Екібастұз жылу электр станциясын жөндеуге бөлінген ақша ұрланған
Расталмаған жұмыстардың көлемі шамамен 1 млрд теңгені құрады.
Екібастұздағы 2-ші мемлекеттік аймақтық электр станциясын (Екібастұз МАЭС-2) жөндеуге бөлінген 1 млрд теңге қаражат жымқырылған. Бұл жайлы Павлодар облысының прокуратурасы хабарлады.
«Павлодар облысының прокуратурасы «Екібастұз МАЭС-2» АҚ-ны тексеру барысында 3-ші энергоблокты орнатумен жылу электр станциясын кеңейтуге және реконструкциялауға арналған қаражатты ысырап ету фактілерін анықтады. Расталмаған жұмыстардың көлемі шамамен 1 млрд теңгені құрады»,- делінген хабарламада
Прокуратураның хабарлауынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы (аса ірі мөлшерде мүлікті жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Тергеу шеңберінде қылмыстың барлық мән-жайлары мен залалдың түпкілікті сомасы және оған қатысы бар адамдар тобын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіледі.