Елімізде рухани ескерткіштерді қорғауға айрықша көңіл бөлу қажет – Д.Қыдырәлі

Киелі жерлер шырақшылардың күн көріс көзіне, бақсы-балгерлердің ордасына айналған.

Елімізде рухани ескерткіштерді қорғауға айрықша көңіл бөлу қажет – Д.Қыдырәлі
1100

Елімізде ұлтына ұран, халқына қорған болған тұғырлы тұлғалардың ізі аз емес. Мәселен, қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ – Қожа Ахмет Иасауидің арғы бабасы Ысқақ бабтың, Қарахан мемлекетін билеген Тамғаш Хасан Боғра (Қарабура) ханның мәңгілік мекені. Сондай-ақ мұнда Алтын Орда хандарына рухани ұстаз болған Баба Түкті Шашты Әзіздің, Керей-Жәнібек, Хақназар сынды алғашқы қазақ хандарының қорымы жатыр деп болжанады. Бірақ оларға тарихи-археологиялық зерттеулер жасалмаған. Өзге кешендердің көбі жойылған, енді бірі бастапқы келбетінен қатты ауытқыған, тарихи орындарды қалауынша өзгерткен. Төңіректеріне бай-бағландардың бейіттері орналасқан. Сол сияқты сансыз бабтар мекені Сайрамда қастерлі орындар қараусыз жатыр. 8-9 ғасырдан қалған көне қорымның бір шетін базар басып барады. Бағзы Исфиджабтан жеткен Ибраһим ата, Қарашаш ана, Қызыр хазірет сияқты тарихи-рухани нысандарды сақтау қажет. Сондықтан көне Сайрам мен Созақтағы рухани ескерткіштерді сақтау ісін Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайына тапсыруды ұсынамыз.

Әулие-ата мен Жетісу, Арқа мен Сыр бойы және өзге де өңірлерде жағдай осыған ұқсас. Мәселен, Қазақстандағы 25 мың ескерткіштің жартысына жуығы орналасқан Маңғыстау өңірінде мұралардың көбі тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілгенімен, оларды қарауға маман жетіспейді. Мәдени қабаттарды «қара археологтар» мен бұзақылар түрлі вандализм арқылы бүлдіріп жатыр. Жеті жұрт көшкен маңғаз мекендегі қорымдардың қоршау аумағына заңсыз құрылыстар, бейіттер салынып кеткен. Оларға қарсы қолданыстағы «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану» заңы қауқарсыз. Айыппұлы небәрі 30 мың теңге ғана! Ұлытауда Жошы кесенесінің жанына әлдебір қалталы жақынын жерлеп кеткен, енді нысанды ЮНЕСКО тізіміне енгізу мүмкін болмай тұр.

Киелі жерлер шырақшылардың күн көріс көзіне, бақсы-балгерлердің ордасына айналған. Олардың кейбірі тарихи орынды сақтап отырғанымен, арнайы білім, ереже-қағидаттары мен стандарты жоқ. Тіпті ұлтқа ұран болған Бекет ата – жекенің меншігінде! Пір Бекет – бір қазақтың айбары емес, ол – бар қазақтың байрағы! Халықтың рухани қалпын қалыптастырған мұндай тұлғалар мекені құндылық ретінде мемлекет қарауында болуы тиіс!

Сондықтан елімізде рухани ескерткіштерді қорғауға айрықша көңіл бөлу қажет. Біріншіден, олар біздің мәңгілік мұра – баға жетпес байлығымыз!

Екіншіден, рухани ескерткіштер – біздің таным-тарихымыз. Оны аңыз- арқылы емес, кешенді зерттеу арқылы білуге тиіспіз. Сонымен қатар оларды сақтау үшін реставратор, консерватор сияқты мамандарды даярлау керек. Маман тапшы болғандықтан, Қ.А. Иасауи кесенесі бүліне жаздағаны белгілі.

Үшіншіден, ұлттың иммунитетін қалыптастыратын рухани орындар тағылым мектебі болуы керек. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қалқанымыз – діңгекті дәстүр мен рухани бұлақ көздері зерделене бастаса, деструктивті теріс ағымдардың жолын жабуға септеседі.

Төртіншіден, тарихи кешендерді ұлттық бренд ретінде ЮНЕСКО-ға ұсыну ісін жүйелеп, жеделдету қажет. Мәселен, көрші Өзбекстанда Бұхара, Самарқанд, Хиуа, Шахрисабз, Әзербайжанда Шеки сияқты тұтас қалалар Әлемдік мұра тізіміне енген. Сол арқылы тарихи-рухани орындарына былтыр 7 млн-ға жуық турист тартқан Өзбекстан осы саладан $ 2 млрд табыс тапқан.

Бесіншіден, киелі жерлер – рухани туризм ошағы. Мемлекет басшысы 2019 жылы Ұлытауда «Біз ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек» деп, елімізді рухани-этнографиялық туризмнің орталығына айналдыруды тапсырғаны белгілі. Сондықтан киелі мекендерді мемлекет қарауына алу, заңды қатайту, инфрақұрылымды дамыту, жол салу, қонақүйлер, визит орталықтарын ашу, экологияны реттеу, ақпарат-насихат жұмыстарын арттыру, интернетпен қамтамасыз ету сияқты іргелі жобаларды жүйелі жүзеге асырған жөн деп ойлаймыз.

Дархан Қыдырәлі,

Сенат депутаты

Серіктес жаңалықтары