«Қылмыстық іс ашылған»: Анасын іздеген Жәнібектің ісіне қатысты тың ақпарат айтылды

ымбат Досжанның сөзінше, Жәнібектің туған анасын іздеу кезінде "Кәмелетке толмағандар саудасы" бойынша қылмыстық іс ашылыпты.

«Қылмыстық іс ашылған»: Анасын іздеген Жәнібектің ісіне қатысты тың ақпарат айтылды
Жәнібек Савельев. Фото: qandastar.kz
1540

Журналист Қымбат Досжан әлеуметтік желіде анасын іздеген Жәнібекке қатысты жазба жариялады, деп хабарлады turkystan.kz stan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Қымбат Досжанның сөзінше, Жәнібектің анасын іздеу барысында тағы бір қылмыстың беті ашылған.

«Біз Жәнібектің анасын іздеп жүріп, 2004 жылы қылмыстық құрамның да болғанын ойламаған жерден анықтадық. Негізі қылмыскер емес, туған анасын іздеп жүр едік қой. Жәнібектің құжатында туған анасы деп жазылған әйел 2023 жылдың желтоқсанында табылған, бірақ бала басқа сияқты (ауысып кеткен), өйткені бірнеше ДНҚ анализ теріс шықты», – деп жазды Қымбат Досжан өз парақшасында.

Журналистің пайымдауынша, Жани Савельевтің, яғни Жәнібек Жұмағұловтың туған анасын іздеу кезінде ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы "Кәмелетке толмағандар саудасы" бойынша қылмыстық іс ашылыпты. Қазіргі таңда Арқалық қаласындағы полиция басқармасының тергеушілері күн-түн демей жұмыс істеп отырғанын да айтты.

«Әйелдерден ДНҚ анализ алып, клиникаға тапсырып жатыр. Арқалықта 6 наурызда полиция басқармасының басшылығы халық алдында есеп берген. Сол жиында Жәнібектің де мәселесі айтылыпты. Бұл проблеманы көтерген азаматқа да алғыс айтамыз, танысаңыздар, белгілеп кетіңіздер», – делінген жазбада.

Журналист зерттеу барысында бельгиялық әйелмен жеке сөйлескенін де айтып өтті.

«Сөз арасында «Бала асырап алғанда заң бұзылған жоқ па?» деген де сұрақ қойылды. Ол кісі «Бельгия тарапынан заң бұзылған жоқ» деді де, Қазақстанға қатысты бір адамның аты-жөнін атап, бала асырап алу үшін сол кісіге бәленбай мың еуро бергенін, өз елінде отырып Жәнібектің фотосы мен мәліметін алғанын, содан кейін ғана жолға шыққанын мәлімдеді. Бұл диалог ресми түрде заңдастырылып, заң органдарына тапсырылды. Жалпы Жәнібекке, тастанды балалар тағдырына қатысы болуы мүмкін деген адамдардың бәрі қазір бар, көзі тірі, білуімізше, тек 1 маман өмірден өткен. Тіпті медицина саласында 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан мамандардың да Жәнібекке қатысты ресми құжаттарда аты аталған, лауазымы жазылған, қолы қойылған», – делінген жазбада.

Жәнібектің ісін зерттей келе, баласын тастаған бірнеше әйел жеке басын куәландыратын құжатсыз босанып, қолхат жазып кетіп қалған екен.

«Кейбірі құжатын көрсетпей, аты-жөнін өтірік айтқан. Бір әйел өзі босанып, баланы екінші бір әйелдің атына жаздырып, перзентханада қалдырғанын білдік. Арқалықтың перзентханасын түртіп қалсаң, бір оқиға сау ете қалады. Осының бәріне жол берген, өз ісіне салғырт қараған қызметкерлер заң алдында жауап беруі керек деп санаймыз», – дейді Қымбат Досжан.

Серіктес жаңалықтары