Алаштан ән оздырған айбоз еді...
Жәкеңнің әндерінің ішіндегі «Бабаларым» атты әні басқасынан жөні бөлек деп ойлаймын. Сөзін өзі жазып, орындаған бұл әнді сал-серілердің ізімен дәстүрді жалғастыра жазылған ән ретінде бөліп қарауға әбден болады. Сондай-ақ бұл ән мазмұны мен тақырыбы жағынан ешбір әнге ұқсамайды. Жәнібекке дейінгі біз білетін халық композиторлары мен халық әндерінде дәл осындай мазмұнда жазылған ән жоқ.
Дүниеде қоңырқай ғана ғұмыр кешіп, атақ-мансапқа келгенде елеусіз қалса да, артына болашақ ұрпақ үшін асыл қазына тастап кеткен тұлғалар қазақ қоғамында қай кезде де аз болмаған. Жұдырықтай жүрегіне қазақ жұртын сыйғыза алған, сол жүрегімен туған жерін сүйе білген, ақыл-парасаты биік «ұлтым» деген асыл азаматтардың ел жадынан өшпейді. Сонда, өзін ұрпақ тәрбиесіне жауапты сезініп, елдің ертеңіне алаң көңілмен қарап, жанын аямай еңбектеніп, өлшеусіз тер төккендердің бірі – Алаштан ән оздырған белгілі әнші, жазушы, ақын, композитор әрі өнер зерттеуші Жәнібек Кәрменов.
Жәкеңнің елсіз иен далада, түйенің қомында, азынаған желден ықтасын болған киіз туырлықтың астында жарық дүние есігін ашып, өзгеден өзгеше тағдыр иесі болуы Жаратқанның сыйы дер едік.
Бес жасынан әкеден жетім қалып, соғыстан кейінгі ауыр жылдардағы ер-азаматтардың орнына қара жұмысқа түсіп, ерте есейді. Ес білгеннен колхоздың жұмысына жегіліп, қабырғасы қатпай жатып үй шаруасына араласты. Ауыр жұмыс оны мойытпай, қайта ерік-жігерін жани түскені байқалады. Қолы талып, белі қайысып жүрсе де, бала Жәнібектің қолынан Абай атасының өлеңдері мен қара сөздері түспеген. Қолы қалт етсе кітап оқуға ден қойған екен. «Тіпті, бала болып ойнауға да құлқы болмайтын әрі уақыты да қалмайтын» деп еске алады замандастары.
Аз ғана ғұмырында ерекше үнімен талайды тамсандырып, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, бірнеше кітаптың авторы атанып, Алашты аузына қаратып үлгерген әнші Жәнібек өзінің ақындығымен қоса композиторлығымен де көзге түскен еді. Алдымен Абайдың сөзіне ән жазып, ұстазы Жүсекеңнің ризашылығына бөленіп батасын алса, кейінгі «Өмір» толғауы мен «Бабалар» атты әндері көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндеріне айналды. Өзге де әндері де бүгінде шәкірттерінің репертуарынан берік орын алған.
Жәкеңнің әндерінің ішіндегі «Бабаларым» атты әні басқасынан жөні бөлек деп ойлаймын. Сөзін өзі жазып, орындаған бұл әнді сал-серілердің ізімен дәстүрді жалғастыра жазылған ән ретінде бөліп қарауға әбден болады. Сондай-ақ бұл ән мазмұны мен тақырыбы жағынан ешбір әнге ұқсамайды. Жәнібекке дейінгі біз білетін халық композиторлары мен халық әндерінде дәл осындай мазмұнда жазылған ән жоқ. Ақан серінің «Әудем жер», Естайдың «Қоштасу» сияқты әндері мазмұны жағынан мүлдем жақындамайтыны баршаға аян. Ақанда жеке басына келген кәрілік жайлы айтылса, Естайдың әні елімен қоштасуы. Мәдидің «Үш қарасы» мен С.Сейфуллиннің «Бабаларыма» атты әнінде де арғы аталарының аттары аталады. Бірақ бұл әндерде бабалардың тізімі түгенделгенмен екі ән де тікелей қарттарға арналмаған. Авторлар басына қиын-қыстау күн туып тұрғанда бабалар аруағынан медет сұрап тұрғаны көрініп тұр. Дегенмен осы әндер арқылы біз қазақ қоғамында қарттар мен ақсақалдардың рөлі қандай болғанын толық аңғарамыз. Тек әндер ғана емес, бізге жеткен ескі жырларда да ақылман қарттардың бағасы қашан да жоғары болғанын көруге болады.
