Былыққа батқан білім саласы

Елімізде жемқорлық жайлаған сала­ның бірі – білім беру жүйесі. Атал­ған сала қылмыстық құқықбұзушылықтар саны бойынша «үздік» үштікке енеді (2020 жыл­дан бастап 2023 жылдың 5 айының қо­рытындысы бойынша: ауыл шаруа­шы­лы­ғында – 382, білім беру саласында – 343, әлеуметтік салада 295 құқық­бұзу­шы­лық анықталған).

Былыққа батқан білім саласы
сурет: GOV.KZ
3196

Қоғамның барлық саласын шырмауықтай шырмаған жемқорлық мәселесі жазылмас дертке айналғалы қашан? Күн сайын еститін «ақша жепті», «ұсталыпты», «қамалыпты» деген жаңалықтарға құлағымыз үйреніп, етіміз өліп кеткен, таңғалмаймыз. Өткен жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1,2 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 855 іс – ауыр қылмысқа, 283 іс – орташа ауыр қылмысқа, 43 іс – аса ауыр қылмысқа, 41 іс – ауыр емес қылмысқа жатады. Жасалған қылмыстың басым бөлігі пара беруге қатысты екен. Ал екінші және үшінші орында пара алу  және сыбайлас жемқорлық. Сонымен қатар билікті асыра пайдалану, бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу, пара алуға делдалдық кең таралған. 

Transparency International халықаралық ұйымы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша 2024 жылға арналған «Жемқорлықты қабылдау» индексін жариялады. Ұйым мемлекеттік секторда жемқорлықтың ең сорақы деңгейін 0 балл деп есептейді, ал 100 балл алған елдерде жемқорлық мүлдем жоқ деген сөз. Қазақстанның көрсеткіші – 39 балл. Еліміз 180 мемлекеттің арасында 93-орында тұр. Ұйым өкілдері соңғы он жылда Қазақстанның көрсеткіштері біршама жақсарғанын, бірақ әлем елдері арасындағы көрсеткіші орташадан әлі де төмен екенін мәлімдеді. 

Елімізде жемқорлық жайлаған сала­ның бірі – білім беру жүйесі.  Атал­ған сала қылмыстық құқықбұзушылықтар саны бойынша «үздік» үштікке енеді (2020 жыл­дан бастап 2023 жылдың 5 айының қо­рытындысы бойынша: ауыл шаруа­шы­лы­ғында – 382, білім беру саласында – 343, әлеуметтік салада 295 құқық­бұзу­шы­лық анықталған). 
Үкімет білім саласына бөлінетін қара­жат көлемін жыл сайын арттырып келеді. 2021-2023 жылдары мемлекет білім беру са­ласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағы­т­та­ған, бұл – мемлекеттік бюджет шығы­сы­ның 28 пайызы. 2021 жылдан бері оқы­­­­тушылардың жалақысы 2 есе өсті. Оған қоса мұғалімдердің жалақысына қо­­­сымша төлемдер белгіленді. Бұл – бі­лік­тілік санаты, магистр дәрежесі, пәндерді ағы­лшын тілінде жүргізу, дәптер тексеру, сынып жетекшілігі, жаңартылған маз­мұн­да­ғы жұмыс және тәлімгерлік үшін қо­сым­ша төлемдер. Бүгінде толық жүктемесі бар жас маман 300 мың теңгеге дейін жа­­­лақы алса, академиялық дәрежесі мен қо­сымша сабақтары бар ұстаздар 800 мың тең­геге дейін жалақы алады. Білім беру са­ласына жағ­дай жасалып, жайлы мек­теп­тер са­лы­нып жатқанына қарамастан мек­тептер мен білім басқармаларындағы жем­қорлық де­ректері тыйылмай тұр. Осы­лайша, жүйе­­дегі жемқорлық мем­лекеттің білім са­ласындағы рефор­ма­ларын артқа тартып отыр. 

Аймақтарда жағдай қалай?

