Әр нөмірі оқылатын газет
"Ел-жер көріп, озық мәдениеттерді зерттегенде көзім жеткені – дамыған қоғамның адамы газет-журнал оқиды. Мемлекеттік саясатқа ықпал ететін, қоғамдық ойды алға жетелейтін тұжырым, зерттеулер ең әуелі мерзімді баспасөзде жарық көреді. Сондықтан біздің қоғамда газеттің қадірі кетсе, ол газеттің күні өткенінен емес, «бір күндікпен» жүріп, құндылық атаулыны арзандатып алған – өзімізден".
Тағдыр иісі
Әлі есімде... Мектепке бармаған кезім, шамасы. Әріп танымаймын. Жексенбі сайын ауылдың пошташы апайы бір бума газет әкеледі. Үйге кірместен, қабырғалары ырсиып тұрған ағаш шарбақтың бір басына сығымдап қыстыра кете береді. Үйдің майда баласы «Газет келді!» деп тұра жүгіреміз. Газеттің келгені – базардан қоржынын қампайтып әжеміз келгеннен кем емес. Газеттің келгенін кім бірінші көріп, бірінші жетіп, үйге кіргізеді, ең сүйкімді бала – сол.
Әлі есімде, жүгіріп барып, шарбақтың басындағы газеттерді құшағыма толтырып, үйге қарай жүргенде, баспаханадан енді шығып, буы бұрқырап тұрған газеттің иісі мұрын жаратын. Мен үшін дүниедегі ең ғажап, ең жұпар иіс сияқты. Шыдай алмай, тоқтай қалып, бума арасынан бір газетті суырып алып, мұрныма басамын. Тынысым кеңіп, бойыма қуат кіреді. Қас-қағым сәт. Жаңа газет үйге кірісімен, қолдан-қолға өтіп, сәлден соң әлгі иісі ізім-қайым болады. Оған дейін сол бір қас-қағым сәтте ерекше ғажап күйді бастан өткерудің қуанышы бөлек еді...
Кейін, арада жиырма шақты жыл өткенде Túrkistan газетінің редакциясында отырып, таңертең баспаханадан шыққан нөмірді оқуға қолыма алдым... Сол-ақ екен... Санадан өшкен, көңілден ысырылған көрініс қас-қағым сәтте көз алдыма оралды. Газеттің бүктеуін жазбастан мұрныма бастым. Сол! Аңқаны қапқан, көңіл сарайын ашқан, мына жарық дүниені сан бояуға ораған жұпар иіс! Жиырма жылда дүние аударылып-төңкерілсе де, дәуір ауысып, заман өзгерсе де, газеттің аңқыған жұпар иісі сол күйі!
Студенпін. Газетке күнкөріс үшін жұмысқа тұрғаным болмаса, әлі қайда барып, не істейтінім – бұлыңғыр. Сол күні газеттің жұпарын иіскеп отырып, тағдырдың жазуы – қалам екенін мойындадым. Жоғалтқанымды қайта тапқандай мәз едім...
Емен үстелдің естелігі
Біз халықаралық Túrkistan газетіне жұмысқа келгенде, әлі студент едік. Біз дейтінім – әлі қаламы төселмеген, бірақ өз қиялында мұқым дүниенің құпиясын сезіп-біліп қойған жас толқын. Бұған дейін республикалық басылымдарға мақаласы жарияланып, бір-екі газетте жұмыс істеп, қаламымен өзін асырап жүрген біздерге бәрі оңай көрінетін.
2000 жылдың қарашасы. Túrkistan газетінің басшылығына Шамшидин Паттеев ағамыз келіп, реформаторлық идеяларын жүзеге асыра бастаған кезі. Газеттің бірінші нөмірінен бастап шығарып келе жатқан «аға толқын» бізді баласына ма, менсіне ме әлде сүйсіне ме – ол арасын ажыратып жатқан біз жоқ.
