Былтыр «қара нарықтан» тәркіленген есірткінің құны 20 миллиард теңгеден асады – Дәулет Тұрлыханов

Депутаттың сөзіне сүйенсек, кейінгі 5 жылда тәркіленген «синтетиканың» саны 100 есеге өскен.

Былтыр «қара нарықтан» тәркіленген есірткінің құны 20 миллиард теңгеден асады – Дәулет Тұрлыханов
сурет: baq.kz
964

Депутат Дәулет Тұрлыханов нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу мәселелерін көқтеріп, Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдады.

Бүгінгі таңда ең өзекті міндеттердің бірі – нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу және қоғамда есірткіге мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе, бұл ірі қалаларда ерекше проблемаға айналды. Мемлекет басшысы таяуда өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында осы мәселеге тағы да тоқталып, есірткінің таралуына қарсы күресті күшейтуді талап етті. Осынау қоғамдық дертке тосқауыл қою туралы жоғары деңгейде бірнеше рет тапсырмалар берілсе де, өкінішке қарай әлі күнге айтарлықтай нәтиже жоқ. «Ауруын жасырған өледі» деген. Жасыратыны жоқ, синтетикалық есірткі еліміздің әр қаласында сәт санап тарап жатыр. Ақпарат құралдарынан есірткіні таратушылар мен тұтынушылардың ұсталып жатқаны туралы хабардармыз, – дейді депутат.

Мәселен, 2023 жылғы қаңтар мен қарашаның қорытындысы бойынша елімізде есірткіге байланысты 7 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,1%-ға артық.

Бұл айтарлықтай көрсеткіш. Алғашқы синтетикалық есірткілер Қазақстанда 10 жыл бұрын пайда болған, ал есірткіні зерттейтін жабдықтар мен анықтайтын әдістемелері ескі. Соңғы 5 жылда тәркіленген «синтетиканың» саны 100 есеге артқан. Былтыр «қара нарықтан» тәркіленіп алынған есірткінің құны 20 миллиард теңгеден асады. Бұл қолға түскені ғана. Ал мұның сыртында айналып жатқаны қаншама. Бұл сұмдық емес пе?! Көрсетілген цифрлар елімізде есірткінің тамыр жайып, белең алып кеткенін көрсетеді. Тым қорқынышты көрсеткіш! Бұлай кете берсе, елдігімізге қауіп төндіреді. Сондықтан бұл тажалға бүкіл қоғам болып қарсы тұрып, бірлесе күресуіміз керек. Деректерге сүйенсек, синтетика қолданғандар қырыққа жетпей қыршынынан қиылады екен. Есірткіге елтіп, мәңгіру мен торығудың да соңы өлімге әкеліп соғады. Ағзаның мезгілінен бұрын тозып, айықпас ауруға ұшырауы да осы есірткінің салдары. Мамандар есірткіге тәуелді 20 жастағы адамның ағзасы жетпістегі қариямен тең екенін айтады. Бұл – нағыз дабыл қағарлық жағдай! – деді Дәулет Тұрлыханов.

Депутат есірткіге қарсы тың тәсілдерді ойластыру маңызды екенін айтты.

Таяуда еліміздің жас жігіттері түсірген «МЕФ» фильмінде еліміздегі қазіргі шынайы жағдай көрсетілген. Әрбір клубта, әрбір ортада есірткі таралуда. Бір басын кессең, екінші басы өсіп шығатын жеті басты айдаһар секілді. Бізді алаңдататыны да – осы. Сондықтан, ғасыр тажалына айналған дерттің жолын кесу үшін оған қарсы тың тәсілдерді ойластыру маңызды. Әсіресе, қоғамдық, саяси, шығармашылық, спорттық ұйымдар мен діни конфессиялар өзара бас біріктіріп, қоғам дертіне қарсы бірлесе әрекет еткені жөн. Бұл іске қалам ұстаған журналистер мен жазылушылары көп блогерлер де, жастар арасында беделді қоғамдық пікір көшбасшылары да атсалысқаны дұрыс. Құрметті Әлихан Асханұлы! Осыған байланысты Сізден барлық мүдделі өкілетті және жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, есірткіге қарсы күреске жұмылдыруда мемлекеттік деңгейде ұзақ мерзімді жүйелі бағдарлама дайындап, Президенттің тапсырмасына сәйкес қатаң қадағалауға алуыңызды сұраймыз. Бұл ретте, заңнамалық, құқық қорғау, әлеуметтік, экономикалық, медициналық, насихаттық және әкімшілік сипаттағы кешенді шараларды қолға алған жөн. Сонымен бірге, ел азаматтарын да осы мәселеге сергек қарап, есірткіге қарсы күреске белсене атсалысуға шақырамын, – деді депутат.

 

 

 

 

 

 

 

 

Серіктес жаңалықтары