Былтырғы жылдың басынан бері білім беру саласында барлығы 192 қыл­мыстық іс тіркелген. Олардан мемле­кет­ке келтірілген шығын көлемі 13 млрд тең­­геден асады. Еліміз бойынша ең ірі ақ­ша жымқыру фактілері Түркістан, Же­тісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыс­та­ры мен Алматы қаласында анықталды. Әсі­ресе, Түркістан облысында жемқорлық дер­ті асқынып тұр. Былтыр облыстың Шар­­дара және Сарыағаш ауданының бі­лім бөлімі қызметкерлері үш жыл ішінде 3,7 млрд теңге жымқырған. Ресми ақпарат бойын­ша, бұл іске 17 адамның қатысы бар. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. 
Жыл басында Түркістан облысының бі­лім беру бөлімдері мектеп күзетшілерін жұ­мыстан шығару кезінде еңбек заңна­ма­сын өрескел бұзып, 934 жұмысшыға тиісті өте­­мақы төлемегені анықталды. Об­лыс­тық прокуратураның хабарлауынша, білім беру саласындағы қызметті жүзеге асы­ра­тын нысандар террористік тұрғыдан осал ны­сандарға өтуіне байланысты, оларды кү­­­зету жеке күзет агенттіктеріне берілген. Осы келісімнен кейін Түркістан облыстық бі­лім бөлімі 1 473 мектеп күзетшісін жұ­мыс­тан шығарған. Олар аталған аза­мат­тар­ды жұмыстан шығару кезінде еңбек заңнамасының талаптарын бұза отырып, 934 жұмысшыға тиісті өтемақысын тө­ле­меген. Прокуратура тексеруінен кейін атал­мыш азаматтарға бір айдағы орташа жа­лақы мөлшерінде (жалпы соммасы 115 млн теңге) өтемақы төлемдері аударылды. 

Ақпан айының басында Жетісай ау­­да­нында білім бөлімінің есепшілері 530 мил­­лион теңге жымқырды деген күдікке ілін­ген болатын. «Аталған мекеменің есеп­ші­лері 2021-2023 жылдар аралығында ал­­­­дын-ала сөз байласып, мектеп қыз­мет­кер­лерінің анкеталық мәліметтерін өзгер­ту арқылы жалақыға бөлінген мемлекет қар­жысын аса ірі мөлшерде жымқырғаны анық­талды. Келтірілген залал мөлшері – 530 млн теңге» деп мәлімдеді облыстық про­куратура. Қылмыстық іске қатысты үш кү­дікті сот санкциясымен екі айға қамал­ды. Ал осы аптада Мақтаарал аудандық бі­лім бөлімінің есепшісі экономикалық тек­серу барысында өз-өзіне қол салғаны бел­гілі болды. Өкінішті-ақ... 

Еліміздің рухани астанасы сана­ла­тын Түркістан облысының әр ау­да­нында жүргізілген экономикалық тек­серу де біраз былықтың бетін ашқандай. Жем­қорлық схемасының бір ұшы айна­лып келіп облыстық басқармаға тірелді. Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев билігін асыра пай­да­ланды деген күдікке ілінді. Ұлттық қауіп­сіз­дік департаментінің қызметкерлері же­дел іздестіру іс-шарасы барысында ше­­­­неуніктің үйі мен жұмыс орнында тін­ту жүргізген. Бүгінде облыстық білім бас­қар­масының басшысымен қатар оның кө­мекшісі де ұсталғаны белгілі болды. «Ба­лық басынан шіриді» деп осындайда ай­тылса керек.   
Жетісу өңірі де жемқорлардың орда­сы­на айналған. Бірнеше жыл қатарынан ақ­ша жымқырып келген пысықайлардың әрекеті біртіндеп әшкере бола бастады. Жақында Талдықорған қаласының білім бө­лімінің бас бухгалтері бастаған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тер­геу аяқталды. Тергеу барысында білім беру саласына қатысы жоқ тұлғалардың шоттарына ақша аудару арқылы ақша жым­қырылғаны анықталды. Сонымен қа­тар құрамында 3 білім бөлімінің қыз­мет­кері мен 10 мектеп есепшісі бар қыл­мыс­тық топтың мүшелері өздеріне және бас­қа мектеп қызметкерлеріне белгіленген мөл­шерден жоғары жалақы төлеген. Олар­ға жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Қылмыстың өтеуі қашан да жаза. Мемлекетке кел­тіріл­ген залалды өтеу мақсатында жалпы со­ма­сы 3 млрд теңгеге қатысушылардың мүл­кі тәркіленді. 