Алматыдағы Бөгенбей батыр мен Сейфуллин көшесінің қиылысында «Қазпошта» мекемесінің оң жағын ала екіқабатты ескі ғимарат тұрушы еді. Өңі тайып, бояуы бозарғанына қарамастан еңсесін тік ұстаған, өткен заманның тектілігін бойына сіңіргендей тәкаппар қарап тұрар еді. Ені жарты қарыс ауыр есікті әрең ашып, тура алдыңдағы баспалдақпен екінші қабатқа көтерілгенде, екі қанаты ұзыннан-ұзақ дәліз болып жайылып, оның қуыс-қуысы аңғал-саңғалы шыққан кабинеттерге айналар еді.
Олардың кейбіріне байқамай бас сұғып қалсаң, әрбірінде етегі жайылған емен үстелдің үш-төртеуі сап түзеп, кейбірінің басында қарқарадай болып аға тілшілер отырар еді. Есіктен сығалаған түріңе қарап, қабағын кергенде, аты-жөнін газеттен көріп жүрген «аға толқынның» өкілдері – Дидахмет Әшімханұлы, Көлбай Адырбекұлы, Өмірзақ Мұқай, Жаңабек Шағатай, Қалдархан Қамбар – олардың қайсысы екенін ажырата алмай қалып, «кешіріңізді» сыбырлай айтып, тоспасы өмірі май көрмеген сықырлауықты сарт етіп жаба салар едің. Оңай құтылғаныңа қуанып, дәліздің қуыс-қуысын одан әрі зерттеуді жалғастырар едің.
Әлгі ұзын дәліздің сол жақ қанаты осындай болғанда, оң жақ қанаты – біз үшін «Барсакелместің» нақ өзі. Себебі оңға бұрылар бетте маңдайың қара брезентпен қапталған биік есікке тірелер еді. Бұл – газеттің негізін салған, сол кездегі құрметті бас редакторы, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанның кабинеті. Оның есігінен сығаламақ түгілі, тұтқасын ұстаудан сескенеміз. Себебі ауызғы бөлмесінде арқардай болып Қалағаңның хатшысы Айнаш Сатаева отырар еді. Одан ары біз тіпті аттап баспайтын «бухгалтерия» дейтін кабинет. Бұл жақ қанатта біз үшін еңсені баспайтын, тайсалмай кіріп, еркін сөйлеуге «рұқсат етілген» бір ғана кабинет бар. Ол – газеттің бас редакторы Шамшидин Паттеевтің кабинеті.
Әлгі баспалдақпен көтерілген бетте есігі өмірі жабылмайтын бір кабинет бар еді. «Жастардың бөлмесі» деп аталатын абажадай кабинетте бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі үстел болушы еді. Оның екі басында ағашы сықырлаған екі орындық тұрар еді. Жиһаз дегеннен бары осы. Әлде алтаумыз, әлде жетеуміз – газетке жаңа леп әкелуге тиіс болған «жас толқын» кезек-кезек сол үстелдердің басына отырып, мақала жазушы едік. Немесе біріміз отырып, қалғанымыз түрегеп тұрып, әңгіменің атын оздырушы едік. Әйтеуір, «жастар кабинеті» ұлардай шулап жататын. Өзімізге қызық еді.
Шамшидин ағаның шақыруымен «жұмысқа» кіріскеніме шамасы екі әлде үш апта. Эйфория. Ой мен қиял шекара асып кеткен. Газет апта сайын өз қарқынымен шығып жатыр. Менімен қатар келген жас тілшілер бұрқыратып жазып жатыр. Олар тудырған екпіннің арқасында дәл менің әлі күнге жүз жол түгілі бір жол жазбағанымды ешкім байқай қоймады, шамасы.
Қалам үнсіз.
Әйтеуір, күнде редакцияға барамын, апта сайын «лездемеге» қатысамын. Улап-шулаған «жас толқынның» ішіндемін.
