахтанов Ленин атындағы сыйлыққа ұсынылып ала алмапты. Оған бола Тахауидың тауы шағылмайды, әрине. Дегенмен Қазақстанның Абай атындағы сыйлығына ұсынылғанда аздап қобалжыпты. Қалай дегенмен алдында бәйгеге түсіп, аты озбай қалғаны бар. Көңілі күпті Тахаң: «Ей, қожа! – депті Қалтай досына. – Әулиенің тұқымысың ғой, айтсаңшы. Енді биыл қалай болар екен?!»
Досының ойындағысын айтқызбай сезіп, таудай талабына бармақтай бақ сүйеген Қалтай табанда:
Ұсындық сені Ленинге,
Ұсындық сені Абайға.
Боқ жеп жүрсін түсімде,
Аласың-ау қалайда! – депті.
Бұйырыс па, достың шын тілегі ме, әйтеуір со жылы Т.Ахтанов Абай сыйлығының лауреаты болыпты.
«Горючийім» өзімде!
Желтоқсан айында, қазақтың бір топ қаламгері Шыңғыс Айтматовтың туған күнін атап өтуге Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұловпен бірге Қалтай Мұхамеджанов та жолға шығады. Қырғыз жаққа өткеннен кейін бір жерге тоқтағанда біреуі қолындағы бөтелкенің аузын ашып, «Қане, бір-бір рюмкадан тартып жіберейік» деп кесеге құйып, алдымен Қалтайға ұсыныпты. Мұздай екен, сонда да тартып жіберген Қалағаң ұрттағаны тамағынан өтіп кеткенде барып бензин екенін бір-ақ біліпті. Басқалары Қалағаңның түрінің өзгеріп кеткенін көріп, иіскеп, мұрнын тыржитыпты да ішпепті. Мүмкін бензин екенін сезді, не әдейі істеді. Қалтай әрірек барып, жүрегін басайын деп аппақ қарды асап-асап жіберіп тұрып қалыпты. Сонда біреуі: «Машина бағанадан от алып тұр, май таусылып қалмай тұрып жүрейік те, Қалаға» десе, Қалағаң: «Маған алаңдамай жүре беріңдер. Менің өз «горючийім» өзімде» деген екен.
«Эротика» деп жүрер
Бірде Қалағаң бір топ ақын-жазушылармен ел арасына шығады. Көп отырыстан шаршаған Қалағаң бір ауылдан қармақ таптырып алып, өзеннен балық аулауға кетіп қалыпты. Сәлден кейін өзен жағасына Әбекең − Әбдіжәміл Нұрпейісов те келіп жетеді. Келе сала:
− Әй, ұстаған бір шабағың жоқ қой. Бағанадан бері не істегенсің? − деп қалжыңдай тиіседі. − Мына мен сияқты балықты жерден болсаң екен, құмның арасында өскен сен қармақ жайын қайдан білесің?
– Әшейін, жауын құртын суға шомылдырып отырғаным ғой, – деп күледі Қалағаң.
– Өй, сен қармаққа құрт ілуді де білмейтін шығарсың-ау. Судан суырып көрсетші кұртыңды, – дейді Әбекең одан сайын қалжыңдап тұқыртқысы келіп.
– Көрсетуге болмайды, – дейді қабағын әдейі түйген Қалағаң. – Жауын құртым тыр-жалаңаш. Оны судан шығарсам, милиция екеумізді «эротика...» деп қамап тастап жүрер.
Қораздан кейінгі қызық
Бірде Қалағаң бастаған біраз қауымды Алматының іргесіндегі бір ауданның басшысы қонаққа шақырыпты. Қонаққа шақырған жақтың шабарманы әрқайсысынан кімнің қандай тағамды қалайтынын жұқалап сұраса керек. Сонда қонаққа шақырылғандардың бірі – академик кісі «мен жылқының етінен гөрі тауықтың етін сүйсініп жеймін» депті.
Шақырылған күні қонақтар күтетін жерге барғанда, әрқайсысының алдына ұнататын тағамдарын қойып, әлгі академик өзіне арналып тұтас пісірген тауықты әбден қалдырмай жеп, сүйегіне дейін күтірлетіп шайнап тастапты. Сонда бағанадан бері әлгі кісінің әрекетіне қарап отырған Қалағаң:
– Жолбарысым-ау, – депті жұрт назарын өзіне бұрып. – Мынау тауықтың қораздан кейінгі қызығын сен көрдің ғой!..
Сүйекті өлшеп жұту
Мойнына совхоздың кеміс малы ілініп, ісі сотқа өткелі тұрған бір танысы Қалтайға келіп, жағдайын айтып, мұңын шағыпты. «Осындай да осындай, пәлеге қалдым. Қол ұшын бермесеңіз жағдай қиын...» деп. Сонда мән-жайға қаныққан Қалтай аға:
– Қарағым-ау, – депті шарасыз қалыппен. – Ит те сүйекті бір жеріне қарап жұтатын еді ғой, соған да ақылың жетпеді ме?..
Фаридаш-ау,
әлгі сенің жоқ дегенің...
