Ағаға қарап бой түзеуші едік...

(Алаштың ардақты ақсақалы, Отырар өңірінің экономикасы мен руханиятының дамуына зор үлес қосқан ардагер, ауданның тұңғыш энергетигі, зерттеуші-өлкетанушы, шежіреші-қаламгер, Отырар ауданының құрметті азаматы Сағындық Қыдырұлы ағамызды еске алу)

Ағаға қарап бой түзеуші едік...
сурет: turkystan.kz
1275

Күллі саналы ғұмырын өзінің туған же­ріне, туған еліне, туған тіліне адал, абы­ройлы қызмет етуге арнаған абзал аза­мат­тар болады. Қасиетті Отырар топыра­ғы­ның сондай бірегей перзенті, ел ардақтысы – Сағындық ағамыздың ғибратты ғұмырына ба­ла кезімізден қызығып өстік. Өткен ға­сыр­дың 60-жылдары біздің ауылдан шыққан ал­ғашқы үш интеллигент-инженер Сағын­дық Қыдыров, Нұрғали Сарыпбеков, Мақаш­бек Әлімбеков ағаларымыз еді. Үшеуі де Таш­кентте оқып, жоғары білім алып, елге ке­ліп қызмет істеді, үлкен жетістіктерге жет­ті. Біз бала күнімізде сол кісілердей болсақ деп армандаушы едік, соларға қарап көп жа­с­тар бой түзедік.