Әлгі екі орындықтың бірі уақытша «еншіме» тиіп, мейманам тасып отырған бір күні кабинетімізге «аға толқынның» бірі бас сұқты. Күлпара Жұмағали. Атын білгенмен, сөйлесіп көрмегенмін. Жалпы, сол кезде біз – «жас толқын», олар – «аға толқын» болып, бір газет, бір редакцияда жүрсек те, Балқаштың ащы-тұщыдан тұратын суындай арамызда көзге көрінбес перде бар еді. Содан ба, мені «Бері келіп кетші» деп шақырған «аға толқын» өкілінің сөзі өктем көрінді.
Мені ілестіріп, сөз айтпастан, ұзын дәліздің арғы басындағы кабинетке ертіп келді. Терезесінен түскен жарығы мол, төрт үстел қатар тізілген кең кабинеттің есік жақтағысын көрсетіп, «Мына орын бос, сен осыған орналас» демесі бар ма? Алтау-жетеуіміз ұбап-шұбап жүргенде, оның ішінен мені көздеп танығаны әлде ықыласы түскені – бұл арасы өзіме әлі беймәлім. Кейін Күлпарамен әпкелі-сіңлілідей жақын араласып кеттік.
Сөздің қысқасы – мен әлгі кабинетті тұрақты мекен етіп, әлгі емен үстелдің бірін біржола меншіктеп алдым. Сол күннен бастап «аға толқын» өкілдерінің маған деген көзқарасы күрт өзгерді. Аяқ астынан «адам» қатарына ілігіп, орталарына қосылдым.
Сол күннен бастап қаламыма тіл бітті.
Сол үстелдің басында отырып, талай сараптамалық мақала, талдау, репортаж жаздым, сұхбат, контент анализ, шолу жасадым. Сол жазғанның көбі кейін «Қайда барсаң – саясат» кітабына енді.
Иә, қаламгер қауымның жазу үстелі – шабыт әлеміне ашылатын қақпа іспеттес.
Қартаң тартса да, тәкаппарлығын тыймаған сол ғимараттың екінші қабатындағы жарығы мол кең бөлменің сыры тайған емен үстеліндей шабыт шақыратын үстел кездеспеді содан соң...
Бұл күнде ол емен үстел де, ішектей шұбатылған дәліз де, есіктері қақыраған кабинеттер де, тіпті сол маңғаз ғимараттың өзі де жоқ.
Өмір өтеді – газеттің әр нөмірі бұрқыраған иісі басылған сәтте-ақ тарихқа айналады.
Ал жазудың ләззатын сезінген, газеттің жұмысына жегілген күндер естелік болып, ми қатпарында қаттала береді...
«Қалағаңның қалжыңдары»
Редакцияға 2000-жылдың аяғында келген кезіміз. Бақытымыз – реформатор Шамшидин Паттеевтің мектебінен өткеніміз. Оған қоса тағдыр сыйы – Túrkistan газетінің алғашқы бас редакторы Қалағаң – Қалтай Мұхамеджанның көзін көріп, дәмдес болғанымыз.
Әлі есімде, 2001 жылдың 8-наурыз мейрамы.
Редакцияда жүргенімізге алты айға жуықтаса да, қара брезентпен қапталған есіктің табалдырығынан аттап көрмеген едік. Ақыры, «Халықаралық әйелдер күні» деген атаулы мерекенің дүмпуімен бұл кабинетке де кірдік-ау. Кіріп қана қоймай, ұзыннан-ұзақ тігілген үстелге жайылған ақ дастарқанның мейманы болып, төрде отырған Қалағаңның лебізін тыңдап, бір марқайдық.
Кейін білдік қой, сол көргеніміз – аңызға бергісіз Қалағаңды алғашқы әрі соңғы көруіміз екен. «Мәскеуге барамын, операция жасатамын» деп отырған еді марқұм. Сол сапардан оралмады.
Сол дастарқан басында отырып, Таңсұлу Мирманова «Қалаға, менде бір ой бар. «Әйел әлемі» деген айдар ашсам ба деп жүрмін. Қалай ойлайсыз?» деген. Қалағаң бұл идеяны ұнатып, жанашыр сөзін айтты.
