ҰҚК: 8 өңірде қылмыстық топтың 23 мүшесі ұсталды (ВИДЕО)
Олар ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар деп күдіктелуде
Ұлттық қауіпсіздік комитеті деструктивті діни ағымды ұстанушылары бар қылмыстық топтарға қарсы операция өткізді. Нәтижесінде сегіз топтың мүшелері ұсталған.
Ведомство ақпаратынша, 17 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесе және Бас прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырған операция шеңберінде Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу облыстары және Шымкент қаласында 8 топты бейтараптандырды.
Деструктивті діни ағымға қатысы бар 23 адам ұсталды. 17 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал 6 адамға қатысты келу туралы міндеттеме қолданылды.
«Олар ауыр және аса ауыр қылмыстарға, соның ішінде терроризмді насихаттау, адамдарды ұрлау, қорқытып алу, сондай-ақ есірткі заттары мен атыс қаруының заңсыз айналымына қатысы бар деп күдіктелуде.
Жасалған құқыққа қарсы әрекеттерін бірқатар жағдайларда теріс бұрмаланған діни қағидалармен ақтап жүрген», - делінген хабарламада.