Былтыр қараша айында Талды­қор­ған қалалық сотының үкімімен бі­лім басқармасының бас маманы Д.Тө­ле­бай сотталған болатын. Ол Талдықорған қа­­ласындағы орта мектептердің мұға­лім­де­ріне белгіленген жалақыдан жоғары жа­лақы төленуіне кедергі келтірмеген, ке­рісінше келісіп, қызметтік өкілеттілігін асы­ра пайдаланғаны үшін кінәлі деп т­а­ныл­ды. Тергеу барысында Д.Төлебай қыл­мыс жасағанын толықтай мойындады. Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте қыз­мет ету құқығынан өмір бойына айы­ра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бос­тан­дығын шектеу түріндегі жаза тағайын­дал­ды. Сонымен қатар Талдықорған қа­ласы білім бөлімінің басшысы да аса ауыр жемқорлық қылмысқа қатысы бар болып шықты. Ол ақша жымқыру фактілерін жа­сырғаны үшін білім бөлімінің бас бух­галтерінен 280 млн теңге көлемінде пара ал­ған. Қазір айыпталушыға қатысты қыл­мыстық іс сотта қаралып жатыр. Жетісу об­лысы бойынша жемқорлықтың кең та­рал­ғаны сонша, ұсталғандарды тізіп шы­ғу мүмкін емес. Мемлекеттік бюд­жет­тен желінген ақша көлемі де қомақты. «Ал­мақтың да салмағы бар» демекші, ай­ран ішкендер де, аяқ жалағандар да жаза­дан құтыла алмады.      

 «Жеудің» жүйесі қандай?

«Алушыны аңдушы жеңер» деген. Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет елі­міз­дің білім беру саласындағы жем­қор­лық­тың тұрақты қылмыстық схемасын анық­тап берді. Мемлекет қаражатын жым­қырудың мұндай қылмыстық жүйесі елі­міздің барлық аймағында бірдей «жү­зеге асқан». Білім басқармасындағы есеп­ші­лердің қитұрқылығында шек жоқ. Құл­қынның қамын әріден ойлағандар қар­жыны жоспарлаудан бастап  ақшаны заң­сыз жолмен иемденуге дейін барлық про­цесті заңсыз жүргізген. 

Есепшілер бюджеттік өті­німдерді құрастырған кезден бастап, ал­дағы жей­тін сомаларын белгілеп отырған. Яғ­ни, жалақы шығындарын қолдан кө­тер­ген. Мысалы, мектеп қызметкерлерінің ті­зімін жасау кезінде есепшілер жалған жа­­лақы сомасын көрсететін бос жолдарды қо­­сады. Кейін бұл жолдарды электрондық кес­теге түсірмейді, бірақ жиынтық сома қа­лады. Дәл осы әдіспен Талдықорған қа­ла­сын­дағы мектептер Еңбекақы төлеу қо­­рынан 4 млрд теңгеден астам ақша ұр­ла­ған. 
Бұдан бөлек, қызметкерлердің жұмыс өті­лін ұлғайту, ауырған және бала күтіміне бай­ланысты демалысқа шыққан қыз­мет­кер­лерге төленетін ақыны және оқушылар са­нын көбейтіп көрсету арқылы бюд­жет­тік өтінімдегі соманы қолдан көбейту фак­тілері тіркелген. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агент­тік өкілдері мұндай бұрмалауларды қайта тек­серудің өте қиын екенін айтады. Өйт­ке­ні барлық құжаттар қағаз жүзінде және кө­лемі өте үлкен. Мәселен, облыстық жә­не аудандық білім бөлімдерінде жыл­дық бюджеттік өтінімді 2-3 адам ғана тол­­тырады, ал олардың көлемі 50 мың бет­ке дейін жетеді екен. Бюджеттік өті­нім­ді жіберуден бастап оларды біріктіруге дейінгі процесс автоматтандырыл­маған­дық­тан мұндай қылмыстарды ашу да сәй­кесінше көп уақытты талап етеді. 

