Жұлдыз Сүлейменова: Басты мақсат – әйелдер мен балаларды қорғау шараларының тиімділігін арттыру
Балаларға және әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықпен күрес – қоғам үшін ортақ мәселе.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «Aiqyn» газетіне берген сұхбатында балаларды қорғауға арналған заң жобасына қатысты өз пікірін білдірді.
– Құжат Мәжіліс депутаттарының бастамасымен Мемлекет басшысының отбасылық және тұрмыстық салалардағы зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Бұл заң жобасы мәжілісте қызу талқыға түсті. Өйткені әйел мен бала қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кім-кімді болмасын толғандырады. Сондықтан аталған заң жобасына қатысты нормалар, толықтырулар мен өзгертулер егжей-тегжей зерттеліп, депутаттар тарапынан көп сұрақ туындатты. Бұл заң жобасымен бірге ілеспе заң жобасы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. Заң жобаларының негізгі мақсаты – барлық азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Балаларға және әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықпен күрес – қоғам үшін ортақ мәселе және ол кеше ғана пайда болған жоқ. Баршаңызға белгілі, 2017 жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа жаза декреминализацияланғаннан кейін осындай салдарларға тап болдық.