Павлодар облысында бір ауыл карантинге жабылды

Эпизоотиялық лимфангит ауруы бойынша оң нәтиже шықты.

Павлодар облысында бір ауыл карантинге жабылды
Almaty.tv. жылқылар
1698

Павлодар облысында бір ауылдың жылқылары эпизоотиялық лимфангит індетіне шалдыққан, деп хабарлады turkystan.kz.

Pavlodarnews.kz сайтының мәліметінше, 14 ақпанда Екібастұз қаласы Қоянды ауылдық округіне қарасты Бесқауға ауылында жылқы өлімі тіркелді.

Жылқылардың эпизоотиялық лимфангит және сақау ауруларын болдырмау үшін патологиялық материал іріктеліп, зертханаға жіберілді.

Эпизоотологиялық тексеру кезінде табында шамамен 624 бас жылқы болған. Оның 223 жылқысы – бие. 

Эпизоотиялық лимфангит – лимфа тамырлары мен лимфа түйіндерінің зақымдалуымен терінің, тері асты тіндерінің іріңді қабынуымен сипатталатын, тақтұяқтылардың созылмалы жұқпалы ауруы. Инфекция қоздырғышының көзі ауру мал болып табылады. Таралу факторлары – әбзелдер, байлау тіректері, күтім заттары, төсек-орын жабдықтары, көң, науқастардың секрециясымен ластанған құралдар. 

«19 ақпан күні зертханалық зерттеулердің қорытындысы бойынша эпизоотиялық лимфангит ауруы бойынша оң нәтиже анықталды. Қоянды ауылдық округі әкімінің шешімімен 20 ақпан күнгі № 1-03/3 қаулысымен жылқылардың эпизоотиялық лимфангит ауруының расталуына байланысты карантин жарияланды. Карантиндік жағдайларда ауру жануарлардан алынған өнімдерді сатуға, тасымалдауға, әкелуге, әкетуге және пайдалануға жол берілмейді», – делінген хабарламада.

Карантин соңғы ауру мал жойылғаннан кейін, жылқыларды қорытынды клиникалық тексеруден, үй-жайларды тазалаудан және дезинфекциялаудан кейін 3 айдан соң алынады.

Айта кетсек, бұл індет «Қуаныш» шаруа қожалығындағы жылқылардың бірінен табылған.  Қожалықта қалған жануарлар ветеринариялық дәрігерлерінің бақылауында. Індет басталғанннан бері 3 жылқы өлген.

Серіктес жаңалықтары