Ал Ақылбай мен Мұхаметжанның әндерінде жастықтың өткеніне, уақыттың озғанына көзі жеткен автордың ішкі жан дүниесінің өкініші, ақырын-ақырын алыстап сағынышқа айнала бастаған жастық дәурен көрініс береді.
Жәкең бұл көрініске мүлдем басқа қырынан қарап, өзгеше баға берген. Өмірдегі қарттық кезеңді кәрілік демей, ақыл-парасаттың толысқан, елге үлгі болатын, жұртқа дана болар шағы, өмірде көрген-білгенін халықтың қажетіне жарататын уақыты деп санап, қарияларға зор құрмет көрсете қараған. Оның себебі де бар.
Жас болғанмен, көрген күні ересектерше күндіз-түні еңбекке байланып шаруадан қолы босамаған бала соғыстан кейінгі жылдары сиреп қалған әкелер мен аталардың мейіріміне зәру болып өскені анық. Бала күнінен ән салумен қатар қалам ұстауды да мақсат еткен арман иесіне өмірде мұратына жету жолында қолғабыс жасап, өз ықпалдарын тигізген жандар аз болған жоқ. Ел мен жердің қадірін білетін Молдабек Жанболатов, Кәмен Оразалин сияқты ауыл ағалары ертеңгі күні елге аға болар, халқына қызмет етер жастарды тани білгендіктен оларға қамқоршы да бола білді. Бала Жәнібектің бойындағы жазушылық қасиетті көре білген Кәмен ақсақал қазақ жұртына айтулы бірнеше ақын-жазушылардың келуіне жол ашып себепкер болды. Жәкеңнің Алматы қаласына келуіне де бірден-бір себепкер Сапарғали Бегалинмен кездесуіне, Жүсекеңнің көзіне түсуіне де жағдай туғызған Молдабек аға еді. Солардың ықпалымен қалаға келген жас жігіт Жүсекеңнің әкелік қамқорлығының арқасында Ахмет Жұбанов бастаған қазақ өнерінің алыптарымен жақын танысты. Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты ұлы жазушылардың ғибратына қанықты. Р.Қошқарбаевтай қазақтың даңқты батырымен етене жақын араласты. Өмірде жақсы адамдардың көп екеніне көзі жетіп, қазақтың жалпақ жұртты ауызына қаратқан абыз ақсақалдарының жан шуағына бөленді.
Бұл «ақсақалдық», «қарттық», «қариялық» деген түсініктер біздің қоғамдағы береке-бірліктің, ынтымақ пен қайырымдылықтың, әділдік пен турашылдықтың негізі. Ауылдың ауыл, елдің ел болуына бұлардың тигізер пайдасы өлшеусіз. Біз тек қастарында жүріп мән бермеген соң байқамаймыз да, көңіл де бөлмейміз. Әйтпесе, қазақ ауылында бала тәрбиесіне бүкіл ауылдың үлкендері, әсіресе, қарттары араласқан.
Бұған дейінгі халық композиторларында қарттар тақырыбының қандай дәрежеде сөз болғанын айттық. Дегенмен біз білетін ол әндер көбінесе композиторлардың жеке басына қатысты болып қала береді. ХХ ғасырдың ортасына дейін өз жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі әндерімізде нақты қария, ақсақалдарға арналған, олардың қайраткерлігін суреттейтін әндер болмаған десек, қателеспейміз. Естайдың «Соңғы әні», Ақанның «Әудем жері», Біржанның «Жамбас сипар», Ыбырайдың «Қалдырғаны» сияқты тікелей жеке басқа қатысты әндер ақсақалдар мен қариялардың қоғамдағы орны мен атқарар міндеттерін айқындап бере алған емес. Ән мәтіндерінде қазыналы қарттарымыздың жас ұрпақ тәрбиесі мен дәстүр сабақтастығындағы рөлдері еш уақытта көрсетілмеген. Әрі оларда ондай мақсат болған да емес. Оларды ақсақалдар туралы ән жазбадың деп жазғырудан аулақпыз. Жоғарыда аталған халық композиторларының аталған әндері авторлардың жеке басындағы қарттыққа қатысты ғана болып, бойларын кәрілік жеңе бастағанынан хабардар етіп, қала берді елімен, жерімен қоштасуы сияқты мағынадағы ойлармен шектеліп қалып отыр.
