Қарағандыда газ жарылып, адамдар үйінді астында қалып қойды

Оқиға 30 қаңтар сағат түнгі 00:07 шамасында Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде болған.

Қарағандыда газ жарылып, адамдар үйінді астында қалып қойды
murat_katpanov/Instagram
919

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында жарылыс болып, оған шыдамаған тұрғын үй опырылып қалды. Үйінді астында әлі де адамдар бар. 

30 қаңтар түнгі 00.07 шамасында Бұқар жырау ауданы Ботақара кенті Әуезов көшесіндегі қосқабатты 12 пәтерлі үйде жарылыс болғаны хабарланған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов алдын ала болжам бойынша тұрмыстық газ баллоны жарылған дейді.

Кейіннен екінші қабат жартылай опырылған.

Өрт шықпаған.

«Опырылған аумақ анықталып жатыр. Біздің болжам бойынша, үйінді астында адамдар бар. Жергілікті жерде штаб ұйымдастырылған. Оқиға орнында 45 адам және 13 техника жұмыс істеп жатыр», — дейді Мұрат Қатпанов.

Қазір үйінді астынан 6 адам шығарылып, Ботақара кентінің орталық ауруханасына жеткізілді.

Басқа адамдарды іздеу жұмысы жалғасып жатыр.  

Серіктес жаңалықтары