83 жастағы әже Ақтөбе университетінде білім алуда

«Күміс университет» жобасының ең ересек тыңдаушысы – 83 жаста.

83 жастағы әже Ақтөбе университетінде білім алуда
Ғылым және жоғары білім министрлігі
1368

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде бастау алған «Күміс университет» жобасы аясында 70-ке жуық егде жастағы тыңдаушылар тегін курстар бойынша білім алуда, деп хабарлады turkystan.kz.

Олардың қатарында 83 жастағы Зауза Молдабекова да бар.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Зауза Молдабекова ағылшын тілі және цифрлық сауаттылық курсына қатысып жүр. Ең ересек студент курс туралы әлеуметтік желілердегі хабарлама арқылы білген.
 

«Курс жайында хабарламаны оқығанда қатты қуандым. Бұл бізге беріліп жатқан үлкен қолдау. Ақпараттық технологияларды меңгеру, тіл үйрену – заман талабы. Еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін халықтың сауатты әрі денсаулығының мықты болуы маңызды. Оқытушыларға ризамын, білмегенімізді үйретіп, түсіндіруден жалыққан емес. Сауаттылықтың өзі өзара сөйлескеннен, сұрап білгеннен басталады. Осындай мүмкіндік берген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне, университет ұжымына алғысымыз шексіз»,– дейді ол. 


Зауза Молдабекова 30 жыл бойы Ақтөбе облысы Темір ауданында дәрігер болып қызмет атқарған. І дәрежелі терапевт, «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере сүйіп отырған кейіпкеріміз өзінің өмірлік қағидасымен бөлісті.
 

«Зейнетке шықсам да, қоғамдық жұмыстарға араласуды тоқтатпадым. Қаламыздағы волонтерлық ұйымның мүшесімін. Қаланы абаттандыру, көшет отырғызу, тазалықты сақтау жұмыстарына атсалысамын. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Мен айтпасам білгенімді. Сен жазбасаң көргеніңді, Ұрпағың қайдан білер өмір сүргеніңді» деген екен. Осы қағида – менің өмірлік ұстанымым», – дейді Зауза әжей.  


Айта кетейік, «Күміс университет» жобасы елімізде 2021 жылдан бастап ауқымды түрде іске асырылып, егде жастағы жоғары буынға түрлі бағыттар бойынша білім мен дағдыларды игеруге мүмкіндік беруде. Қазір Жұбанов университетінде цифрлық сауаттылық, құқықтық база және қаржылық қамтамасыз ету, тіл курстары, арт-терапия, денсаулық бағыттары бойынша курстар өтуде. Осы кезге дейін университет базасында 300-ге жуық қатысушы 15 бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру курстарында білім алды.

 

Серіктес жаңалықтары