Cүңгуір-құтқарушы Элона

Біздің кейіпкеріміз мамандығы бойынша – журналист. Еңбек жолын телевизия сала­сынан бастаған Элона құтқарушылар жаса­ғы­на баспасөз хатшысы керек екенін естиді. Жур­налистиканың басқа саласында да еңбек етіп, тәжірибе жинағысы келген жас қыз көп ұза­май өзі қалаған жұмысқа кіріседі.

Cүңгуір-құтқарушы Элона
сурет – кейіпкердікі
1103

Әлемде ең қауіпті 8 мамандық бар. Соның бірі – құтқарушы-сүңгуірлер. Олар зардап шеккендерді құтқарады, суға батқандарды іздейді. Адам өмірін сақтап қалуға барын салатын мамандар күн сайын тәуекелге барады. Дабыл қағылған сәттен бастап көмекке мұқтаж жанды аман алып қалуды ғана ойлайды. Ал құтқару кезінде сүңгуірдің тірі қалатынына ешкім кепілдік бермейді. Алайда мамандықтың осындай қиындығына қарамастан өз кәсібін жақсы көретін, ерлермен тең дәрежеде еңбек ететін нәзік жандылар да бар. Солардың бірі – Ақтөбе облысындағы ТЖД Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы, сүңгуір Элона Медведева. 

Біздің кейіпкеріміз мамандығы бойынша – журналист. Еңбек жолын телевизия сала­сынан бастаған Элона құтқарушылар жаса­ғы­на баспасөз хатшысы керек екенін естиді. Жур­налистиканың басқа саласында да еңбек етіп, тәжірибе жинағысы келген жас қыз көп ұза­май өзі қалаған жұмысқа кіріседі.

Құтқарушылармен қоян-қолтық жұмыс іс­тегеннен кейін Элонаның осы салаға қы­зы­ғушылығы ояна бастайды. Батыл қыздың ал­дында тағы да екі таңдау тұрды. Не биікті ба­ғындырған алпинист болу, не су астын кез­ген сүңгуір болу. Қазақстанда екі мамандық та әйелдер үшін өте қауіпті жұмыстар тізі­мін­де. Элонаға су астындағы қайнаған «өмір» қы­зық көрінді. Судағы балықтар мен балдыр­лар­ды, неше түрлі тіршілік иелерін көзіне елес­теткен жас қыз сүңгуір боламын деп ше­шім қабылдайды. Алайда ол алда өзін мүлдем бас­қа «әлем» күтіп тұрғанынан бейхабар еді. Өйткені Ақтөбенің өзендерінің суы мөлдір, тұ­нық емес, қараңғы, бұлыңғыр, лайлы. Қол­созым жер көрінбейді. «Шешінген судан тайын­бас» дегендей сүңгуір болам деп таңдау жа­­сағаннан кейін осы мамандықтың қыр-сы­рын толық меңгеруді алдына мақсат етіп қоя­ды. Осылайша, жүрек жұтқан қыз аймақ­тағы құтқару бекетіндегі жалғыз құтқарушы әйел болады.

Алғашында ерлерден құралған ұжымда арпа ішіндегі бір бидай болған нәзік қыздың бұл таңдауына күмәнмен қарағандар да та­был­ды. Алайда олар Элонаның жұмысқа жауап­ты, қиындықтан қорықпайтынын көріп қол­дай түсті.

– Құтқарушыларға адамдардың қайғысы мен көз жасын көруден ауыр ештеңе жоқ. Суға кет­кен адамның жақындары не достары бізді жа­ғада үлкен үмітпен күтіп тұрады. Алайда көп жағдайда адамдар құтқарушыларға бірден хабарласпай уақыт созып алады. Мұндай кезде әр минут бағалы. Сүңгуірлер оқиға орнына же­дел жеткеннің өзінде суға кеткен адамды құт­қарып үлгермейді, – дейді Элона.

Сүңгуірлер жұмысының қызығынан қиын­дығы көп. Олар лайлы, бұлыңғыр суда жү­зіп жүріп алдынан не шығатынын білмейді. Су астында не жоқ дейсіз. Балық аулауға ар­нал­ған ау, бетон плиталар, темірлер, қоқыс қал­­­дықтары жатады. Су астындағы үйінділер ара­сынан адамның денесін табу сабан ішінен ине іздегенмен тең. Бұл көп уақытты қажет етеді.

– Кейде күтпеген жерден өлген адаммен бетпе-бет келетін кездер болады. Мұндай сәтте  сасқалақтамай, іштегі қорқынышты жеңіп, сабыр сақтаған дұрыс. Жалпы, құтқарушылар тез шешім қабылдай алатын, жауапкершілігі мол, епті болуы керек, – деп ойымен бөлісті кейіпкеріміз.

Құтқарушылар ел қатарлы еңбек демалы­сына шығып, мереке күндерін алаңсыз өткізе алмайды. Төтенше жағдай орын алса, белгі­лен­ген уақытта әрқашан жоғары жауынгерлік дайындықпен жұмыс орнынан табылуы керек. Сондықтан құтқарушылар өздерін кәсіби тұрғыдан жетілдіріп, физикалық дайындықта болуы шарт. Жүзу, секіру, жүгіру сынды спорт түрлерімен айналысу маңызды. Жұмыс бары­сында кезекші диспетчердің жұмыс орнын тастап кетуіне рұқсат жоқ. Тәулік бойы теле­фон­­ның жанында отырады. Өйткені шыр ет­кен әр қоңыраудың артында адам тағдыры жа­тады.

– Өмір болған соң әртүрлі жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Қауіпті, қиын мамандық бол­са да қызықты сәттерге куә болып жатамыз. Кейде кішкентай балалар қоршауға басын кір­гізіп алады да қайта шығара алмайды. Мұн­дай сәттерде күле жүріп жұмысымызды көңіл­ді аяқтаймыз. Өзім қиындықтар мен стрестік жағ­дайлардың бәрін жұмыста «қалдырып», үйге көтеріңкі көңіл күймен қайтуға тыры­са­мын, – дейді тәжірибелі сүңгуір.

Қиын жағдайға тап болған адамның өмі­рін құтқару үшін күн сайын тәуекелге баратын, үнемі жан-жақты дайындықта жүретін, жаңа техникалар мен инновациялық технологиялар мең­герген Элона үздік қызметкер, сүйікті әйел, адал жар, қамқор ана. Әріптестерімен де тату, өз ортасында сыйлы. Өз білгенімен бөлі­сіп, жастарға бағыт сілтеуге қашанда дайын. Өзгелер үшін күн сайын өз басын қауіпке тіге­тін Элона жұмыстан тыс уақытта да айна­ласындағы адамдарға қол ұшын беріп, көмегін аямайды.

– Шақырған жерге барып, өз міндетімізді атқарып, алғыс алған кезде бар қиындықты ұмытып кетеміз. Адамдар рахмет айтып құ­шақ­тағанда, қуаныштан көзіне жас алып тұ­рып жақсы тілегін жаудырғанда, өркенің өссін деп бата бергенде, өзімізді өте бақытты сезіне­міз, – деп әңгімесін аяқтады Элона.

Мамандығыңызға деген адалдығыңыз алға жетелей берсін дейміз біз.

Серіктес жаңалықтары