ШЫҰ Жастар кеңесіне мүше елдер экологиялық мәселелерді шешу жолдарын қарастырды

Кейбір зерттеулерге сәйкес, Әмудария мен Сырдарияны қоректендіретін мұздықтар бірнеше онжылдықтар ішінде жартысынан астамға қысқаруы мүмкін.

ШЫҰ Жастар кеңесіне мүше елдер экологиялық мәселелерді шешу жолдарын қарастырды
745

Бүгінде әлемде экологиялық мәселелер басты орында тұрған проблемалардың бірі. Біріккен Ұлттар ұйымының мәліметінше, адамзат үш планеталық дағдарысқа тап болды – климаттың өзгеруі, биоәртүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануы.

Ал жоғарыда айтылғандардан  өзектілігі бойынша асып түспесе, кем түспейтін экология және су мәселесінің шешу жолдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жастар кеңесінің онлайн-кездесуінде талқыланды. Онлайн-кездесу Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Тәжікстан және Беларусь елдерінен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жастар кеңесінің мүшелері, экологтары мен сарапшыларының қатысуымен өтті.

Қазіргі таңда елдер экономикалық дамудың оң нәтижесіне қарамастан, әлі де ауа-райының ауытқуларына тап болуда. Олар құрғақшылық, су тасқыны, өрт сынды табиғи апаттарға алып келеді.

«Жастар Рухы» Жастар қанаты төрағасының м.а. Ақерке Искандерованың айтуынша бүгінгі таңда экологиялық күн тәртібі әлемдік саясатта басты орын алады.

«Экология мен су мәселелері еліміздің жастарының зерттеу және талқылау нысанасына айналуы тиіс. Өздеріңізге белгілі, Президент Қ.К.Тоқаев 2024 жылды Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы шеңберінде «Экология жылы» деп жариялауды ұсынған болатын. Осының аясында аталған проблеманы халықаралық аренада көтеруді жөн көрдік. Жастар қанаты экологиялық проблемаларды шешу жолдарын қарастыруда шетте қалған емес. ШЫҰ ЖК-не мүше елдерінің сарапшыларымен тәжірибе алмасу арқылы осы мәселеге жан-жақты қарауға мүмкіндік береді»,- деді А.Искандерова.

Сондай-ақ әлемді толғандырып отырған мәселелердің бірі – су. Су мәселесін де ШЫҰ Жастар кеңесінің кеңістігінде  назардан тыс қалдырмады.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы, су ресурстары және климаттың өзгеруі саласындағы зерттеуші Шыңғыс Зипатолла климаттың өзгеруі және су ресурстарының проблемалары Орталық Азия елдеріне үлкен қауіп төндіреді дейді.

«Орталық Азия климаттың өзгеруіне әлемдегі ең осал аймақтардың бірі болып табылады. Кейбір зерттеулерге сәйкес, Әмудария мен Сырдарияны қоректендіретін мұздықтар бірнеше онжылдықтар ішінде жартысынан астамға қысқаруы мүмкін. Бұл өзгерістер суға қол жеткізу тұрғысынан өте маңызды. Сырдария өзенінің Қазақстанға келетін су ағысының бестен бір бөлігінің қысқаруына және халқының әлеуметтік деңгейіне тікелей әсер етеді. Сол себепті су мәселесін қозғаған кезде оған кешенді түрде қарау керек», - дейді Ш. Зипатолла.

Ал Бүкілқытай жастар федерациясының қоғамдық байланыстар бөлімінің атқарушы басшысы Пан Интин елдер арасында жастардың өзара тәжірибе мен пікір алмасып, түрлі мәселе жолдарын шешуге ұмтылуы тиіс дейді.

«Биылғы жыл ШЫҰ Жастар кеңесі құрылуының 15 жылдығымен тұспа-тұс келеді. Біздің ортақ жауапкершілік – мүше мемлекеттердің 700 миллионнан астам жастарын жақсы жаққа тәрбиелеу, көмек көрсету, экологиялық таза дамуға ықпал етуді алға тарту. Ұлттық жастар лигасы көптеген жылдар бойы қытайлық жастарды экологиялық өркениет тұжырымдамасын қолдануға, экологиялық өркениеттің құрылысына қатысуды қалыптастыруда жан-жақты мүмкіндіктерді ұсынуға тырысады. Біз Жастар кеңесіне мүше елдермен бірігіп жастарда экологиялық өркениет сезімін қалыптастыруда бірлесіп жұмыс істеп,  саналы түрде салауатты өмір салтын ұстануымыз, сондай-ақ адам мен табиғаттың «үйлесімді» өмір сүруінің «насихаттаушылары» болу үшін практикалық іс-әрекеттер жасауымыз керек», - деп өз пікірін білдірді.

Сонымен қатар жиынға «Let's do it» қозғалысының вице-президенті Шасалим Шагалимов (Қазақстан), ШЫҰ Жастар кеңесі Хатшылығының жетекшісі Алексей Карпенко, Бүкілқытай жастар федерациясы Бас хатшысының орынбасары Лю Кай (ҚХР), Ресейдің саяси және қоғам қайраткері, Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының энергетикалық саясат және энергия тиімділігі комитеті төрағасының орынбасары Юрий Станкевич, «Беларусь Республикалық Жастар одағы» қоғамдық бірлестігі Минск қалалық бақылау комиссиясының төрағасы Анастасия Маслова, Қырғызстан Жастар Қоғамдық Кеңесінің экологиямен проблемалар бағыты бойынша мүшесі Гульнара Елисеева, «MoveGreen» экологиялық ұйымы төрағасының орынбасары Ажар Байсалова (Қырғызстан), «Эколог» қоғамдық бірлестігінің директоры Наргис Касимова (Өзбекстан), Тәжікстан Ұлттық Ғылым Академиясының мұздықтар, криосфера мониторингі және геоақпараттық жүйелер технологиясы бөлімінің бастығыХусрав Кабутов және Үндістанның жастар және спорт министрлігі Ұлттық қауіпсіздік қызметінің аймақтық басқармасының директоры Kamal Kumar kar қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетейік, бейнеконференц байланыс арқылы ұйымдастырылған онлайн-кездесу «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жастар кеңесіне төрағалық ету шеңберінде өтті.

 

Серіктес жаңалықтары