Пандемия шектеулері ішкі туризмнің тынысын ашты
Туристер санының артуы Қазақстанның әлемдік рейтингтегі көрсеткішіне де әсер етіп отыр. Жаһандық рейтингте еліміз 2019 жылы 80-орында тұрса, 2021 жылы 66-орынға жылжыған. Ал 2022 жылы ел көрсеткіші жақсарып, 14-орынға көтерілген.
Әлемде туризм саласы пандемия кезінде миллиардтаған шығынға батып, дамуы тежеліп, тіпті тұралап қалды. Алайда бұл дағдарыс Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Пандемия шектеулері халықтың ішкі турларға сұранысын арттыра бастады. Бұл ішкі туризмнің дамуына зор серпін берді.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы Қазақстанда ішкі туризм бойынша рекордтық көрсеткіш орнады. Ел ішінде 6,9 млн адам саяхат жасаған. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша туристер саны одан да асып түсті. Осылайша, ішкі туристер саны 2021 жылмен салыстырғанда 1,7 млн адамға артып, 8,6 млн-ға жетті. Туристер санының артуына 2022 жылы кәсіпкерлерді ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларының енгізілуі әсер еткені анық. Сондай-ақ 40 млрд теңге сомасында 138 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Ал 2023 жылы 288 миллиардқа 115 инвестициялық жоба іске қосылды. Жоба аясында 1,5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал былтырғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,4 млн адамды құрады.
Туристер санының артуы Қазақстанның әлемдік рейтингтегі көрсеткішіне де әсер етіп отыр. Жаһандық рейтингте еліміз 2019 жылы 80-орында тұрса, 2021 жылы 66-орынға жылжыған. Ал 2022 жылы ел көрсеткіші жақсарып, 14-орынға көтерілген.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев былтырғы 9 айда туризмге жалпы көлемі 404,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылғанын, инвестициялар бойынша жылдық жоспарға қол жеткізу үшін барлық өңір жұмысты жандандырып, іске асырылып жатқан әрбір жобаны жергілікті әкімдер жеке бақылауына алуы қажет екенін айтқан болатын. Мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары оң нәтижесін берді. Мәселен, 2022 жылы 104,4 млн теңгеге пилоттық қолдау шаралары көрсетілсе, былтыр жалпы сомасы 600 млн теңгеден астам өтінім мақұлданған.
– Осы орайда Kids Go Free бағдарламасына ерекше тоқталғым келеді. Жоба іске асырылған екі жылға жуық уақыт ішінде бағдарламаның игілігін 1 500 отбасы пайдаланып, 3,2 мың бала ел ішінде тегін саяхаттады. Жыл соңына дейін тағы 1 мың баланы қамту жоспарланып отыр. Жобаны мұғалімдердің қадағалауымен жүретін мектептегі топтық турларға тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ министрлікпен шаруа және фермер қожалықтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде қонақүй салуға мүмкіндік беру мәселесін де қарастырып жатырмыз. Бұл шара ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайтуға ықпал етеді, – деген болатын министр.
Kids Go free бағдарламасы бойынша 18 жасқа толмаған кез келген бала ел ішінде тегін ұшады. Кәмелетке толмаған балалардың билет құнын 100 пайыз мемлекет өз мойнына алып отыр. 2022 жылы бұл қызмет түрін
1 500 бала қолданып, 76,2 миллион теңге субсидия төленген. 2023 жылғы 20 қарашадағы мәліметке жүгінсек, 892 ұсыныс қанағаттандырылып, 1 903 бала 85 миллион теңгеге ұшқан. Бір жылдың ішінде 403 балаға көбейіпті.
2019 жылдан бастап Туризм және спорт министрлігі ТОП-10 басым туристік аумақты дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізген болатын. Кейінгі жылдары ішкі демалысқа сұраныстың артуына байланысты әр аймақты қамти отырып олардың саны 20-ға дейін толықтырылды. Әр өңірде дамытылатын ең перспективалы нүктелер анықталды. Жаңа тізімге Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай, Атырау облысындағы Сарайшық қалашығы, Ұлытау облысы және тағы басқа өңірлер кіреді.
Қазақстандағы ТОП-20 басым туристік аймақтың толық тізімі мынадай: Хан Ордасы, Қарғалы су қоймасы, Туристік кешен, Щучье-Бурабайдағы «Ақбура» курорт аймағы, Имантау-Шалқар курорт аймағы, Баянауыл, Қатон-Қарағай курорт аймағы, Алакөл курорт аймағы, Түрген-Қаскелең тау кластері, «Көксай resort», Балқаш, Түркістан, Байқоңыр ғарыш айлағы, Ұлытау ауылы, Жылы жағажай, Сарайшық қалашығы, Шымкент гастрономиялық туризм орталығы және Туристік аудан (Астана). Осылайша, отандастарымыздың еліміздің көрікті жерлеріне және адам аяғы сирек басатын туристік өңірлерге саяхаттау мүмкіндігі артты. Ішкі туристер ағынының серпінді өсуін ескере отырып, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп аталған туристік бағыттарда инфрақұрылымды дамыту бойынша жол карталарын әзірледі.
