718
Бүгін «Отау» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталады
Өтінімдерді қабылдау түстен кейін басталады.
Бүгін, 1 наурыздан бастап қазақстандықтар "Отау" бағдарламасына қатысуға өтінім бере алады.
Өтінімдерді қабылдау түстен кейін басталады.
"1 наурыздан сағат 15:00-ден (UTC+5) бастап Baspana Market жылжымайтын мүлік порталында (otbasybank.kz) "Отау" бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады. Өтінімдер 30 сәуірге дейін қабылданады", - деп хабарлайды "Бәйтерек" холдингі.
Тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін өтініш берген кезде мына талаптарға сай болу қажет:
- қатысушылардың жас аралығы – 18 бен 63 жас;
- Қазақстан азаматы немесе қандас мәртебесі;
- депозиттегі жинақтың ең аз сомасы 1 млн теңгеден кем емес;
- үміткердің жинақ шотына ең кемі 18 ай толуы керек;
- қатысушы мен оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы керек.
Сондай-ақ Астана мен Алматыдан үй сатып алатындардың осы қалаларда тұрғылықты жері бойынша тіркеу болуы шарт.
Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Айта кетері, Отбасы банк – Бәйтерек холдингінің еншілес ұйымы.