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Қы­­зылорда облыстарында кейбір мектеп ди­ректорларының мүлдем бюджеттік өті­нім жібермегені анықталған. Алайда бі­лім бөліміндегілер аталған мектептердің өт­кен жылдардағы мәліметтерін пайда­лан­ған. Кейін білім бөлімі түскен қара­жат­ты ақша ұрлауға қатысқан мектептер ара­сында бөліскен. 

Ары қарайғы ақша жымқыру әдістері 5 схе­ма бойынша жалғасады. Олар:
1) қызметкерлерге жалақыны оның лауа­зымына қарағанда әлдеқайда көп ау­дарған;
2) білім беру мекемелерінде ресми түр­де тіркелмеген адамдарға жалақы тө­леген;
3) есепшілер жалақыны өздерінің кар­та шоттарына аударады, бірақ төлем та­лонында басқа тұлғаның атын көр­сет­кен;
4) бір адамға бірнеше рет ақша аудар­ған; 
5) туыстары мен жақындарына ақша ау­дарған. 

Есепшілер бұл жерде мектептің есеп­тік жүйелері, ұлттық білім беру базасы жә­не «Қазынашылық-клиент» жүйесі ара­сындағы бірігудің жоғын пайдаланған. 
Қазақ «Кебіс ұрлаған – бір кісі, кү­мән­ді болар – мың кісі» деген. Республика бойын­ша бірнеше жыл қатарынан мем­ле­кет қаражатын жымқырғандарды ішкі мем­лекеттік аудит органдары мен тексеру комиссияларының байқамауы мүмкін емес. Өйткені бюджет қаражатын ұрлаған ны­сандарда бұрын тиісті тексерулер жүр­гізілген. Алайда олар заң бұзушылық жоқ деп есеп берген. Осы жерде мектептің жұ­­­­­мысын «жақсы» деп бағалайтын тек­серу комиссияларының да жемқорлыққа жол бергені анық. Оны мұғалімдер осы кү­ні ашық айтып жүр. «Мектепке ко­мис­сия келеді» деп әр мұғалімнен жиналған ақ­ша директор арқылы комиссия мү­ше­лерінің қалтасына түседі. Мектеп ди­рек­торы кемшіліктер мен олқылықтарды жоюдың орнына тексеру комиссиясымен ауыз жаласып, жемқорлыққа жол береді. 
Сөзімізге тұздық болу үшін айта ке­­тейік, былтыр бір ғана Қызы­лор­да облысында 36 мектеп директоры жем­қорлық үшін жазаланған. Олардың 7-еуі жұ­мыстан босатылып, 29-ы тәртіптік жауап­­кершілікке тартылған. Есеп-қисапқа ба­қылау жүргізбеген директорлар жаза­ла­нып, олқылықтарды түзеу бойынша ұсы­ныс­тар берілген. 

Былтыр Оқу-ағарту министрі бір мек­тепті жеті жылдан аса уақыт басқарған ди­ректорлар тексерілетінін мәлімдеген бо­латын. Әлі талай жемқор басшының түр­меге тоғытылатыны айдан анық. Өйт­кені мектеп директорларының білім беру басқармаларымен ым-жымы бір екені еш­кімге жасырын емес. Ел аузындағы әңгі­ме­ге қарағанда, біздің елімізде мұғалім болу үшін алдымен қалтаңда ақшаң болуы ке­рек. Жұмысқа орналасу үшін мектеп ди­ректоры белгілеген «ставка» бар. Оң­түс­тік өңірлерде мектепке жұмысқа ор­на­ласудың құны – 1 млн теңге. Ауыл­да­ғы­лар­­да ондай ақша қайдан болсын. Амал­сыз банкке барып, кредит алады немесе қа­рызданады. Мектепке басын бір сұғып ал­ғаннан кейін ай сайын жалақысынан қа­рызын төлейді. Алайда жаңа оқу жы­лында басталатын сағатқа талас мұ­ға­лім­нің тағы да қалтасын қағады. Кім көбірек ақ­ша берсе, соның сағаты көп, сәйкесінше ай­лығы да жоғары болады. Одан бөлек, мек­тепке келетін тексерулерге ақша жи­нау тағы бар. Директор ол ақшаны қал­тасына салып, тымпиып отырмайды. Өз орнын сақтау үшін аудандық білім бөлімін паралауға мәжбүр. Аудандық бөлім облыс­тық басқарманың аузын майлайды. Ал об­лыстық білім басқармасы «олжаны» әкім­шілікпен бөліседі-мыс.   