Кейін Túrkistan газетінің бетінде «Әйел-Әлем» атты айдар тұрақты түрде шығып тұрды. Сол айдарды көрген сайын Қалағаң есіме түсетін...
Расында, Қалағаңның елесі Túrkistan газетінде бізбен бірге жүретін. Түскі үзілісте ортаға екі үстелді қоса салып, қалтадағы тиын-тебенді жинап, әупіріммен бес-алты бәліш, үш-төрт тоқаш алып, сүтті шайды сораптап отырғанда, талай әңгіменің тиегі ағытылар еді.
Бүгінгі нөмірдің қалай шыққанынан басталған әңгіме Астанадағы саясатты бір шолып, одан мұхит аралап қайтып, ауылдағы ағайынның құлағын шулатып, ең соңында өзіміздің редакциямызға оралар еді. Сондай кездері «Қалағаң былай депті» деген бір-екі қалжың айтылмай қалмайды. Неше рет естісең де бояуы кетпейтін, әркез езу тарттыратын өткір қалжың.
Соның ішінде өзімізше меншіктеп, басқа ортада айта жүретін бір-екі ауыз «Қалағаңның қалжыңын» қоса кетейін. Бұл қалжыңды анау-мынау емес, бас редактор Шамшидин Паттеевтің аузынан естідік.
Қалағаң газеттің бас редакторы болған кезінде оған қаржылық-материалдық көмек сұрап келетіндердің қарасы қалың болады екен. Көмек сұрағанның көңілін жықпайтын жомарттығы да болса керек. Содан жалақы мәселесінде қарапайым қызметкерлердің жағдайын айтып, есепшіге қаратып айтқаны ғой: «Сендер ғой, айлықты айына бір-ақ рет бересіңдер. Бірақ біздің үйдегі балалар, неге екенін білмеймін, күніне үш рет тамақ ішкісі келеді» дейді екен.
Айлықтан айлыққа дейін әрең жететін біздер әлгі сөзді естігенде, маңдай қыртысымыз жазылып, «Солай-ау, шынымен!» деп бір күліп, жадырап қалушы едік.
«Журналистикада жыныс жоқ!»
Біз журналистикаға енді келген кезде «жақсы журналист болуы үшін жақсы жазу керек. Ал жақсы жазу үшін газетте жұмыс істеу керек» деген бұлжымас қағида болатын. Одан бөлек, газет редакциясында жұмыс істеуге қолынан жазу келетіндер ғана баратын, ал екі ауыз сөздің басын құрай алмайтындар амалсыз телеарна, радиоға кететін.
Бізден ілгері толқын Шерағаң – Шерхан Мұртаза, Сейдағаң – Сейдахмет Бердіқұловтардың бас редакторлығын аңыздай айтып отыратын.
Біздің буын да қазақ журналистикасындағы мықты бас редакторлар мектебінен өтті. Ол кезде «Жас Алашты» – Нұртөре Жүсіп, «Қазақ әдебиетін» – Жүсіпбек Қорғасбек, Túrkistan газетін – Шамшидин Паттеев басқаратын. Әрқайсысы жастарды қолдап, бағыт-бағдар сілтеп, газеттің әр нөмірін мазмұнды етіп шығаруда жарысатындай еді. Сол кезде осы газеттерде қызмет еткен тілшілердің барлығы дерлік қазір өздері – бас редактор, журналистика факультетінде ұстаз, осы салада зерттеуші – әйтеуір, ақпарат, руханият саласының бір тетігін ұстап жүрген белгілі азаматтар.
Оның ішінде, халықаралық Túrkistan газеті жазуда бұғанасы қатпаған талай жасты тезге салып, әбден баптап, қатарға қосты. Қазақ журналистикасында өзіндік мектеп қалыптастырды. 2000-жылдардан бері жазу-сызудың ар жақ – бер жағында жүрген талай мықты дәл осы Túrkistan мектебінен өткен.