Бірде Қалағаң басы ауырып, үлкен дәрігерлерге көрінеді.
Дәрігердің бірі:
– Қысқасы, сіздің миыңызға тыныштық керек. Соны ескеріңіз. Біршама уақыт оқу мен жазуды қоя тұруыңызға тура келеді. Сол жағын қатты ескеріңіз, – дейді. Сонда Қалағаң:
– Дәл осы сөзіңді анау үйдегі жеңгеңе айта қойшы, – дейді.
Қалағаңның бұл сөзіне түсіне қоймаған дәрігер не айтарын білмей аңырап тұрып қалады. Осы кезде Қалағаң үйінің телефонын теріп:
– Әй, Фаридаш, мына дәрігерлерге қаралып едім. Сенің әлгі менде жоқ деп жүргеніңді бар деп жатыр ғой, сонда қалай болғаны, – дейді. Ар жағынан жеңгеміз:
– Не дедің, немене? – деп түсініңкіремейді. Сонда Қалағаң ашығына кетіп:
– Сен осы үнемі миың жоқ дейтін едің ғой. Ал мына дәрігер бауырым, сіздің миыңызға тыныштық керек деп болмайды. Мә, өзің сөйлесші, – деп тұтқаны дәрігерге ұстата қойыпты. Бұл жерде дәрігер де не дерін білмей тұрып қалыпты. Сонда ар жағынан жеңгеміздің:
– Ол ағаңның әзіл-қалжыңы ғой, кешірім ет, – деп телефон тұтқасын қоя салыпты. Қалағаң дәрігерге күлімсірей қарап:
– Кейде қатынды да өстіп тәртіпке салып қойған жөн. Рақмет саған, – деп өз жөніне жүріп кетіпті.
Ұшықтап жібердім!
Сонау отызыншы жылдарда ел басына қара бұлт үйріліп, азаматтар «халық жауы» деп нақақ жазаланып жатқан кезде оның кесірі Қалтайдың да отбасына тиіпті. Қалтай ол кезде әлі қабырғасы қата қоймаған жас бала. Анасы күн демей, түн демей еңбек етіп, Сыр бойыннан шеңгел шауып, соны сатып аздаған тиын-тебен тауып күн көреді. Сонда да мойымай, жазықсыз сотталғандарды сақтай гөр деп Құдайға жалбарынып, әр жұма сайын молданы үйіне шақырып, ата-бабаларына құран бағыштатады екен. «Өлеңді жерде өгіз, өлімді жерде молда семіреді» дегендей, құранның өзін шала білетін дүмше молда Қалтайдың үйіне үйір болады. Қалтайдың анасы болса бейсенбі сайын молданы күтуге әзірленіп, тыныш таппайды. Нан, бауырсақ пісіріп, жылы-жұмсақтарын дайындап, ертеңіне келетін молданы күтеді. Молда тамаққа тойып алып, «Ұұлу алла, қу ауқат, алла су саламат» деп ара-тұра даусын шығарып, қалғанын сыбырлап оқып, құран сөздерінің быт-шытын шығарып, бетін сипап бата қылып, қарнын тойдырып қайтады. Осындай жағдай қайталана берген соң, әрі жас та болса зерек, діни оқудан хабары бар жас баланың ызасы келіп жүреді екен.
Сөйтіп, бір күні апасы төркіндеп кеткенде молданы күту Қалтайға бұйырады да, ол дүмше арамтамақ молданы қатырып жіберуді ойлайды. Сол кезде орыс көршісі шошқа сойып жатқанын көреді де содан ет алып келіп асып, молданы күтеді. Молда келген соң, Қалтай: «Намаздан ашығып келген шығарсыз, дәм ала отырыңыз» деп майы кілкілдеп тұрған бір табақ доңыздың етін молданың алдына қоя қояды. Молда ақ майдан білемдеп асап, шайнамай асап жатқанда тамағына түйіліп қалады. Жұтуға тырысып, әрі-бері күшенгенімен ештеңе шығара алмаған ол Қалтайға «желкемнен ұр» деп ымдайды. Онсыз да жақтырмай отырған Қалтай молданың желкесінен періп жібергенде, тамақтан өтпей тұрған шандыр анадай жерге солқ етіп түседі.
– Мынауың кәрі қошқардың еті ме? − деп ентіккен молдаға Қалтай:
− Жоқ, шошқанікі еді, − депті.
− О, арамза жетімек, − деп лоқсыған молда сыртқа жүгіреді.
− Өзіңе де сол керек, дүмше! − деп мәз болады Қалтай.
Бір-екі күн өткенде төркіндеп келген апасы ауылынан алып келген еттерін қазанға салып, қайтадан молданы күтуге дайындалып жатады.
− Апа-ау, молдаңыз енді келмейді, − дейді Қалтай.
− Е, неге?
− Сыбағасын сіз жоқта жеп кеткен.
− Қай сыбаға?
− Дүмше молдаңызды енді біздің үйге аяқ баспайтындай етіп Иван ағайдың шошқасының етімен жақсылап ұшықтап жібергем, − депті Қалтай сонда.
«Қалтайдың қалжыңдары»
кітабынан алынды