ҚазҰУ-дағы салтанат
Семинарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы Серік Жұмабекұлы «Túrkistan газетіне 30 жыл» тақырыбында баяндама жасады.
Өткен аптада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы білім ордасының 90 жылдығы аясында халықаралық Túrkistan саяси апталығының 30 жылдығына орай «Túrkistan апталығы және қазіргі қазақ баспасөзінің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Оған Túrkistan газетінің бұрынғы қызметкерлері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің басшылары, оқытушылар және студенттер, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Семинарды ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Темірғали Көпбаев жүргізіп отырды.
Семинарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы Серік Жұмабекұлы «Túrkistan газетіне 30 жыл» тақырыбында баяндама жасады.
Өз сөзінде ол басылымның қазақ баспасөзіндегі орны туралы айта келіп: «Túrkistan газетінің журналистері басылым жарық көрген күннен бастап, күні бүгінге дейін тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен ұлтты рухтандыру жолында талмай ізденісте келеді. Газет бетінде қаншама күрмеуі қиын тақырыптар көтерілді, елдің тізгінін ұстаған азаматтармен бірге қаншама қоғамдық құбылыстар талқыланды. Халқымыздың даңқты перзенттерінің бұған дейін толық ашылмай келген келбеттері жаңа қырынан жарқырай түсті. Túrkistan газеті арқылы қазақ қоғамында жаңа тұлғалардың жаңа бейнелері жасалды. Túrkistan газеті Мұстафа Шоқайдың түбі бір түркі жұртының отын өшірмеу идеясы, асыл арманын қайта жаңғыртты. Осы қасиетті идеология бүгінде Түркі жұртының қара шаңырағы – Túrkistan газетінің басылымының мұратына айналды» − деп, жоғары баға берді.
Бұдан кейін сөз алған «Túrkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы басылымның қазіргі кездегі бет-бейнесі жайында, газет журналистері жазып жатқан тақырыптар мен олар көтеріп жүрген өзекті мәселелердің маңызы туралы әңгімеледі.
«Осы жылдың 28 қаңтарында Túrkistan газетінің шыға бастағанына 30 жыл толды. Бүгін сол атаулы датаға орай газетіміздің арнаулы нөмірі шықты. Соған орай Қазақтан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады. Сондай-ақ Сенаттың, Мәжілістің төрағалары, Мәдениет және ақпарат министрі, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы да құттықтау хаттарын жолдап, газеттің мерейлі мерекесімен құттықтады.
Арнаулы нөмірде газеттің алғашқы нөмірінен бастап бүгінге дейінгі аралықта жарияланған ақпарат, құнды мәліметтер берілді, газет ардагерлерінің естеліктері жарияланды.
Túrkistan газетінің басты бағыты − түркі халықтарының бірлігі екені белгілі. Кейінгі кезде біз «Түбі бір түркі» айдарын ашып, онда қарақалпақ, татар қаламгерлерімен сұхбаттар жарияладық, ноғай, құмық, гагауз, әзербайжан халықтары туралы материалдар жарияладық. Сонымен бірге әлемнің алпауыт компанияларында табысты еңбек етіп жатқан талантты қазақ жастарымен сұхбаттар үзбей беріліп келе жатыр және қазақ мәдениетіне, қазақ тіліне қызыққан, үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдері, шетелдіктер жөнінде қызықты материалдар жарияланып келеді. Одан өзге түрлі әлеуметтік мәселелер мен қоғамда талқыланып жатқан тақырыптар назарымыздан тыс қалмай, үнемі сараптамалық мақалалар беріліп келеді. Сырттағы қандастардың тыныс-тіршілігіне де әрдайым көңіл бөліп отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Túrkistan газеті өз дәстүрін жалғастырып, ақсақалдарымыз салып кеткен сара жолдан айнымай өз деңгейінде шығып келеді, − деді Бауыржан Бабажанұлы.
Бұдан соң сөз алған Túrkistan газетінің ардагерлері − Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Тынышбек Дайрабай, Қазақ Президенті стипендиясының иегері, белгілі журналист қаламгер Көлбай Адырбекұлы, бірнеше кітаптың авторы Таңсұлу Алдабергенқызы, Есенгүл Кәпқызы, Динара Мыңжасарқызы, Túrkistan газетінің Алматыдағы меншікті тілшісі Ахмет Өмірзақ, фототілшісі Мақсат Құсайынов, газеттің белсенді авторларының бірі, этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаевалар сөз сөйлеп, өздерінің газетте еңбек еткен жылдарындағы көрген қиыншылықтары мен жеткен жетістіктері туралы әңгімеледі.
Жиын барысында ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбай Túrkistan газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына Әл-Фарабидің мүсіні мен Ұлы ұстаздың кілемшеге салынған портретін сыйға тартты.
Сондай-ақ жиын соңында қатысушылар газеттің 2012-2019 жылдардағы Túrkistan газетінің фототілшісі болып еңбек еткен Мақсат Құсайыновтың фотокөрмесін, газеттің әр жылдардағы нөмірлерінен құрастырылған көрмені тамашалады.
«Түркістан-ақпарат»