Мен TÚRKISTAN-ға қалай келдім...
...Тіпті, біраз басылымдар қаржы мәселесінен жабылып қалған жайттар да болды. Жарыққа шығып жатқан басылымдардың өзі жастар түгілі, кәнігі төселген журналистеріне қаламақы түгілі, айлықтарын әрең тауып беретін. Осындай қиын-қыстау кезеңнен Қалағаңның кемеңгер көргенділігі, білімділігі, тіпті мейірім шапағатының арқасында Túrkistan газеті өз биігінен төмендемеді.
Сол жылдарды, редакция табалдырығын аттаған сол алғашқы күнді ойласам, көңіліме жылылық орнайды. Өткен күндерге деген сағыныш жүрегімді жұлып әкетердей, алабұртқан әдемі бір сезім ұлы сағынышқа ұласып жүре берді...
Журналист боламын деген бала махаббат үлкен арман-мақсатқа айналып, Алатаудың баурайындағы сәнді қалашыққа, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінен бір-ақ шығарды. Арман арқалап жеттік. Алғаш өлең жаза бастадық. Алғашқы жылы байқаудан өтпей қалып, көңіл қалса да жүректі билеген қаламға деген құштарлық өшпеді. Қайта лаулай түскендей. Шет аудандық (ол кезде Жезқазған облысы) «Ильич туы», бүгінде «Шет шұғыласы» газетіне «білдей» тілші болып орналасып алдым. Қоғамның қай саласына салса да тайсалар емеспін. Бұрқыратып мақала, очерк, арагідік өлең немесе сырға толы эсселер жазылып жатты. Аудан орталығындағы радиоторабы да өз меншігімде. Ауыл-аймаққа тілші қыз атана бастадым. Жазуды мектеп қабырғасынан бастасам да, кеудемді кәдімгі газет қызметкері сынды мақтаныш билейді.
Сөйтіп жүріп университетке де түсіп, оны бітіріп, тұрмысқа да шығып, қазақ қыздарының басты парызы – сүйікті жар, мейірімді ана десек, сол бір қасиетті атаққа да ие болдық. Ол кезде республикалық газет-журналдардың беделі де, ондағы тісқаққан журналистердің де беделі асқақтап тұрған кез, табалдырығынан аттай алмайсың... «Социалистік Қазақстан» газетіне машинистка болып қызметке орналастым. Бүгінде жүз жылдық тарихы бар газетте қоғамдық-саяси, науқандық материалдардан басқа көрнекті қаламгерлердің шығармалары ғана жарияланып жатады. Жастардың көздегені де, таңсәріден газет сататын дүңгіршектер. «Лениншіл жас» («Жас Алаш»)! газетін сатып алу үшін аңдиды, тіпті күзетуге дейін баратын-ды. Ал мен ондағы «Ақ отау» қосымшасының белді авторларының бірімін. Оны талай жылдар белгілі журналист Салима Ысқақ жүргізеді. Ондағы жарияланымдар менің жаныма жақын, таныс болғаны сонша, мақалаларым шықса да, шықпаса да газет тігіндісін жасап жүремін. Бірде газетке қазақтың кербұғысы, қайталанбас қаламгері Орағаң – Оралхан Бөкейдің шығармаларына құныққаным сонша, «Мен Сізге ғашық едім» деген қысқа ғана дүнием жарық көрді. Осы мақала мені Túrkistan халықаралық саяси апталығымен қауыштырды десем болар.
Иә, Túrkistan-ға қалай келдім...
Қол сәл қалт етсе, газет-журналдағы таныс қыз-жігіттерді жағалап, амандаса барып, араласа жүретінбіз. Университетте бірге оқыған, бүгінде қаламы жүйрік, әсіресе, экономика тақырыбын шемішкеше шағатын журналист Рымтай Сағымбекова Túrkistan-ның белді қызметкері. Жиі кездесеміз. Осылай терімшіден қалай бөлімге ауысып, таза журналистикамен айналысады екенмін деп армандап жүргенімде, Egemen Qazaqstan газеті Астанаға көшті де кетті... Отбасым осында, балалар мектепте, алды бойжете бастады. Отағасы болса да осында білдей бір газеттің бас редакторының бірінші орынбасары. Ол дегеніңіз кез келгеннің қолы жете бермейтін қызмет! Енді не істедім дедім іштей күйзеліп, әрине, ешкімге білдіре қоймайсың.