Сағындық аға кешегі сұрапыл соғыс қар­саңын­да қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Іңгәлаған сәби шағынан қазыналы қарт­тығына дейін кіндік кескен жерінен мүл­де ажырамаған атамыздың тағдыр-та­лайы да, дәм-тұзы да, бақытты да бақуатты өмірі туған топырағымен біте қайнасып жа­тыр.
«Адамзат қауымы жер үстіндегі жолаушы сияқ­ты. Олар бірінің ізін бірі басып, ылғи жол үстінде келеді. Бұл – адамзат жолы, біз­дің өткен бабаларымыздың жолы, бұл – олар­дың тарихының жолы» деп қаламгер қарт өзі жазып кеткендей, ғұмыр жолы, жал­ғандағы жарығы да көне Отырардан бас­талып, сол топырақта өніп-өсіп, бақиға ба­рар жолын да осы жерге бұйыртқаны Жа­рат­қанның оң назары түсіп, өз қалауымен сүйік­ті пендесіне жасаған үлкен сыйы шы­ғар, кім білсін!
1957 жылы Арыстағы орта мектепті үз­дік бітіріп, арман қуып, Ташкенттегі Орта Азия политехника институтына энергетика ма­мандығы бойынша оқуға түседі. Бес жыл­дан кейін оқуын қызыл дипломмен аяқтап, ең­бек жолын Самарқандағы Орта Азия газ ма­гистралінен бастайды. Екі жылдан кейін жас маман Шымкенттегі ғана емес, Одақтағы алып өндіріс – фосфор зауытына подстанса бас­шысы болып ауысады. Білікті маманға тез ара­да қала орталығынан пәтер беріледі. Ол жер­де тәп-тәуір қызмет істеп жүре беруіне бо­лар еді. Бірақ ауылда тұратын қартайған әке-шешесінің жай-күйі ой-санасынан кетпей, оның үстіне туған жерінде мүмкіндік бо­ла тұра, білікті мамандар жетіспегендіктен, бір­тұтас электр желісі қосылмай тұрғаны да қабырғасына батып, Шәуілдірге жұмысын ауыстырып, Ақтөбедегі ата-анасын қолына кө­шіріп алды. Ол кезеңде Отырар ауданында энер­гетика саласы енді ғана қарқын ала бас­таған-ды. Сағындық ағамыз аудандағы ең ал­ғашқы жоғары білімді инженер-энергетик ма­ман болып, осы саланың дамып-өркен­деуі­не өлшеусіз үлес қосқанын, шалғайдағы мал­шы ауылға дейін жарық жеткізгенін күл­лі отырарлықтар ешқашан ұмытпайды. Он жылдан астам жемісті басшылық жасаған аудандық электр желілері мекемесін қуатты, үлкен ұжымға айналдырды. Тұңғыш ауатком төрағасы Дүйсенбай Алтынбеков осы өңірде канал қаздырып, тіршілік нәрін әкелсе, Са­ғын­дық Қыдыр электр желісін тартып, жа­рық пен жайлылық жеткізді деп айтады оты­рарлықтар.
1981-1996 жылдар аралығында Шәуіл­дір­дегі ең ірі автокөлік мекемесін жемісті бас­­қарды. Заман талабына сай үлкен ме­ке­ме­нің меншік түрі өзгергенде де әділетті ше­шім қабылдануына ұйытқы болды. Сол жер­ден зейнет демалысына шықты. Зей­нет­кер атанған соң қарап отырмай шаруа қо­жа­лығын ашып, оның жұмысын жемісті жүр­гізді, біраз жастарды фермерлікке баулы­ды. Сонымен қатар елдегі рухани-қоғамдық жұ­мыстарға белсене кірісіп, қасиетті Отырар өңірінің тарихы, этнографиясы, әдебиеті, өнері және тұтастай алғанда мәдениетін өр­кендетуге қажыр-қайратын, күш-жігерін ая­май жұмсады. Отырар өңірінің шежіресіне, та­сада қалған тұлғаларына қатысты тың дерек­терді мерзімді басылымдарда үзбей, тұрақты түрде жариялап отырды.
85 жасқа қараған шағында фәниден ба­қи­ға аттанған ел ардақтысы – «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Сағындық Қы­дыр­ұлы ағамыздың сан түрлі қыры бізді әлі күн­ге дейін қайран қалдырады. Тарихқа аты ойып жазылған киелі Отырар жерінің та­ри­хы мен этнографиясын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің жазу мен ойлау қуа­ты айрықша еді. 2020 жылы жарыққа шық­қан «Өмір өткелдері» және 2023 жылы ба­сылып шыққан «Асулар» атты екі кітабы – осы сө­зіміздің нақты дәлелі. Ең бастысы, өз өмі­рінде кездескен жандардың бәрінің шы­найы тағдырын, өңірдің шағын ауыл­дары­ның шежіресін, тұлғаларын қасиетті қала­мы­мен тасқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өне­ге етіп қалдырды. Бір сүйсінетінім, Са­ғын­дық ағамыз шұрайлы Шілік өңірін ме­кен­деген аталардың шежіресін қолмен қой­ғандай етіп, ұқыптап жинап, тарихи оқи­ғалардың желісіне салып отырып, ға­жайып кемелдікпен, білімдарлықпен жас ұрпақ­қа жеткізіп кеткені дер едім.
Біздің ауылдағы, Шілік-Ақтөбе елді ме­кенінде, Ақтөбе, Бұзықтөбе, Сүйін­байа­рық, Беларық, Макібайарық, Тыма деген жер-су атаулары бар. Солардың барлығының тарихын Сағындық аға өте жақсы білетін-ді. Ғы­лыми негіздемемен айтып, түсіндіріп беру­ші еді. Кей кездері қандай да бір мәселе тура­лы ойлаған сәтте: «Қайран, Сағындық аға. Сіз өмірде болғанда осы мәселенің мәні­сін сұрап алар едім» деп ойға шомамын. Бізге қазір Сіз сияқты кемеліне келген, ой-санасы телегей-теңіз қазыналы қария жетіспейді.
«Қазақта текті әулет деген сөз бар. Текті де­ген сөздің арғы жағында тәрбиелі, иманды, білімді, тәртіпті деген мағына жатса керек. Текті әулеттің басында текті кісі тұрады. Ол өзі­нен тараған ұрпағын, ағайын-туысын, әуле­тін, керек болса ауылын, айналасын тек­ті етіп тәрбиелейді. Тектілік оның жүрген жү­рісінен, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, ел­мен қатынасынан айқын аңғарылады» деп жа­зады Сағындық аға «Асулар» атты кіта­бында. Осы ой-пікірінде айтып жеткізгендей, өзі де әулетін, ауылын, айналасын тектілікке тәр­биеледі. Отбасында өмірлік қосағы Таза­гүл Әбікқызы анамызбен бірге 4 ұл тәрбиелеп өсі­ріп, олардан немере-шөбере көрді. Бұл отбасы қалың елдің ықыласына бөленген Еркін Қыдыр, Уәли Қыдыр сияқты қаламы қа­рымды журналистерді берді. Бұл – бабалар жо­лын берік ұстанған, туған ауылынан та­мы­рын үзбеген қазақы, текті адамның өмі­рі­нің жалғасы, көрген бақыты. Көзі тірісінде қо­лынан қаламын тастамай, ел мен жердің тари­хын, бүгіні мен ертеңін хатқа түсіріп, ар­ты­на өлмейтін, өшпейтін ұлы сөз қал­дыр­ған абыз ақсақалдың үшінші кітабы – елін сүйген перзентінің екінші мәңгілік өмірінің бас­талғанының белгісі деп ойлаймын. Арты­на өлмейтін сөз қалдырған абыз ақсақалдың жаны жұмақта болғай!

Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері

Серіктес жаңалықтары