Тығырықтан шығар жол қайсы?

Жақында Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сембаев саладағы жемқорлық әрекет­терге қатысты «Білім жүйесінде сыбайлас жем­қорлыққа жол берілмеуге тиіс» деп мә­лімдеген болатын. 

– Біз білім саласындағы заңсыз­дық­тарды түбегейлі шешу бағытында Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гімен бірлесе отырып үлкен жұмыстар ат­қарып жатырмыз. Негізі, білім мен сы­бай­лас жемқорлық мәселесі бір-біріне кере­ғар ұғымдар. Білім саласында мұндай ке­леңсіз жағдай болашақта мүлдем бол­мауы үшін біз басқа да іс-шараларды ұйым­дастыруды қолға алдық. Біріншіден, мектептегі аттестациялауды онлайн плат­формаға көшіріп, адами факторды азайту керек. Екіншіден, жұмысқа тұру мәселесін автоматтандыруды қолға алып отырмыз. Еліміз бойынша жұмысқа тұру мәселесінде әртүрлі келеңсіз жағдайлардың кездесеті­ні­нен хабардармын. Мен ондай өңірлерге же­ке барып, мектеп басшыларымен, сол жер­дегі педагогикалық қауымдастықпен кез­десіп, бірлесе жұмыс істеуге дайынмын. Үшін­шіден, қазір анықталып жатқан жем­қорлық фактілері 2020 жылдан бері қор­даланған мәселелердің көрінісі. Жем­қор­лық­қа жол берген мамандар тиісті жа­за­сын алуы керек. Жалпы, былтырдан бас­тап білім саласындағы жемқорлыққа қа­тыс­­ты мәселелердің тыйыла бастағанын бай­қаймыз, – деді министр. 

QazBilim Group компаниясының бас­қар­ма төрағасы, қоғам белсендісі Аятжан Ах­метжанұлы «Жемқорлыққа жол беріп отыр­ғандар да, ақшаны бөлісіп отырған­дар да жазасыз қалмауы қажет» деп санай­ды. 

– Мектептегі жемқорлықтың себебі сан алуан. Біріншіден, директорлар эко­но­мика, қаржы, IT, есепшілердің жұмысы туралы мардымды ештеңе білмейді. Есеп­ші­лер қолданатын бағдарламалардан да, тіп­ті қызметкерлер жалақысын есептеу­ден де мүлде хабарсыз. Сондықтан өзінің қол қоятын электронды цифрлы қолтаң­ба­сын (ЭЦҚ) есепшіге береді де, соларға се­ніп отыра береді. Ал басшысының сауат­сыз екенін білетін есепші өз білгенін іс­­тейді. Екіншіден, қазіргі жүйеде мектеп­ке сауатты директор тарту мүмкін емес. Се­бебі жауапкершілік өте ауыр, таңның аты­сы күннің батысы бүкіл баланың тағ­ды­рынан бастап мектептің күл-қоқысына дейін жауапты. Ал жалақысы өзінің қол астындағы мұғалімнен екі есе төмен. Сауат­ты кадрлар мұғалім болып тыныш жүруді қалайды, әкімшілік жұмысқа аттап бас­пайды. Сонымен директорлық пен орын­басарлық орынға не мансапқұмарлар, не мұғалім болудан қашқандар барады. Директорлықты мансап көретіндер де, ақша жасаудың жолы көретіндер де ша­масы келсе жейді не есепшісіне жегізеді. Сон­дықтан жүйені реттемей жемқор­лық­ты тізгіндеу мүмкін емес, – дейді білім сарап­шысы.

