Қандас бауыр емес пе?!

Бір жылдың ішінде Қытай, Моңғолиядан келген 200-дей отбасы кері көшіп кеткен

Қандас бауыр емес пе?!
Сурет ашық дереккөзден алынды
1213

Ата-бабаларымыз «Елге ел қосылса – құт» деп бекер айтпаған. Оның растығына Үкіметтің іс жүзінде көзі жететіндей сынақ кезеңі өтті. Тәуелсіздік жылдары бала-шағасын қоспағанда бір миллион-ға жуық қандасымыз елге оралып, еңбек етіп, атажұртында өсіп-өніп отыр.

Тарихи отанына оралғысы келетін­дер­дің ниетіне ешкім шүбә келтіре қой­мас. Деректерге сүйенсек, қазір дүние жүзінің  40-тан астам елінде 7 миллионға жуық қан­да­сы­мыз өмір сүріп жатыр екен. Оларды ертеңгі кү­ні мен ұрпағының болашағы алаңдатып отыр­ғаны да ақиқат. Өйткені өзге елдерде са­ны аз қандастарымыздың тілге, білімге және ақ­паратқа қатысты бастан кешетін қиыншы­лы­ғы жетерлік.
Сондықтан үкіметаралық комиссия­лар­дың жұмысында осы өзекті мәселелер еске­рі­ліп, тиісті мемлекеттік органдарға шетелде тұ­ра­тын қазақтарға қамқорлық жасап, қарасу дер­бес міндеттелгені жөн деп есептейміз. Әйт­песе, соңғы жылдары отанына оралып жатқан қандастарымыз бірқатар кедергілерге тап бо­лып жатқаны жасырын емес. Кедергінің кей­бірі арғы-бергі дәстүрімізге, кейде өрке­ниет қағидаттарына да қайшы келіп жатады. 
Мысалы, атажұртқа оралуға ниет біл­дір­ген­дерге ДНҚ мен дактилоскопия тапсыру ке­рек­тігі квота бөлуді, «қандас» мәртебесі мен аза­м­аттық алуды едәуір қиындатып жіберген. Енгізілген бірқатар өзгерістің салдарынан бұ­рын 5 жұмыс күнінде берілетін қандас куә­лі­гі қазір 35 жұмыс күніне ұзартылған. Ал мұн­дай куәлігі жоқ қандастар азаматтық алуға құ­жат тапсыра алмайды.
Қандас мәртебесі бұрын Халыққа қызмет көр­сету орталықтары арқылы берілетін. Ал қазір қандас куәлігін алу үшін тек «Кұтты ме­кен» қосымшасы арқылы онлайн өтініш беру ке­рек. Шетелдегі қазақтар (Ауғанстан, Пәкі­стан, Иран, ҚХР-Синьзянь т.б.) ол қосымшаға оңай­лықпен кіре де алмайды.
Тығырықтан шығар жол бар ма?
Осы саланы зерделеген сарапшылардың ұсы­нысы мынадай: қандас мәртебесін Халық­қа қызмет көрсету орталықтары және ҚР ел­ші­ліктері мен консулдықтары арқылы алуға жол ашу керек.
Оның үстіне бұрын өздігінен көшіп кел­ген­дердің бірқатары «Құтты мекен» қосым­ша­сына енбей қалған. Сонда атажұртта бірде-бір туысы жоқ бауырларымыз «қандас» мәр­те­­бе­сін қалай алмақ? 
Осындай орашолақ талаптың кесірінен не­­месе уақытында куәлік берілмеуі себепті аза­маттық ала алмай, кері көшіп кеткендер де бар көрінеді. Айталық бір жылдың ішінде Қы­тай, Моңғолия елінен келген 200-ден астам от­­басы кері көшіп кетуі жауапты орындар мен ме­кемелерде ешкімді толғандырмағаны қа­лай? 
Әрине, елімізде көші-қон жөнінде қа­лып­тас­қан мемлекеттік саясат бар. Көзделген жос­пар, тиімді жобалар бойынша жұмыстар да атқарылып жатыр. Соның ішінде, елорда маңындағы Аршалы ауданында «Асар» жо­ба­сы­мен тұрғын үйлер салынбақ, жұмыс ор­нын жа­сақтау жағы қарастырылуда. Алайда жер­гі­лікті әкімдіктер инфрақұрылымға байла­ныс­ты мәселелерді шешуде сөзбұйдалыққа салып ке­леді. Ал қоғамдық ұйым ретінде қауым­дас­тық­тың қауқары шамалы. Сондықтан да бұл маңыз­ды міндетті шешуді Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігі өз мойнына алғаны жөн болар еді. 
Ішкі көшті және шетелден келетіндерді жұ­мысшы күшіне мұқтаж облыстарға бұрып, жай­ғастырған жөн. Жеңілдіктер белгіленген кез­де өңірдің климаттық, әлеуметтік жағдайы ес­керілгені орынды. Мәселен, оларға ерекше тәр­­тіппен тұрғын үй, жер бөліп беру жөнінде, керек кәсіпті дөңгелетіп әкетуіне жағдай ту­ғызу керектігі туралы аз айтылып жатқан жоқ. Шын­дығында, шеттен келген бауырларымыз біз­бен қандас болғанда, ата-бабамыз аманат­та­ған кең-байтақ жердің (қала, кент, аудан, ауыл) бір пұшпағын бөлісу әділеттік болмай ма?
Осынау стратегиялық мәселеде тиісті ми­нистрліктер жайбарақаттыққа бой алдыр­ға­нын жаңарған қоғам түсінбей отыр. 
Біздіңше, көші-қон саясатында әділетті Қа­зақстанның халықаралық тәжірибеге сәй­ке­сетін айқын ұстанымы болуға тиіс. Мұндай қа­дам қандастарымыздың азаматтық алуын қиын­датқан түрлі шектеуді түбірімен жояды. Ол үшін тиісті заңға өзгертулер мен толық­тыру­лар енгізуді кезек күттірмейтін маңызды ел­дік іс деп санаймыз. 

Дархан МЫҢБАЙ,
мемлекет және қоғам қайраткері

Серіктес жаңалықтары