Газеттің әр бейсенбі күні нөмірі шыққаннан кейін бас редактордың кабинетіне «лездемеге» жиналамыз. Бүгін шыққан нөмірді талқылап, келесі нөмірдің жоспарын жасалатын «лездемеміз» лезде бітпейді, әрине. Кейде бір сағат, кейде бір жарым сағатқа созылады.
Газеттің бетінде айтылуға тиіс мәселелер ортаға салынады.
Газеттің бетінде айтылмайтын әңгімелер де осы кабинетте айтылады.
Кейін білдік, газеттің әр нөмірі шыққан сайын бас редактор Шамшидин Паттеевтің жұмыс телефонына сыңғырлап Астана жақтан түрлі қоңырау түседі. Тұтқаның ар жағындағы сан қилы дауыс кейде талап етіп, кейде өкпе артып, әйтеуір, бас редактордың мазасын алады. Газет бетіндегі мақаланы жоққа шығарып, келесі нөмірде кешірім сұрауды талап ететіндер де бар. Арасында қоғамдық-саясат тақырыбына жазып жүрген жастардың да аты аталып, тегі түгенделіп жатады. Бірақ сол кезде бұл «қоңыраулардың» бірінің хабарын естіген емеспіз. Ешбірінің қаһарлы лебі біз жаққа қарай соғып көрмепті.
Содан болар, Túrkistan-дағы шығармашылық еркіндік бізге Мәртебелі демократияның өзі кепілдік беріп қойғандай қалыпты, үйреншікті еді.
Не жазамыз, қалай жазамыз, кімнен пікір алып, қай тұрғыда сын айтамыз – бас редактордың тарапынан шектеу де, тыйым да көрген емеспіз.
Жазуымызды өткірлей алмасақ, таңдаған тақырыпты аша алмасақ, тек өз шығармашылық қабілетімізге сын еді.
Қазір журналистиканың кәсіби стандарттары түсіп кеткені туралы пікір айтылып жүр. Шығармашылық еркіндікке тұсау түскен жерде, ой қамалады, қапастағы ойдан жақсы материал тумайды.
Túrkistan-ның төл мектебінен өткеннен түйген өз тұжырымым – шығармашылық топтың қарым-қабілетін толық ашу бас редакторға тікелей байланысты. Өресі биік, ойы озық бас редактор әр лездемеде журналистердің ойын өткірлеп, шығармашылық қиялын шыңдап, кәсіби ізденісін бағыттап отырады. Біз көрген бас редактор осындай еді. Біз көрген лездемелердің әрқайсысы «ликбез» еді.
Шамшидин Паттеев бас редакторлықты Қалағаңның батасымен бірге қабылдап алған соң газетті мазмұндық тұрғыда жаңғыртты. Саясат, еларалық қатынастар, қоғамдық мәселелер, мемлекеттік тіл, руханият – өзекті тақырыптардың қай-қайсысына да жазылған материалдар жұрт аузында жүретін. Салыстырмалы түрде тиражы аз болса да, сөзі салмақты болып, діттеген жеріне дөп тиіп жататын.
Кейін «Túrkistan-ның қыздары» атанған әлекедей жаланған журналист қыздар сол кезде газеттің әр нөміріне мақала жазып, өзара бәсекеге түсуші еді. Көші-қон мен тіл саясатын қаузап жазатын Есенгүл Кәпқызы, қаржы-экономикалық сараптамасымен Нәзия Жоямергенқызы, діни тақырыптағы зерттеулерімен Кәмшат Тасболатқызы, рухани тақырыптағы сұхбаттарымен Гүлзина Бектасова, әлеуметтік мәселелерді толғаған мақалаларымен Динара Мыңжасарқызы, экономика тақырыбындағы талдауларымен Гүлнар Мұқанова және Ақниет Оспанбай – «Túrkistan-ның қыздары» атанған топтың «негізгі құрамы» осылар еді.