Бір күні, 1997 жылдың жаз айларының жаймашуақ күндерінің бірінде, Рымтайды іздеп Túrkistan газетінің каридорымен келе жатсам, қазақтың тағы бір мықты қаламгері, жазушы Дидахмет аға Әшімхан алдымнан шыға келді. Амандықтан соң: – Таңсұлу, сені іздейін деп жүр едім, бері жүрші, – деді. Соңынан ердім. Сөйтсем, қабылдау бөлмесіне, Бас редактор Қалағаңның, атақты Қалтай Мұхамеджановтың кабинетінен бір-ақ шықтық.
Ал керек болса, енді не болар екенін ішім сезсе де, сасқалақтап қалдым да, Қалағаң көрсеткен орынға Дидағаңмен қатарласа жайғастым.
– Ой, бұл өзіміздің Таңшолпан ғой, – деді Қалағаң. Білдей басшының іштарта сөйлегені есімді тез жиғызған болуы керек, Дидағаң «Таңшолпаны несі, Қалаға, бұл Таңсұлу Алдабергенқызы ғой» деп бетіме қарағанда, үшеуміз бірдей күліп жібердік.
Шіркін-ай десеңізші, сол сәттегі менің бойымды билеген қуаныш әлі күнге жанымды жадыратады десем, бәлкім, біреу сенер, біреулер сенбес...
Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне әбден еңбегі сіңген ағаларымыздың аузынан жылы сөз есту, не деген бақыт, не деген қуаныш екенін уақыт өте келе сезіне түсесің. Сезіне түскен сайын бойыңды ұлы адамдарға деген ұлы сағыныш билейтінін айту үшін, сөзің жетпес, сірә да.
Осындай ұлылар – кешегі Камал аға Смайлов, Шерағаң – Шерхан Мұртаза, біз әңгіме етіп отырған Қалтай Мұхамеджановтардың арасындағы керемет сыйластықты, ұлы достықты көріп, сезініп өскенімізді мақтан да тұтуымыз керек! Газеттің кейбір шараларында жиі көріп, жылы амандасып жүрген мені есінде «Таңшолпан» деп сақтап қалғаны менің төбемді көкке жеткізгендей болып еді.
Міне, мен осылай Túrkistan-ның белді бір журналисі болып шыға келдім. Дидағаңның бастауымен, Қалағаңның қолдауымен, әрине, бұл сәтті өмірбақи айтып да, жазып та жалықпаймын. Қандай қамқорлық! Қандай мейірім! Сөйтсем, Дидахмет аға менің Оралхан ағатай жайлы жазған кішкентай ғана дүниемді оқып, қатты толқыса керек!.. Кім не жазбай жатыр, газет-журналға кім шықпай жатыр дейсің?!. Сондағы Дидахмет ағаның қамқорлығы, өзінен кейінгі жастардың жазған-сызғанын бақылап жүруі, әсіресе, қыздардың, әйел затының қаламын қадағалап жүруі, екінің бірінің ойына да келмес... Өйткені, журналист болсам деген армандары отбасы, ошақ қасынан аса алмай талай қазақ қыздарының мақсаттары мен үкілі үміттері үзілгенін көзіміз көріп, құлағымыз еститін-ді. Ал мені тікелей қабылдау бөлмесіне ертіп барғаны редактормен алдын-ала келісілген тірлік екенін ойласам, төбем көкке жетердей қуанамын! Иманды болғыр, көзі жұмылғанша газеттің ішкі- сыртқы шаруасын тындырып, тілшілерге идеяларын бөлісіп, тапсыра беріп жүретін.
Бірде қабылдау бөлмесіндегі Айнаш, Мұхамеджановтың ондаған жылдар бойы хатшысы болған Айнаш Сатаева, редактордың іздеп жатқанын жеткізді. Әжептәуір төселіп қалған кезім, қай жерден не кетіп қалды екен деген оймен бастықтың кабинетіне кірдім. Қызметтес болған үш-төрт жылда бірде-бір ескерту алып көрмеппін. Жо-жоқ, Бас редакторым өте көңілді, әлдебіреумен телефон арқылы сөйлесіп жатыр екен. Не шығарымды, не отырарымды білмей тұрған маған орындықты иегімен ымдады.
