Кинолог Жазира
Астана қаласындағы Кинологиялық қызмет орталығында 10 әйел-кинолог қызмет етеді. Солардың бірі – полиция капитаны Жазира Пішембайқызы. Оның қызметтегі «жауынгер» досының аты – Дик, немістің овчаркасы.
ХІХ ғасырдың аяғынан бастап жаңа асылтұқымды иттердің пайда болуы арқылы кинология ғылымы дами бастады. Арнайы үйретілген иттер бүгінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестік қауіптің алдын алу, шекараны күзету сынды мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндеттерді мүлтіксіз орындап келеді.
Астана қаласындағы Кинологиялық қызмет орталығында 10 әйел-кинолог қызмет етеді. Солардың бірі – полиция капитаны Жазира Пішембайқызы. Оның қызметтегі «жауынгер» досының аты – Дик, немістің овчаркасы. Иісшіл иттер ішінде шыдамды болғандықтан полиция қызметінде неміс және бельгия овчаркасы – молинуа тұқымдас иттер үйретіледі. Өйткені олар жарылғыш заттар мен есірткіні тез табады, із кесу жұмыстарында да жылдам. Бұл тұқымдардың тағы бір ерекшелігі – ауа райына қарамастан қызметін жалғастыра береді. Мәселен, Дик өте төзімді, адамға ыңғайлы, ақылды әрі бұйрықты тез орындайды.
– Ішкі істер органдарында «жұмыс» істеуге мінезі сабырлы иттер таңдап алынады. Қызметтік иттер 9 айлық күшік кезінен бастап 2 жасқа дейін үйретіледі. Оқу-жаттығу жұмыстары кезінде күшіктің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын бақылаймыз. Жаттығу жұмыстары алғашқы кезде жарты сағат болса, кейін бір жарым сағатқа дейін ұласады. Серуенге шығарған кезде де дайындық жұмысы жалғаса береді. Тапсырманы бұлжытпай орындаған итке тәтті немесе ойнайтын ойыншығын береміз. Ит те бала сияқты ойнағанды жақсы көреді, – дейді инспектор-кинолог.
Жазираның жұмысы таңертең Дикпен кездесуден басталады. Төрт аяқты досының жүнін тарап, тазалығын тексереді. Иісшіл иттердің бұл «қызметте» таза болуы өте маңызды. Кинологтан бөлек ветеринар дәрігер де күнде таңертең иттердің денсаулығын тексереді. Жоспарға сай қажетті вакциналар салынады. Ай сайын олардың салмағы өлшеніп, медициналық тексерулер өткізіледі. Осылайша, иттердің жұмыс істеу қабілеттері толық бақыланады.
Кинологтар арасында иттерді үйрету әйелдерге арналған деген түсінік те кездесіп қалады. Әсіресе, лабрадор тұқымдас иттермен әйелдердің жұмыс істегені жақсы дейді. Өйткені ол әйелдің мейірімін сезіп, жылы қабылдағандықтан айтқанын бұлжытпай орындайды екен.
Иттердің де адамдар сияқты сангвиник, холерик, флегматик және меланхолик деген төрт түрлі мінезі болады екен. Кинология саласындағы қызметке икемдісі – сангвиник иттер. Олар өте сезімтал болғандықтан иесінің көңіл күйін сезіп тұрады.
– Кинолог итпен тіл табысып, оны тыңдата және айтқанын орындата білуі керек. Ол үшін итті жақсы көруіңіз керек. Иттің нені қалайтынын түсінсеңіз, тіл табысу да оңай болмақ. Адам мен иттің арасында тығыз байланыс орнағанда жұмыс нәтижелі әрі сапалы болады. Кинолог болу – кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған шыдамдылық пен тапқырлық керек. Өз жұмысын шын жақсы көретін маман ғана тапсырманы мұқият орындап, қырағылық танытады. Бүгінде кинология саласында қызмет ететін қыз-келіншектер саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны қуантады, – дейді маман.
Біздің кейіпкеріміз Жазира сенімді серігі Дикпен одорология бағыты бойынша жұмыс істейді. Одорология – иістер туралы ғылым. Қылмысты иіс арқылы табу аса ауыр қылмыстарды ашу мен тергеу үшін криминалистикада кеңінен қолданылады. Біздің елімізде 1998 жылдан бастап одорологиялық зертхана жұмыс істейді. Онда қылмысқа қатысы бар адамдардың иісі сақталады және одан әрі зерттеледі.
Қасақана қылмыс жасаған адамның ізін жасыруға тырысатыны анық. Әдетте олар бетперде тағады, саусақ ізін жасыру үшін қолғап киеді. Алайда қылмыскер саусақ ізін қанша жасырғанмен, өзінің иісін жасыра алмайды. Бұл мүмкін емес. Өйткені әр адамның өзге ешкімге ұқсамайтын өзіндік иісі болады. Саусақ таңбасы секілді адамның иісі де өзгермейді және киімге, аяқ киімге сіңіп қалған иіс көпке дейін кетпейді. Алайда мамандардың айтуынша, қылмыс болған жерден кетіп қалған адамның иісі бірнеше минут қана сақталады. Иісшіл иттер оқиға орнына жедел жеткізілсе, қылмыстың ізін суытпай ашуға болады. Ал қылмыскердің ұзақ уақыт қолданған жеке заты табылса, бұл – нағыз бұлтартпас айғақ. Кей заттар өз иесінің иісін бірнеше ай, тіпті жылдар бойы сақтайды екен.
Қылмысты зерттеуге одоролог, тергеуші, инспектор-кинолог және арнайы үйретілген иттер қатысады. Сараптама дәл осы бағытта үйретілген иттердің көмегімен жасалады. Өйткені иттің иіс сезу қабілеті адамға қарағанда 700 есе артық екен. Иттің иіс сезгіштігінің жоғары болуына тек ішкі сенсорлар ғана емес, мұрнының сыртқы бөлігі де әсер етеді. Әдетте дені сау иттің мұрнының ұшы ылғалданып тұрады. Осы ылғалдылығының нәтижесінде ауада жүрген иістерді өздігінше топтастырады екен. Мақаланы жазу барысында тағы бір қызық дерекке тап болдық. Ғалымдар жүргізген бірнеше жылдық зерттеудің нәтижесі иттердің 2 миллионға жуық иісті ажырататынын анықтаған. Олар тіпті араласқан иістердің өзін бір-бірінен ажырата біледі екен.
– Ғылым мен технология қарқынды дамып жатса да, бір мезетте мыңдаған иісті оп-оңай ажырата алатын құрылғы әлі жасалған жоқ. Иісшіл иттерге ешкім бәсеке бола алмайды. Қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен полиция жыл сайын 3 700-ден астам қылмысты ашады. Кинологтармен бірге арнайы операцияларға қатысып жүрген қызметтік «жауынгер» иттердің әр күні ерлікке толы, – дейді инспектор-кинолог.
Ел тыныштығы, бейбітшілік пен мамыражай өмір үшін күн сайын өз басын тәуекелге тігетін Жазира қызметтегі айнымас серігі Диктің өмірі үшін де жауапты. Жұмыс барысында қырағылық танытып, тез шешім қабылдап, өзіне тапсырылған міндетті тыңғылықты орындайтын білікті маманның тәжірибесі көпке үлгі. Өз ісін ерлерден кем атқармайтын еліміздегі барша нәзік жанды кинологтарды халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймыз. Қызметтеріңіз абыройлы, мәртебелеріңіз биік, жұмыстарыңыз жемісті болғай.