Дегенмен дәл осы тіркесті өз басым жақтырмаушы едім. Осындайда марқұм Дидахмет Әшімханның, қайран Дидағаңның сөзі есіме түседі.
Бір күні лездемеде аяқ астынан қып-қызыл дау туды. Әлде өткен нөмірдегі қате, әлде алдағы нөмірдің жоспары – әйтеуір, Дидағаң бастап, қалғанымыз қостап, әркім өз пікірін дұрысқа салып, абыржыдық та қалдық. Шығармашылық орта емес пе, эмоциясын жасырып қалған адам сирек.
Сонымен, лездеме аяқталды. Әркім өз кабинетіне барып, ой жинақтап болғанша, Дидағаң есіктен бас сұқты да: «Қыздар, айтыңдаршы, осы!» деді бәрімізге қарап.
«Иә, Дидаға?» дедік жамырап.
«Осы журналистикада жыныс бар ма, жоқ па?».
«?!».
Бізде үн жоқ. Не сұрақ? Қайда апаратын соқпақ?
Дидағаң өз сұрағына өзі жауап берді.
«Журналистикада еркек-әйел деген болмайды!». Есікті тарс жапты да кетіп қалды.
Бізде әлі үн жоқ.
Кейін редакциямыздағы «дәстүрлі» шай дастарқанында отырып, осы пікірді де талқыға салдық.
Дидағаң, шамасы, жиналыс үстінде «Артықтау кеттім бе, ауыр сөйледім бе?» деп уайымдаған сияқты. Дегенмен сол сөзі кейін талай жағдайда бізге қамшы болатын.
Ұлт, тіл, діл, мемлекет мүддесі туралы тайсалмай жазу үшін, атағынан ат үркетін тұлғалардан «қадалған жерден қан алып» сұхбат жазу үшін жүрек те, табандылық та, мінез де, парасат та керек. «Túrkistan-ның қыздары» сол Дидиғаң айтқан «Журналистикада тек кәсіпқойлар бар» деген қағидамен өмір сүретін.
Ал әр лездемесі саяси ликбезге саналатын Шамшидин ағаның, әр мақаланы күзеп, тақырыбын тауып қоятын Дидағаң, әрқайсысы өз тақырыбын тереңнен қаузайтын, жазу стилімен өнеге болған аға тілшілер «Túrkistan-ның қыздары» атанған топтың қалыптасуына, кәсіби тұрғыда өсуіне ықпал етті.
***
Бүгінде біреулер «газет оқылмайды» дейді. Одан соң «гаджеттің сан түрі шығып жатыр, қағаз газет енді керек емес» дейді.
Túrkistan-нан Британияға оқуға аттанып, докторлық диссертация жазып жүріп те, газеттен қол үзбедім. Ол кездегі әсерлер мен түйген ойдың біразы газет бетінде жарияланып, ендігі архивке айналды.
Ел-жер көріп, озық мәдениеттерді зерттегенде көзім жеткені – дамыған қоғамның адамы газет-журнал оқиды. Мемлекеттік саясатқа ықпал ететін, қоғамдық ойды алға жетелейтін тұжырым, зерттеулер ең әуелі мерзімді баспасөзде жарық көреді. Сондықтан біздің қоғамда газеттің қадірі кетсе, ол газеттің күні өткенінен емес, «бір күндікпен» жүріп, құндылық атаулыны арзандатып алған – өзімізден.
Тағы да Дидиғаңнан мысал келтірсем, «Егер бір нөмірде оқылатын бір жақсы материал болса, ол нөмір жақсы шыққан» деуші еді.
Túrkistan – бұрын да, қазір де – «әр нөмірі оқылатын газет». Саны аз болса да, сапа стандарты биік газет. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ журналистикасынан өзіне ойып тұрып алған орны бөлек, мазмұны ерек басылым.
Қазақ журналистикасында кесек тұлғалар туын тіккен газет сол биігінен түспесін, өрлесін!
Гүлбиғаш Омар,
Túrkistan газетінің
2005-2014 жылдардағы
жауапты хатшысы