– Таңшолпан, – деді тағы да, маған осы есім лайықты болуы керек, егер осындай талғампаз, талантты жазушы, драматург, сатириктің аузынан шықса, демек, жақсы есім. – Сені байқап жүрмін, әйел, отбасы, ошақ қасы, бала тәрбиесі тақырыбы жаныңа жақын, саған бір ұсыныс айтқалы шақырдым. Айына бір бет «Әйел-Әлем» деген қосымша шығарып тұр, алғысөзін өзім жазып беремін, – дегені.
– Әрине, әрине, жақын, Қалаға, – деп балаша қуандым. Енді ше, қаншама жылдар «Лениншіл Жастың» «Ақ отауына» жазып жүргенім бар, оның үстіне «Әйел-Әлем» аты да, заты да өзіне шақырып тұрған тақырып!
Қиялданып отырып қалсам керек. Бірақ көзім – редакторда!
– Таңшолпан, біздің қазақта «Әйел құлағымен тыңдайды» деген мәтел бар, байқаймын сен көзіңмен тыңдайды екенсің, – дегенде ғана, ұялғаннан күліп жіберіппін.
Қандай керемет сәт! Ұмытуға қақым жоқ сәттер ғой!
Сондағы Қалағаңның Алғысөзде жазғаны: – ...«Ер-елдің иесі, әйел-үйдің киесі» деген сөз бар қазақта. Дегенмен де, бүгінгі әйел отбасы, ошақ қасының айналасында қалып қоймай, алысқа қарайтын болды. Бұл ерлерден ерекшеленіп, ерлермен қатар тұрып, ердің ісін істеп жүр деген сөз емес. ӘЙЕЛ қашанғыдай өзіне тән мінезімен, өзіне ғана тән қасиетімен қазақи тіршіліктің тамырына қан құйып келеді. Ерін бағалай білген әйелдің өз бағасы да артады. Осы тұрғыдан келсек, қазақ еркектерінің бағы бар. Сол бақтың бағбаны – қазақ әйелінің жүзін ешқашан кірбің шалмаса екен деп ойлаймын да жүремін.
ӘЙЕЛ бақытты болса, бәріміз бақыттымыз».
Еліміздің экономикасының, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының тұрақсыздығы, әл-ауқаты төмендеп тұрған тәуелсіздіктің, егемендіктің алғашқы жылдары қоғамның басқа салалары сынды газет-журналдардың да жағдайы мүлдем төмендеп кеткені белгілі. Тіпті, біраз басылымдар қаржы мәселесінен жабылып қалған жайттар да болды. Жарыққа шығып жатқан басылымдардың өзі жастар түгілі, кәнігі төселген журналистеріне қаламақы түгілі, айлықтарын әрең тауып беретін. Осындай қиын-қыстау кезеңнен Қалағаңның кемеңгер көргенділігі, білімділігі, тіпті мейірім шапағатының арқасында Túrkistan газеті өз биігінен төмендемеді. Апта сайын ондағы жарияланып отырған мақалалардың мазмұн-талғамы да, көтерген мәселелерінің де өз шешімін тауып, оқырман көңілінен шығып жатуы, әрине, кез келген мекеменің басшысына байланысты екені сөзсіз. Қалағаңа елден келген сәлемдеме де қызметкерлерге теңдей бөлініп, аз болса да қаржылай көмек болатын. Тіпті, аптасына болмаса да, арагідік редакцияға астау-астау асылған ет әкеліп, арқа-жарқа шай ішетін кездерімізді де ешкім ұмыта қоймаған болар. Қалағаңның өз сөзімен айтар болсақ, «Ер-елдің иесі, әйел-үйдің киесі» бола білген, қолы ашық, дарқан көңілді, жылы жүректі жазушының жары Фарида Бекжанқызы да осал бәйбіше болмады. Фарида апайымыз дүкен сөрелерінің тым жүдеулігіне қарамастан, үйіне елден келіп жататын сәлемдемелерді өз бала-шағасының аузынан жырып, сарқыт ала жүгіретін осындай қазақ әйелдерінің бірі де бірегейі еді. Жақсының жары бола білген ол кісімен редакцияның қыз-келіншектері де жақсы сыйлас, сырлас бола білдік.