Ішкі туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Зерттеулер жалпы туристік кірістің 70 пайызын ішкі туризм беретінін көрсетіп отыр. Мамандар ішкі туризмді дамыту үшін еліміздің үшінші және төртінші деңгейдегі қалаларына, аудандарға және ұлттық табиғи қорықтар мен тарихи орындарға жеткізетін арзан көлік-тасымал желісін қамтамасыз етуді ірі мемлекеттік жобалар арқылы жүргізсе, өңірдің туристік аумақтарына қонақүйлер мен демалыс кешендерін, туристік глемпинг және ресторан, аттракциондарды кәсіпкерлердің бизнес жобаларымен іске асыру өте қолайлы дейді.
Қазақстандықтар ішкі туризм аясында бірнеше сегмент бойынша саяхаттағанды қолай көреді. Ел туристерінің үлкен сегменті – VFR (visiting friends and relatives – достар мен туысқандарға бару) деп аталады, олар жалдамалы баспаналарды таңдайды немесе туысқандарының үйінде тұрақтайды. Туристердің келесі тобы сауықтыру және жағажай туризмін таңдайды. Жаз мезгілінде көпшілік Алакөлге, Балқаш көлдерінің, Каспий теңізінің жағалауларына, Бурабай курорттық аймағына асығады. Сонымен қатар тағы бір белсенді сегмент – тарихи-мәдени және діни туризм. Бұл бағытта Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары туристерді көп қабылдайды. Әдетте, қазақстандықтар киелі орындарды, кесенелерді, әулие нысандарды, ұлы тұлғалар өмір сүрген жерлерді, ғибадатханалар мен басқа да тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін, сондай-ақ киелі таулар, үңгірлер, көне қалалар мен басқа да нысандарды аралайды.
Елімізде спортты жақсы көретіндер санының көбеюі де саяхатшылар санының артуына ықпал етіп отыр. Түрлі веложарыстар мен марафондарға еліміздің аймақтарынан мыңдаған адам жиналып жатады. Нәтижесінде, жаяу сапарлар мен альпиниадалар жақсы дамып келе жатыр. Сонымен қатар халық арасында демалыс күндері саяхаттау да кең таралып келеді. Қала маңындағы тарихи, көрікті, таулы жерлерді тур арқылы аралау Астана, Алматы секілді қалаларда жақсы жолға қойылған. Сондай-ақ ұлттық табиғи парктер мен ерекше қорғалатын аумақтарға баратын туристер саны да өсіп келеді.
– Елдегі әрбір төртінші туристің ұлттық парктерге барғаны қуантады. Өздеріңіз білесіздер, республикамызда 14 ұлттық парк тіркелген, онда орман, мұздықтар, көл мен құм секілді планетаның барлық экожүйесі бар. 2022 жылы ұлттық парктерге 2 млн турист барған, бұл – абсолюттік рекорд, – деген болатын былтыр Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Соңғы жылдары туристік агенттіктер ұлттық бағыттағы турпакеттерді ұсына бастады. Кең-байтақ жеріміздің көрікті жерлерін көрсетіп қана қоймай, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, қазақы үйлермен глемпинг жасап, табиғат аясында ас әзірлеп, көшпенділердің тұрмыс-тіршілігін насихаттап турпакеттер сұранысқа ие бола бастады.
2022 жылы еліміздің 8 өңірінде (Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы, Шымкент қалалары) 28 глэмпинг кешені ашылған. Мұндай кешендер алдағы жылдары «Алтын емел» ұлттық паркінде, Қарқаралы ауданында пайда болады. Сондай-ақ Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай нысандардың құрылысы жоспарланып отыр.
Туризм саласының еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тигізер пайдасы көп. Туристік нысандардың көптеп ашылуы ең алдымен халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді. Еліміз бойынша бүгінде ресми түрде 520 000 адам осы саладан нан тауып отыр. Алайда туризм саласында жұмыс істеп жүргендер бұдан әлдеқайда көп. Қолма-қол айлық алатындардың қатарында маусымдық қызметтегі даяшылар, менеджерлер де бар.
Соңғы жылдары туризм саласында қызмет көрсететін шағын және орта бизнес өкілдерінің де саны артып отыр. Бұған туризм саласын мемлекеттік қолдау бағдарламаларының әсер еткенін айтпасқа болмас. Мемлекет жол бойында орналасқан бизнес нысандары құрылысының шығынын өтеуге қол ұшын созып отыр. Мәселен, туристік кәсіп бастасаңыз, оның құрылысына және орындалуына кеткен шығынның 10 пайызын мемлекет өтеп береді. Биыл жергілікті билік 11 өтінімді қабылдап, 181,6 миллион теңге қаржыны кәсіпкерлерге қайтарып берген. Сонымен қатар саяхаттау мақсатында көлік сатып алатын болсаңыз, мемлекет көлік құнының 25 пайызын төлейді.
Вице-министр Ержан Еркінбаевтың айтуынша, туризмді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасында 2029 жылға дейін ішкі туристер санын 9 млн-ға, шетелдік туристерді 4 млн-ға жеткізу көзделген. Туризм саласындағы мамандарды 1,6 есеге, ал инвестиция көлемін 2 есеге өсіру жоспарланып отыр.
А.БИМЕНДИЕВА