Елімізде мектеп директорлары жетіс­пей­тіні рас. Бүгінде республика бойынша 500-ден астам мектепте директордың ор­нында міндетін атқарушылар отыр.  Олар­дың өз жұмысына салғырт қарауы, эко­номикалық мәселелерді шеше алмауы да есепшілердің ақша жымқыруына әсер етері анық. Басшылар өз жұмысын адал ат­қарып, есепшіден жүйелі түрде есеп сұрап отырса, ақша жеуге жүрегі дауалай қой­мас еді...
Garden Academy білім беру компания­сының негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаев «Білім бөлімдеріне ақша бөлетін тарап пен есебін талап етуші тарап екі бө­лек болуы керек» дейді.    

– Мемлекет білім саласына ерекше на­зар аударып, қаржыландыруды жақсы жол­ға қойды. Алайда бөлінген қаражатты ба­қылауды жергілікті биліктің өзіне қал­дырды. Бұл жемқорлықтың етек жаюына ықпал етіп отыр. Бізде мемлекет берген қар­жыны бөлетін де, есебін сұрайтын да – білім басқармалары. Негізі, талап етуші та­рап мектептің қамқоршылық кеңесі болуы керек. Ал біздегі қамқоршылық кеңес­тердің басқару құзыреті жоқ. Бас­қару құзыреті – білім басқармасында. Ақ­шаны бөлу, директорды тағайындау не­месе жұмысынан шығаруды, директор­дың «жақсы» не «жаман» екенін басқар­ма­дағы 2-3 маман шешеді. 
Елімізде жемқорлық мәселесінде са­рап­тама, арнайы зерттеу жүр­гі­зіл­мейді. Сондықтан біз жыл сайын бір қатені қайталаймыз. Ақша жегендерді қамаймыз, сонымен мәселе жабылады. Алай­да жемқорлықтың себебі әр түрлі бо­латыны сияқты, салдары да әртүрлі. Мә­селен, ЖОО бітірген жас мамандардың 40 пайызы бірнеше жылдан кейін өз ма­мандығын «тастап» кетеді екен. Өйткені мектептегі жұмысы жағымсыз әсер етеді. Қара­пайым ғана мысал, мұғалімнің ер­тең­гі сабағына дайын­далатын, шығарма­шы­лық жұмыс­пен айналысуға мүмкіндік бере­тін арнайы жұмыс үстелі жоқ. Одан бөлек, ұстаздар кө­бірек сағат алу үшін неше түрлі қитұр­қы­лық жасайды, жем­қор­лыққа жол бере­ді. Сағатқа таласу тек посткеңестік елдер­де ғана бар жүйе. Қа­зақ­­стан білім беру жүйе­сі Кеңес Одағы қа­лыптастырған осы жүйе­нің шекпенінен шы­ға алмай қалды. Алайда мұндай фор­мат­­тағы мектептерді басқару тиімді. Бұл – вертикальды басқару, яғни тәуелділік. Мек­теп білім бөліміне, бөлім білім басқар­масына, басқарма министрлікке тәуелді. Сондықтан Президентіміз құқықтық, демократиялық, зайырлы мемлекет құру­да білім беру саласындағы былықты рет­теуді басты назарда ұстаса деймін. Жер­гілікті әкімдік мектепті қаржыландырумен қатар оны бақылаумен айналысса, ал ди­ректорды тағайындау немесе қыз­ме­тінен алуды қамқоршылық кеңестеріне қал­дырса жүйенің жұмысы жанданады, – дейді Нұрмұхамед Досыбаев. 

Бүгінде бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезінде жемқорлықты  болдырмау үшін Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында білім беру саласының бюджетін цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жоба білім беру саласында жемқорлыққа жол бермейді. Өйткені бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру және ұсыну процесі автоматтандырылады. Ақпараттық жүйені тестілеу оң нәтиже берген жағдайда бүкіл ел бойынша іске қосылатын болады. Жобаның қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді. 
 

Серіктес жаңалықтары