Қоғамдағы қарттардың орнын белгілеп, олардың қадір-қасиетін өте шебер суреттеумен қатар, оған сай ән жаза алған Жәкеңнің әнін қазақ ән өнеріне қосылған жаңа тақырып деп айтуға толық негіз бар. Бұл тақырып Жәнібек Кәрменовке дейін сөз болмай қалған жоқ. Мұқағали Мақатаевтың, Сағи Жиенбаев сияқты ақындардың қаламынан жыр болып төгіліп, кейін композиторлар ән шығарып сахнада орындалып жүргенін білеміз. Тек, әні мен сөзі жеке-жеке жазылған. «Халық әндерінің шығарушылары әрі ақын, әрі әнші болған ғой. Ән мен сөздің үйлесімділігі, мазмұн мен көркемділігінің бір тұтас келуі, үш өнердің бір жүректен шыққандығынан болса керек» деп Жәкең өзі айтқандай, қалыптасқан дәстүрдің де бар екенін ұмытпаған жөн.
Жәкеңнің бұл тақырыпқа қалам тербеуі жайдан-жай болмағаны анық. Себебі бұл ән дүниеге келгенге дейін жазған оның шығармаларындағы кейіпкерлер (қарттар) оқырмандарын қашанда мол мейірім мен кең пейілі арқылы өзіне баурап қана қоймай, өз ортасына өнеге көрсетер қоғам ұстазы ретінде қашан да «ынсап пен мейірім, әділетті» өмірдің негізгі өзегі етіп жақсылыққа бастап отырады. Бұл сол уақыттағы заманның талабы. Оған себеп, ХХ ғасырда біздің қоғам ауыл ақсақалдарының аздығын, көбі тіпті, оның жоқтығын басынан кешті. Сонау колхоздастыру кезеңінен бастап Ашаршылыққа, репрессияға, Екінші дүниежүзілік соғысына ұласқан нәубет қаншама ел ағалары мен ауыл азаматтарының басын жұтты. «Ат тұяғын тай басар» дегенмен, ұрпақ жалғастығындағы аталар мен әкелердің орны үңірейген күйі бос қалғаны рас. Осындай қанды қырғынды басынан өткеріп, ортасы ойсыраған ұлтымызда елге ес болатын ер-азаматтардың орны ерекше еді. Басқа түскен нәубетті халық болып еңсеру үшін бұғанасы қатпаған жас балалар тым ерте есейіп қарулы азаматтардың атқарар істеріне жегілді. Бала болып ойын ойнау, еркелік жасау деген ұғым саналарында болмағандай. Өкіметтің бағусыз қалған малын, шабусыз қалған шөбін осы балалар бақты, балалар шапты. Колхоздың негізгі еңбек күші осы балалар болғаны жасырын емес. Сол себепті өз заманында әкесіз өскен ұлдар ақыл кіріп, ес жинағанда қоғамдағы әкелер мен аталардың орнын жоқтай бастады. Ақындар жырларын арнаса, қалам ұстаған жазушылар өз қиялындағы аталарды кейіпкер ретінде шығармаларына арқау етті. Әр оқырман әкелердің өнегесі мен аталардың өсиетін әдебиеттен тапты. Рухани қажеттіліктерін ақын-жазушылардың өлеңдері мен шығармаларынан алды. Ашаршылықтың дәмін татып, соғыстың зардабын тартқан ұрпақ, еңбекке бала күнінен араласып, өздерін-өздері тәрбиелеп жүріп, ерте есейіп арадағы елу-алпыс жыл айырмашылықты жоюға тырысты. Солардың еңбегінің арқасында білім мен ғылым дамып, әдебиет пен мәдениет өркендесе де, көнекөз қариялардың қадірі кеміген емес.