Қалағаңнан кейін газет тізгінін – Шамшидин Паттеев мырза ұстады. Біздің Шәкең қазақ журналистикасын, оның ішінде Túrkistan газетін экономиканың қиын-қыстау кезеңінен аман алып шыққан білімді, ізденімпаз, мықты ұйымдастырушы да! Тіпті, журналист-қаржыгер десек те болар. Газет тиражын, алдыңғы толқын ағаларының маңдай терімен еткен еңбектерін шаша шығармай, таратып алмай ұстау – мықты басшының ғана қолынан келер тірлік болса керек. Шәкең газетті өз уақытымен шығарып тұру үшін, тіпті ондағы жарияланымдардың сапасының жоғары болуы үшін, ал ол үшін газет қызметкерлерінің тұрмыс-жағдайы қалыпты болуы керек екенін жанымен түсініп, сол жолда қыруар еңбек етті. Әрине, бұл ретте Ғалымжан Мелдеш, Дидахмет Әшімхан, Жаңабек Шағатай сынды орынбасарларының еңбегін айтпай кету де қисынсыз болар еді.
Шәкеңнің іскерлігі, ұйымдастырушылығы сондай газет тілшілерінің намысын қайрап, жігерлендіріп отырып жұмыс істететін. Бар-болмысыңмен, бар қабілет-қарымыңмен жазып келген дүниеңді түкке алғысыз етіп, өзіңе қайтарғанда, әрине, іштей ренжисің, десе де қайта қарап шыққанда редакторыңның пікірімен келіспеске амалың қалмайтын-ды. Таза журналистикадағы алғашқы редакторым – қазақтың Қалтайы идея тастап, Шәкеңнің кезінде әжептәуір тәжірибе жинақтаған «Әйел-Әлем» қосымшадағы керемет сұхбаттар «Әйел-Әлем», «Әйелмен әлем әдемі» атты екі қалың кітаптың жарыққа шығуы да осындай талапшыл басшының арқасы дер едім. Үшінші кітап баспаға дайын тұр.
Túrkistan газетіне осылай еңбек сіңірдім десем де, мақтанғандық болар. Дегенмен ақиқаты осы. Газеттің 20 жылдығы соншалықты жоғары дәрежеде өткені көз алдымызда. Сондағы жиынға қатысушылардың көпшілігі қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне еңбек сіңірген қаламгерлер болды десем, бүгінгі газеттің қарт журналистері куә. Одан түйгеніміз, газет оқырмандарының көпшілігі зиялы қауым өкілдері! Бұл деген сөз – кез келген басылым үшін, ондағы қызметкерлер үшін жоғары мәртебе екені даусыз. Өйткені газет өз оқырмандарымен ғана өміршең! Ал газеттің жиырма бес жылдығында бұрынғы және сол кездегі қызметкерлердің әр жылдарда жарияланған мақала-сұхбаттары топтастырылған «Túrkistan-25» деп аталатын қалың бір томдық жинақ жарық көрді. Сол шаралардың бел ортасында жүріп, қызмет жасағанымызды мақтан тұтамыз. Бүгінде қазақтың мықты деген журналист қыздары осы газеттен бастау алып, республикамыздың түрлі басылымдарында еңбек етіп жүр. Алғаш еңбек кітапшасын осы газеттен ашқан қыздарымыз бүгінде белді-беделді журналист болып қалыптасты. Ұжым қызметкерлерінің сексен пайызын қыздар құрады. Сондай күндердің бірінде жазушы Дидахмет ағамыз: «Газеттің атын «Túrkistan әйелдері» деп өзгерту керек шығар», – деп әдемі қалжыңдаушы еді...
Túrkistan-30! Сол биігінен аласармай келе жатқан газетіміздің абыройын Шәкеңнен кейін Жаңабек Шағатай, одан кейін Қуат Әуесбай мырзалар тұғырынан түсірмей, Бауыржан Бабажан бастаған бүгінгі басшылыққа тапсырды. Жаңа басшылыққа шығармашылық табыс тілей отырып, әлі алар асулар, шығар биіктер алда, сол жолда қаламдары мұқалмауын тілейміз.
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Алматы қаласы