Рудныйда байланыс операторларына 10 млн теңге айыппұл салынды
Бұдан бөлек, құқықбұзушылық фактілерін жою туралы нұсқамалар табысталды.
Рудный қаласында 100 мыңнан астам ұялы байланыс абоненттерінің интернеті дұрыс істемей қалды. Прокурорлар операторларға айыппұл салып қана қоймай, қосымша антенналарды орнатуға міндеттеді, деп хабарлады Қостанай облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокуратурлар өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесіп, қала көшелерінде 3G мен 4G-ге қол жеткізу сапасының нашарлағаны, сондай-ақ деректерді жүктеу жылдамдығының бұзылғанын анықтады.
Қадағалау актісі бойынша байланыс операторларына жалпы сомасы 10 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұлдар салынды. Бұдан бөлек, құқықбұзушылық фактілерін жою туралы нұсқамалар табысталды.
Мобильді операторлар нұсқамаларды орындау қорытындысы бойынша қалада байланыс сапасын жақсарту үшін қосымша антенналар мен құрылғыларды орнатты. Осылайша, 103 мың ұялы байланыс абонентінің құқықтары қорғалды.