Бұл тақырып оның санасында бала күннен бірге жасасып келе жатты. Бала болып ойнауды білмеген Жәнібек ерте бастан еңбекке араласса, ол ересек ер-азаматтардың аздығы. Өзін қоршаған ортасындағы кейбір жандар әділетсіздікке тап болып, шолақ белсенділерден зәбір көріп жатса, ол да қорған болар әкелердің, жөн көрсетер ақылман ақсақалдардың жоқтығы. Оның көзінше аяулы арулар мен ақ жаулықты аналардың қара жұмысқа жегілгені соғысқа кеткен есіл ерлердің орнын ешқашан ешкім толтыра алмайтынын көрсетті. Осының барлығы бес жасында әкеден жетім қалған бала Жәнібектің санасында өз ізін қалдырмай қалған жоқ. Ол ел арасында әлі де болса сүйікті жарын, аяулы ұлын жоқтайтын аналардың жоқтауы, қаралы қағаз алса да, үмітін үзбей майданнан жары мен ұлын күткен шешелеріміздің сағынышқа толы зары құлаққа шалынатын кез еді. Өзі «Жесір әйел, жетім бала болып өмір сүрдік қой» дегендей, жесір қалған шешесінің тартқан ауыртпашылығы мен жетім өскен өзінің көргені жоғарғы класқа келіп қалам ұстай бастағанда жазған шығармаларына арқау болды. Кейінгі жазған бірнеше повестерінде бұл тақырыпты айналып өтпеді. «Хорлан» әңгімесіндегі Жомарттың нағашы атасы Ақат, «Директордағы» совхоз директоры Әукен, «Әке көңіліндегі» Құдайқұл ақсақал осында, «Боз айғырдың үйірі» повесіндегі Сабыржан ақсақал сияқты кейіпкерлер ар алдындағы адалдықтың не екенін көрсетіп, өзінен кейінгілерге өнеге көрсете білген елдің, жұрттың қамқоршысы, өмірдің мәнін терең түсіне білген парасатты, адамгершіліктің алып үлгісіндей жандар болып оқырманның есінде қалғаны анық.
Ата түгілі, әкесінің алдында бала болып еркелей алмаған автор өзінің арман-тілектерін өз кейіпкерлері арқылы сомдап әрі өмірде біз ескере бермейтін тұстарына терең мән беріп, оқырманын адами қасиеттерге жетелегенімен қоса, қоғамдағы ортаны тәрбиелейтін кімдер екенін анық көрсетеді. Өзінің арманы мен қиялын көркем етіп қағаз бетіне түсіргенде, қарияларға деген құрметінің төтенше зор екені байқалады. Бала күніндегі ата мен әкенің махаббатына зәру жүрегі, бозбала кезінде мектептегі Кәмен ұстазынан бастап сол төңіректегі Сабыржан сияқты абыз ақсақалдардың ықыласына бөленіп, солардың мейір-шапағатын көріп, оң-солын таныды. Сондықтан Жәкеңнің бойындағы қарияларға деген құрметі ерекше болды дағы, ыстық жүрегінен перзенттік махаббаты, әуені мен иірімдері өзгеге ұқсамайтын ерекше тыңдаушының жанын тебірентіп, санасында ой қозғайтын сағынышқа толы ән болып ақтарылды.
Бұл әннің ерекшелігі − мазмұнының ерекшелігінде. Ол ұлт болашағын ойлаған ақсақалдардың «даладай дархан көңілі мен сәуледей аппақ пейілін, көктемдей жомарт жандарын» жанымен сезінсе, «шақшасын қыдыртып қойып, аузына елді қаратып, шежіре жырды таратып» отыратындарын, игі бастамаларға қадам басқан балаларға «Адамның ұлы бол деп батасын беріп, ізгілік жолын үйреткендерін» бала күндерінде көзі көрді.
Болашақ үшін көңілі алаң Жәкең «ақ сұңқар құсы тұғырда, тұлпары жарау белдеуде, кәрі кеудесінде жыр шулап, сал домбырасы қолынан» түспейтін жұрттың ғана емес, тұтас ұлттың қамқоршысы бола алған ақсақалдардың қоғамымыздан тым алыстап кеткеніне қамығатыны, өмірімізде кіршіксіз көңіл мен шынайы ықылас, ақыл-парасаттың кені мен ұлттық сана иесі бола алған қариялардың біз үшін қаншалықты қымбат екенін көрсетіп тұр.
Күні бүгінге дейін сан ғасырды артқа тастап өз жалғасын тауып келе жатқан қазақ ән өнері әнші, ақын, композитор Жәнібек Кәрменовтың «Бабаларым» атты әні арқылы жаңа тақырыпқа толықты деп айтуға толық негіз бар. Әуенінің құрылымы жағынан дәстүрден алшақтамай, мәтінінің мазмұны жағынан басқа әндерден ерекше мағынаға ие бұл ән төл өнерімізге жаңалық болып енді.
Әділет МҰСА,
әнші